Көнеден жеткен күбір
Көнеден жеткен күбір
433
оқылды
Міне, жыл басы саналған – Тышқан жылы күнтізбемізге кірді. Біздің халқымыз ежел­ден ай күнтізбесімен күнелт­кен. Бағзыдағы Майя кален­да­ры он үш айдан тұрады. Қа­зақтың жыл санау, жыл қайыру дәстүрі де осы он үш айға есептелген. Халықтық жыл санау есебінің нобайын VІІІ ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінен кездестіруге болады. Бұл тарапта ХІ ғасырда өмір сүрген атақты ғалым Махмұт Қашқари мұрасы да көп сырды қойнына бүгіп жатыр. Әйгілі «Шипагерлік баянның» авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Сумақы (тышқан). Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы харакеті көп, суыққолдылығымен қарақшылық жегіштігі мол, дәулет жиғыштығы күшті. Әлдіден қорыққыш, әл­сізді басынғыш, һалал, һарам шикілі-пысылы талғаусыз жегені ас болатын, өсексіз болса да ұлас­­тырмалы айласымен елді шулат­қыш, қырқыстырғыш. Ар-ұяты аз, ші­мірікпес, лыпылдаған сайқал, күлді-көмеш қулықтар мінез­демелік әй­гіленшілер көбірек болмақ» деп жазыпты. Жыл санау мен жыл қайырудың басы тышқаннан басталады. Қазақта жыл қайыру, яғни санау 12 жылдан тұрады, яғни 12 жыл бір айналым жиынтығын құрайды. 12 жылға 12 жан-жануардың аты қойылған: 1.Тышқан, 2.Сиыр, 3.Барыс, 4.Қоян, 5.Ұлу, 6.Жылан, 7.Жылқы, 8.Қой, 9.Мешін, 10.Тауық, 11.Ит, 12.Доңыз. Бір аңыздан «Шығыс күн­тізбесіндегі жыл қайыру аспанасты Түрік елінің ең бірінші ханы Қисаға-Тәңірдің кең көлемдегі аң аулау кезінде барлық аңдар қа­шып, судан жүзіп өтіп құтылуды ойлапты. Содан Іле өзенінен тө­мендегі тәртіппен жүзіп өтіпті. Бірінші болып суға тышқан, оның артынан сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, ең соңынан доңыз жүзіп өтіпті. Осы рет саны шығыс күнтізбесінде күні бүгінге дейін сақталып қал­ған» деген деректі ұшыраттық. Халықтың ырым-нанымы ғасырлар бойы жинақталған. Әр жылға сипаттама беріп, болжам жасайды. Мыңдаған жыл бойы түзілген жыл қайыру үрдісі үміт пен сенімге негізделеді. Жалпы, қа­зақтар тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған, бұл жылда жұрт молшылық пен береке, бейбітшілік пен тыныштық бола­ды деп есептепті. Қазақ хандығы 1456 жылы, яғни тышқан жылы құрылғаны белгілі. Қанжығалы Бөгенбай батыр 1684 – тышқан жылы туған екен. Осы заманғы астролог маман­дар тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін ая­ғына дейін жеткізетін мол жауап­­кершілікке ие болатынын айтады. «Әділ, кеңпейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса бі­летін қасиетінің арқасында та­ныс­тары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі бол­мағанымен, алға қойған мақса­тына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Үсті-басын таза ұстап, сақ жүреді. Той-думан, ырду-дырдудан бойын аулақ са­луға тырысады. Мінезі – тәкап­пар, сәл нәрсеге өкпелегіш. Олар­дан жақсы саудагер, жазушы, сын­шы және публицист шығуы мүм­кін» деген байлам жасайды астро­логтер. Жылдың өзіндік ерек­шеліктері де бар. Тышқан жылы – береке мен ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы. Табиғи белгісі – су. Бұл жылы туғандардың жаман жағы – қызғаншақ, сатқын, кейде шы­дамсыз, қырсықтау болып келеді екен. Мәшһүр Жүсіп наурыз ше­жіресін сонау Нұх пайғамбардың заманынан бастау алады деп, мы­нандай дерек келтіреді: «Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі-ұрғашысы араласып, сексен қа­ралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазығұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан тышқандай сүмірейіп шыққан соң тамақтарынан ас жүрмеген. Енді біз тірі болғанда неменеге жараймыз деп уайым-қай­ғы да болған. Сонан соң бір үй­ретуші табылып, арақ жасап іш­кен. Арақ ішкен соң: «Ішкен мас, же­ген тоқ, уайым да жоқ, қайғы да жоқ» бұрынғы күннің жаманын, жақ­сысын ұмытқан. Өздерінің аман қалғанына қызық, мереке, той жасаған. Сөйтсе, сол күнде ай есе­бімен санағанда, «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғам­бардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол Самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты, жұлдыз есе­бін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылып ұс­тап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен наурыздың то­ғы­зына дәл келіп, қыс пен жаз­дың ау­дарыс, төңкерісіне тұп-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есеп­тен біздің қазақ жұрты орысқа қара­ған­ша, аумай, жаңылмай ұстап келген». Тышқан жылының дүбірі басталды. Әз-Наурыз есік қағар күн алыс емес. Жұртшылық Наурызды «Көрісу» күнінен бастап кетті. Алайда биылғы Наурыз айы елді алаңдатып тұр. Коронавирус дерті әлемді жайлап барады. Әлем қазір адамзаттың амандығы үшін күресіп жатыр. Тышқан жылы келгенде жазғытұрым жауын-ша­шын мол болып, мал тоқ бола­ды. Малға жайлы болады. Қыста қар қалың болмайды. Еңбек еткен адамдардың жағдайы жақ­сы болады деседі. Бүгінгі ауырт­палықтың бәрі артта қалып, ел еңсесін тіктейтін, молшылық бола­тын жыл есік қақсын деп тілейік!  

Г. ТҰРҒАНБАЙ