Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі көрерменге фортепиано музыкасының кешін ұсынды.
Астанада фортепиано музыкасының кеші өтті
баспасөз орталығы
304
оқылды

Концерттік бағдарламада Д. Шостаковичтің №2 концерті, С. Рахманиновтың таңдамалы прелюдиялары және А. Скрябиннің этюдтері орындалды. Музыка кешінде әлемге әйгілі солистер өнер көрсетті:

Владимир Овчинников — Ресей және Башқұртстанның Халық әртісі, П.И. Чайковский атындағы және Лидстегі (Ұлыбритания) беделді халықаралық байқаулардың лауреаты. Оның шығармашылық жолы Лондондағы Корольдік филармония оркестрінен бастап, АҚШ, Еуропа мен Жапонияның үздік ұжымдарымен тығыз байланысты. Владимир Овчинников классикалық және романтикалық туындыларды терең түйсікпен жеткізетін шебер әрі мықты тәлімгер ретінде танымал.

 Юрий Богданов — Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының профессоры. Оның орындаушылық өнеріне асқан еркіндік, айрықша темперамент және авторлық ойды дәл жеткізу тән. Әсіресе, И.С. Бах, Ф. Шуберт және А. Скрябин шығармаларын интерпретациялауда Ю. Богдановтың өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Әлемнің ең таңдаулы сахналарында өнер көрсеткен пианист — беделді халықаралық конкурстардың жеңімпазы және мәртебелі «Steinway Artist» атағының иегері

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымдардың бірегейі. Оркестр 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды.