Президенттің 2026 жылды «Цифрландыру және ЖИ жылы» деп жариялауы ғылымның бағын ашуға тиіс.
Ғылым қашан мақтанышқа айналады?
коллаж: Елдар ҚАБА
233
оқылды

Science журналының жазуынша, әлемдегі ғылыми ашылымдардың 70 пайызға дейінгісі компьютерде, ғылыми бағдарламалық қамтылым арқылы жасалады екен. Мұның сыртында жасанды интеллектінің қарқынды дамуы медицинада, білім беруде, жалпы, ғылымның әр саласында серпінді дамудың тізбекті реакциясын туғызды. Әйткенмен, отандық ғылымда шешімін күткен проблема, орны толуға тиіс олқылық жетерлік.

Табыс әкелетін ғылым керек

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл салада реформа жалғасын тапты. Үкіметтің алдына ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру жүктелді. Себебі көбі қағаз жүзінде қалатын, архивтерді толтыратын іргелі ғылыми ашылымдар мен патенттер толып жатыр. Ал коммерцияландырылатын, нақты өнімге айналатын, нарыққа жол тартатын, иесіне де, елге де мол табыс әкелетін қолданбалы ғылыми ашылымдар мен жобалар некен-саяқ. 

Ғылыми жетістіктер, өнертабыстар деп ұсынып жүргенінің басым көпшілігі әлемде бұрыннан ойлап табылғанды жетілдіру ғана. Әлемді «аһ!» еткізетін ұлы жаңалықтар қайда? Мысалы, бұған дейін жаһандық қос алпауыт – АҚШ пен Қытай сирекжер металдарының кен орындары үшін күресіп келді. Себебі болашақ – электромобилде, электрлі акку­мулятор-батареяларда. Алайда жапон ғалымдары бұл салада дүниежүзілік революция жасады. Олар литий-ионды батареяларға балама технологияны – алюминий акку­муляторларын (Al-ion) ойлап тапты. Мұнда анод ретінде алюминий, катод ретінде графитті көбік қолданылады, ал электролит хлоралюминаттар негізінде дайындалады. 

Бұл технологияның басты артықшы­лықтары – басқа аккумулятор түрлерімен салыстырғанда бірнеше есе арзан, толық қауіпсіз, аса жылдам зарядталады (қазіргі электромобильдер бір және одан көп сағатта қуатталса, Al-ion-да бірнеше минут жетеді). Сонымен бірге зарядтау–разрядтау цикл­дарының саны 10 мың ретке дейін жарайды.

Токио тез қимылдап, алюминий аккуму­ляторларын өнеркәсіптік деңгейде өндіруге кірісіп кетті. Тапсырыс бірнеше жылға оза бекітілген. Жаңа технологияның адамзат үшін маңызы орасан: литий мен кобальт сияқты сирекжер металдар әлемнің санаулы ғана елінде шоғырланып, аккумуляторлардың жаһандық өндіріс тізбегінде бизнес үшін елеулі осалдық туғызды. Бұл ресурстың кө­біне ие Қытайдың қырсығуынан жеткізілімдер үзіліп қалып тұрады, биржалық алыпсатарлық күшейді, өндіру шарттарына байланысты саяси манипуляциялар жасалады. 

Бұл тәуелділік енді еңсерілмек: алюминий жер шарындағы ең кең таралған әрі қолжетімді металдың бірі. Айтқандай, бұған қоса «Күн­шығыс елі» синтетикалық алмас пен радио­активті изотоп негізіндегі аккумуляторды әзірлеуді қолға алды. Оның бір қуатталуы көлікті 100 жыл айдауға жетпек. Жапондық ғалымдар осылай адамзатты үлкен бір әуреден құтқаруға жақын. Қазақстандық ғалымдар ше?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы тарапта біраз сын айтты. Оның пайымдауынша, ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы сол бойы мардым­сыз. Мемлекет басшысы ірі, ілкімді жобаға айнал­ған, кіріске кенелткен жаңа патенттер, тех­но­логиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жоқтың қасы екеніне ерекше тоқталды. Сондықтан реформа аясын­­да биыл инновациялық саясат Өнеркә­сіп министрлігінен алып қойылып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беріледі. 

Министрлікке және Ғылым академиясына ғылыми институттар мен ЖОО-ларды үйлес­тірумен белсенді айналысу міндеті қойылды. ЖИ-ді кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік пен автономия берілмек. Өйткені ғалымдардың нақты қандай зерттеумен айналысатынын министр Саясат Нұрбектің командасы белгілейді екен.

Инвесторы теріс айналған сала

Қазақстан – дүниежүзіндегі ең үлкен далаға ие мемлекеттің бірі. Алайда ауыл өнімдерімен әлемді асыраушылардың ондығына да кірмейді. Бұл салаға ғылым дендей ене алар емес. Мемлекет басшысы қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емесін нықтады.

– Бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17%-дан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40%-ы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар. Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құруды тапсырғанмын. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары жоқ. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдану, сала өнімділігін арттыру жоспары болуға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Өз кезегінде Finprom мониторинг агенттігі Қазақстанда ғылым мен технологияға салы­натын инвестиция азайып келе жатқанына назар аудартты. Қазақстан өңірлерінің басым бөлігінде ғылыми-техникалық салаға бағыт­талған ұзақмерзімді, капиталды салымдар қыс­қарған. Жетістікке жету үшін қордаланған мәселелер шешілуге тиіс еді.

«Президент цифрландыру мен ЖИ-ді ел дамуының негізгі басымдықтары ретінде жа­риялады. Алайда жауапты тұлғалар бұл мін­деттің үдесінен шыға алмай отыр. Капи­талды салымдардың нақты құрылымы әзірге бұл басымдықтарға сәйкес келмейді. Эко­номиканың барлық бағытында дәл осы кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласына бағытталған инвестиция – ең төменгісі. Мысалы, көп жеңілдіктен, артық­шылықтарынан айырылған құрылыс сала­сының өзі одан 2,2 есе көп қаражат тартқан», –  деді «Финпром» сарапшылары.

Соңғы 1 жыл ішінде кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке салынған ин­вестициялар 2 еседей қысқарып, 2025 жылдың қаңтар-қарашасында небәрі 61 млрд теңгені құрады. Салыстыра кетсек, 2024 жылдың 11 айында 112,9 млрд теңге инвестиция салынған. Тіпті, пандемия өршіп, жұрт сыртқа аттап баса алмай қалған 2020 жылдың қаңтар-қарашасында ғылым саласы 92,9 миллиард теңге инвестиция тарта алыпты. Осыдан-ақ ғылымда деградация байқалатынын аңғаруға болады. 

Ұлттық статистистика бюросының мәлі­метіне жүгінсек, 2025 жылдың қаңтар-қара­шасында республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке инвестициялар көлемі 1,1 млрд теңгені ғана құрады. 2024 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1,6 млрд теңге болған-тын. Демек, мемлекеттік инвестиция да қарқынды қысқарып барады. Негізгі қысқарту жергілікті бюджеттер есебінен жү­зеге асырылды: өңір басшыларының ғалымдарға берген қаражаты 2 есеге азайып, 605,1 млн теңгеге дейін төмендеді. Респуб­ликалық бюджеттен бөлінген инвестиция 12,9%-ға өскенімен, абсолюттік мәнде мар­дымсыз болып қалып, бар болғаны 465,1 млн теңгені құрады.

Жеке инвесторлар да ғылымға теріс қарай бастады: сектордағы капиталды салымдар­дың ең елеулі қысқаруы кәсіпорындарға, бизнес субъектілеріне тиесілі: қаржылық салымы бір жылда екі есе төмендеп, бар-жоғы 52,6 млрд теңгені құрады. Бұл ғылыми-техникалық салада бизнестің инвестициялық белсен­ділігінің әлсірегенін аңғартады.

Осы орайда тосын бір үрдіс-тренд өркен жайды: ғалымдар, инноваторлар тобы, тіпті ғылыми-зерттеу институты өз жобасын ілгерілету үшін несие алады екен. 2025 жылы қарыз қаражат көздері есебінен капиталды салымдардың өсуі белең алды. Банктік емес қарыз есебінен инвестициялар екі есеге өсіп, 6,3 млрд теңгеге жетті. Банктерден алынған кредиттер есебінен салынған инвестиция да 15,2%-ға артып, 1,1 млрд теңгені құрады. Бірақ қарызданып-қауғаланған ғалым алысқа ұзамасы даусыз: инвестициялар құрылымында кредиттің үлесі шектеулі күйінде қалып, сектордағы жалпы құлдырауды өтей алмады.

Сөйтіп, жауапты тұлғалардың қырсыз ісінен кәсіби, ғылыми және техникалық қыз­мет саласы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылына» инвестициялардың жаппай қысқаруы жағдайында қадам басты. Президент Жолдауда ғылымның аграрлық бағытын өрістетуді жүктеді. Алайда сектордағы инвестициялардың басым көпшілігі Алматыда (10,9 млрд), Қарағанды облысында (9,6 млрд) және Астанада (7,6 млрд теңге) шоғырланып қалды, оның өзінде осы үш өңірдің екеуінде 2024 жылмен салыстырғанда төмендеу тіркелді. Ал аграрлық аймақтардың бірде-бірі ғылымға мол қаржы құйылуымен мақтана алмай тұр. Сарапшылар кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласына салынған инвестициялардың өңірлік көрінісі көңілсіз, нашар әрі теңгерімсіз күйінде қалғанын айтады. Бұл елдің цифрлық трансформа­циясының негізін қалыптастыратын секторда серпіннің жоғын, ескі инерциямен келе жатқанын көрсетеді.

Қазақ ғылымы немен айналысады?

Ғылым негізінен жетекші оқу орындары айналасында шоғырланған. Мысалы, қаңтарда Сәтбаев университетінің Физика-техникалық институтына берілген «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық қолдауымен «Мембран­эко» компаниясының кері осмосқа арналған мембраналық элементтерін сериялық өндіретін жоба іске қосылды. Жоба жетекшілерінің сендіруінше, іске қосылған өндірістің стра­тегиялық маңызы бар. Бұған дейін кері осмос мембраналары Қазақстанға толықтай шетел­ден әкелінетін. Енді технологияларды лока­лизациялау арқасында, әсіресе құрғақ өңірлерде, мысалы, Маңғыстау облысында су тазарту және тұщыландыруға арналған жоғары технологиялық шешімге қол жеткізілді. Жоба тұщы су тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етіп, экологиялық таза технология­лардың дамуына ықпал етуге тиіс.

Ғылым министрлігі мақтан тұтатын тағы бір жоба – биыл басталған құбырлар мен дәнекерленген қосылыстарды тат басудан, коррозиялық және пайдалану әсерлерінен қорғауға арналған, жылумен жиырылатын оқшаулағыш материалдар өндірісі. «Ғылым қоры» іске асырған бұл инновациялық өнім Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделіпті және мұнай-газ, энергетика және коммуналдық инфрақұрылым саласын­дағы құбыр жолдарын қорғауға бағытталған. 

Алматылық жас ғалым Айжамал Бай­сейітова цикорий өсімдігінің қасиетін жан-жақты зерттеп, оның диабетке қарсы тиімді әсері бар екенін ғылыми тұрғыда дәлелдепті. Инновациялық жоба бойынша ҚазҰУ ғалым­дары патент алған. Болашақта цикорийден дайындалған биологиялық белсенді қоспа, емдік шайды отандық нарыққа шығару жоспарланған.

Францияның жетекші ғылыми мекемесі CNRS-пен бірлесіп ашылған ZooStan Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми-зерттеу орталығына Франция үкіметі 1,05 млн доллар бөлді. Орталық ғалымдары соңғы бір миллион жыл ішіндегі адам мен жануарлар арасындағы өзара байланыстарды зерттеу арқылы адамзат қоғамының тарихи дамуын зерделейді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне соңғы 5 жыл ішінде 110 млн доллар көлемінде инвестиция тартылыпты. Мәселен, оның химия және материалтану бағытындағы ірі жобасының бірі – Farabi Chem Science кластері. 6,5 миллион долларды құрайтын кластер құрамына 9 ғылыми зертхана кіріп, экология, энергетика, дәрілік химия, мұнай химиясы және материалтану салаларында зерттеу жүргізеді. Ғалымдар отқа төзімді жабындардан бастап, медици­налық гидрогельдер мен таңғыштарға дейін жаңа өнімдер әзірлеп жатыр.

– Қазірдің өзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЕҰУ, Сәтбаев университеті, Kozybayev University сияқты жетекші зерттеуші университеттердің қорлары бар, солар бір жүйеге келтіріледі. Бізде өңірлік универси­теттер қиын жағдайда. Мысалы, Павлодардағы, Қарағандыдағы мықты мемлекеттік универ­ситеттерге, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне мемлекеттік зерттеуші университет мәртебесін бергіміз келеді, бірақ қаржылық тұрақтылық әлі төмен деңгейде, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат.

Президент былтыр университеттік ғы­лымды дамыту үшін «Ғылым және техноло­гиялық саясат туралы», эндаумент-қорлар туралы заңдарға тездетіп өмірге жолдама берді. Оларға бюджеттік емес қаражатты тартуға, ғылыми-зерттеулерді коммерция­ландыруға жағдай жасалды. Ғалымдардың еңбегі лайықты бағаланады, қаптаған байқау мен марапат ұсынылады, ғылыми қызмет­керлердің жалақысы көбейді, ғылыми атақтар үшін қосымша төлемдер кеңейтілді. Ұлттық ғылым академиясын мемлекет толығымен өз қамқорлығына алды. Енді тек ғалымдардан әлеуетін жеріне жеткізе пайдаланып, жетістігін жаһанға жарқырата паш ету қалды. Әзірге ол жағынан жалт қаратып отырғаны шамалы.

Елдос СЕНБАЙ