Science журналының жазуынша, әлемдегі ғылыми ашылымдардың 70 пайызға дейінгісі компьютерде, ғылыми бағдарламалық қамтылым арқылы жасалады екен. Мұның сыртында жасанды интеллектінің қарқынды дамуы медицинада, білім беруде, жалпы, ғылымның әр саласында серпінді дамудың тізбекті реакциясын туғызды. Әйткенмен, отандық ғылымда шешімін күткен проблема, орны толуға тиіс олқылық жетерлік.
Табыс әкелетін ғылым керек
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл салада реформа жалғасын тапты. Үкіметтің алдына ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру жүктелді. Себебі көбі қағаз жүзінде қалатын, архивтерді толтыратын іргелі ғылыми ашылымдар мен патенттер толып жатыр. Ал коммерцияландырылатын, нақты өнімге айналатын, нарыққа жол тартатын, иесіне де, елге де мол табыс әкелетін қолданбалы ғылыми ашылымдар мен жобалар некен-саяқ.
Ғылыми жетістіктер, өнертабыстар деп ұсынып жүргенінің басым көпшілігі әлемде бұрыннан ойлап табылғанды жетілдіру ғана. Әлемді «аһ!» еткізетін ұлы жаңалықтар қайда? Мысалы, бұған дейін жаһандық қос алпауыт – АҚШ пен Қытай сирекжер металдарының кен орындары үшін күресіп келді. Себебі болашақ – электромобилде, электрлі аккумулятор-батареяларда. Алайда жапон ғалымдары бұл салада дүниежүзілік революция жасады. Олар литий-ионды батареяларға балама технологияны – алюминий аккумуляторларын (Al-ion) ойлап тапты. Мұнда анод ретінде алюминий, катод ретінде графитті көбік қолданылады, ал электролит хлоралюминаттар негізінде дайындалады.
Бұл технологияның басты артықшылықтары – басқа аккумулятор түрлерімен салыстырғанда бірнеше есе арзан, толық қауіпсіз, аса жылдам зарядталады (қазіргі электромобильдер бір және одан көп сағатта қуатталса, Al-ion-да бірнеше минут жетеді). Сонымен бірге зарядтау–разрядтау циклдарының саны 10 мың ретке дейін жарайды.
Токио тез қимылдап, алюминий аккумуляторларын өнеркәсіптік деңгейде өндіруге кірісіп кетті. Тапсырыс бірнеше жылға оза бекітілген. Жаңа технологияның адамзат үшін маңызы орасан: литий мен кобальт сияқты сирекжер металдар әлемнің санаулы ғана елінде шоғырланып, аккумуляторлардың жаһандық өндіріс тізбегінде бизнес үшін елеулі осалдық туғызды. Бұл ресурстың көбіне ие Қытайдың қырсығуынан жеткізілімдер үзіліп қалып тұрады, биржалық алыпсатарлық күшейді, өндіру шарттарына байланысты саяси манипуляциялар жасалады.
Бұл тәуелділік енді еңсерілмек: алюминий жер шарындағы ең кең таралған әрі қолжетімді металдың бірі. Айтқандай, бұған қоса «Күншығыс елі» синтетикалық алмас пен радиоактивті изотоп негізіндегі аккумуляторды әзірлеуді қолға алды. Оның бір қуатталуы көлікті 100 жыл айдауға жетпек. Жапондық ғалымдар осылай адамзатты үлкен бір әуреден құтқаруға жақын. Қазақстандық ғалымдар ше?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы тарапта біраз сын айтты. Оның пайымдауынша, ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы сол бойы мардымсыз. Мемлекет басшысы ірі, ілкімді жобаға айналған, кіріске кенелткен жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жоқтың қасы екеніне ерекше тоқталды. Сондықтан реформа аясында биыл инновациялық саясат Өнеркәсіп министрлігінен алып қойылып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беріледі.
Министрлікке және Ғылым академиясына ғылыми институттар мен ЖОО-ларды үйлестірумен белсенді айналысу міндеті қойылды. ЖИ-ді кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік пен автономия берілмек. Өйткені ғалымдардың нақты қандай зерттеумен айналысатынын министр Саясат Нұрбектің командасы белгілейді екен.
Инвесторы теріс айналған сала
Қазақстан – дүниежүзіндегі ең үлкен далаға ие мемлекеттің бірі. Алайда ауыл өнімдерімен әлемді асыраушылардың ондығына да кірмейді. Бұл салаға ғылым дендей ене алар емес. Мемлекет басшысы қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емесін нықтады.
– Бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17%-дан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40%-ы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар. Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құруды тапсырғанмын. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары жоқ. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдану, сала өнімділігін арттыру жоспары болуға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Өз кезегінде Finprom мониторинг агенттігі Қазақстанда ғылым мен технологияға салынатын инвестиция азайып келе жатқанына назар аудартты. Қазақстан өңірлерінің басым бөлігінде ғылыми-техникалық салаға бағытталған ұзақмерзімді, капиталды салымдар қысқарған. Жетістікке жету үшін қордаланған мәселелер шешілуге тиіс еді.
«Президент цифрландыру мен ЖИ-ді ел дамуының негізгі басымдықтары ретінде жариялады. Алайда жауапты тұлғалар бұл міндеттің үдесінен шыға алмай отыр. Капиталды салымдардың нақты құрылымы әзірге бұл басымдықтарға сәйкес келмейді. Экономиканың барлық бағытында дәл осы кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласына бағытталған инвестиция – ең төменгісі. Мысалы, көп жеңілдіктен, артықшылықтарынан айырылған құрылыс саласының өзі одан 2,2 есе көп қаражат тартқан», – деді «Финпром» сарапшылары.
Соңғы 1 жыл ішінде кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке салынған инвестициялар 2 еседей қысқарып, 2025 жылдың қаңтар-қарашасында небәрі 61 млрд теңгені құрады. Салыстыра кетсек, 2024 жылдың 11 айында 112,9 млрд теңге инвестиция салынған. Тіпті, пандемия өршіп, жұрт сыртқа аттап баса алмай қалған 2020 жылдың қаңтар-қарашасында ғылым саласы 92,9 миллиард теңге инвестиция тарта алыпты. Осыдан-ақ ғылымда деградация байқалатынын аңғаруға болады.
Ұлттық статистистика бюросының мәліметіне жүгінсек, 2025 жылдың қаңтар-қарашасында республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке инвестициялар көлемі 1,1 млрд теңгені ғана құрады. 2024 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1,6 млрд теңге болған-тын. Демек, мемлекеттік инвестиция да қарқынды қысқарып барады. Негізгі қысқарту жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылды: өңір басшыларының ғалымдарға берген қаражаты 2 есеге азайып, 605,1 млн теңгеге дейін төмендеді. Республикалық бюджеттен бөлінген инвестиция 12,9%-ға өскенімен, абсолюттік мәнде мардымсыз болып қалып, бар болғаны 465,1 млн теңгені құрады.
Жеке инвесторлар да ғылымға теріс қарай бастады: сектордағы капиталды салымдардың ең елеулі қысқаруы кәсіпорындарға, бизнес субъектілеріне тиесілі: қаржылық салымы бір жылда екі есе төмендеп, бар-жоғы 52,6 млрд теңгені құрады. Бұл ғылыми-техникалық салада бизнестің инвестициялық белсенділігінің әлсірегенін аңғартады.
Осы орайда тосын бір үрдіс-тренд өркен жайды: ғалымдар, инноваторлар тобы, тіпті ғылыми-зерттеу институты өз жобасын ілгерілету үшін несие алады екен. 2025 жылы қарыз қаражат көздері есебінен капиталды салымдардың өсуі белең алды. Банктік емес қарыз есебінен инвестициялар екі есеге өсіп, 6,3 млрд теңгеге жетті. Банктерден алынған кредиттер есебінен салынған инвестиция да 15,2%-ға артып, 1,1 млрд теңгені құрады. Бірақ қарызданып-қауғаланған ғалым алысқа ұзамасы даусыз: инвестициялар құрылымында кредиттің үлесі шектеулі күйінде қалып, сектордағы жалпы құлдырауды өтей алмады.
Сөйтіп, жауапты тұлғалардың қырсыз ісінен кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылына» инвестициялардың жаппай қысқаруы жағдайында қадам басты. Президент Жолдауда ғылымның аграрлық бағытын өрістетуді жүктеді. Алайда сектордағы инвестициялардың басым көпшілігі Алматыда (10,9 млрд), Қарағанды облысында (9,6 млрд) және Астанада (7,6 млрд теңге) шоғырланып қалды, оның өзінде осы үш өңірдің екеуінде 2024 жылмен салыстырғанда төмендеу тіркелді. Ал аграрлық аймақтардың бірде-бірі ғылымға мол қаржы құйылуымен мақтана алмай тұр. Сарапшылар кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласына салынған инвестициялардың өңірлік көрінісі көңілсіз, нашар әрі теңгерімсіз күйінде қалғанын айтады. Бұл елдің цифрлық трансформациясының негізін қалыптастыратын секторда серпіннің жоғын, ескі инерциямен келе жатқанын көрсетеді.
Қазақ ғылымы немен айналысады?
Ғылым негізінен жетекші оқу орындары айналасында шоғырланған. Мысалы, қаңтарда Сәтбаев университетінің Физика-техникалық институтына берілген «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық қолдауымен «Мембранэко» компаниясының кері осмосқа арналған мембраналық элементтерін сериялық өндіретін жоба іске қосылды. Жоба жетекшілерінің сендіруінше, іске қосылған өндірістің стратегиялық маңызы бар. Бұған дейін кері осмос мембраналары Қазақстанға толықтай шетелден әкелінетін. Енді технологияларды локализациялау арқасында, әсіресе құрғақ өңірлерде, мысалы, Маңғыстау облысында су тазарту және тұщыландыруға арналған жоғары технологиялық шешімге қол жеткізілді. Жоба тұщы су тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етіп, экологиялық таза технологиялардың дамуына ықпал етуге тиіс.
Ғылым министрлігі мақтан тұтатын тағы бір жоба – биыл басталған құбырлар мен дәнекерленген қосылыстарды тат басудан, коррозиялық және пайдалану әсерлерінен қорғауға арналған, жылумен жиырылатын оқшаулағыш материалдар өндірісі. «Ғылым қоры» іске асырған бұл инновациялық өнім Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделіпті және мұнай-газ, энергетика және коммуналдық инфрақұрылым саласындағы құбыр жолдарын қорғауға бағытталған.
Алматылық жас ғалым Айжамал Байсейітова цикорий өсімдігінің қасиетін жан-жақты зерттеп, оның диабетке қарсы тиімді әсері бар екенін ғылыми тұрғыда дәлелдепті. Инновациялық жоба бойынша ҚазҰУ ғалымдары патент алған. Болашақта цикорийден дайындалған биологиялық белсенді қоспа, емдік шайды отандық нарыққа шығару жоспарланған.
Францияның жетекші ғылыми мекемесі CNRS-пен бірлесіп ашылған ZooStan Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми-зерттеу орталығына Франция үкіметі 1,05 млн доллар бөлді. Орталық ғалымдары соңғы бір миллион жыл ішіндегі адам мен жануарлар арасындағы өзара байланыстарды зерттеу арқылы адамзат қоғамының тарихи дамуын зерделейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне соңғы 5 жыл ішінде 110 млн доллар көлемінде инвестиция тартылыпты. Мәселен, оның химия және материалтану бағытындағы ірі жобасының бірі – Farabi Chem Science кластері. 6,5 миллион долларды құрайтын кластер құрамына 9 ғылыми зертхана кіріп, экология, энергетика, дәрілік химия, мұнай химиясы және материалтану салаларында зерттеу жүргізеді. Ғалымдар отқа төзімді жабындардан бастап, медициналық гидрогельдер мен таңғыштарға дейін жаңа өнімдер әзірлеп жатыр.
– Қазірдің өзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЕҰУ, Сәтбаев университеті, Kozybayev University сияқты жетекші зерттеуші университеттердің қорлары бар, солар бір жүйеге келтіріледі. Бізде өңірлік университеттер қиын жағдайда. Мысалы, Павлодардағы, Қарағандыдағы мықты мемлекеттік университеттерге, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне мемлекеттік зерттеуші университет мәртебесін бергіміз келеді, бірақ қаржылық тұрақтылық әлі төмен деңгейде, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат.
Президент былтыр университеттік ғылымды дамыту үшін «Ғылым және технологиялық саясат туралы», эндаумент-қорлар туралы заңдарға тездетіп өмірге жолдама берді. Оларға бюджеттік емес қаражатты тартуға, ғылыми-зерттеулерді коммерцияландыруға жағдай жасалды. Ғалымдардың еңбегі лайықты бағаланады, қаптаған байқау мен марапат ұсынылады, ғылыми қызметкерлердің жалақысы көбейді, ғылыми атақтар үшін қосымша төлемдер кеңейтілді. Ұлттық ғылым академиясын мемлекет толығымен өз қамқорлығына алды. Енді тек ғалымдардан әлеуетін жеріне жеткізе пайдаланып, жетістігін жаһанға жарқырата паш ету қалды. Әзірге ол жағынан жалт қаратып отырғаны шамалы.
Елдос СЕНБАЙ