"Демалысты бұзды": Қарағанды тұрғыны әуе компанияны сотқа беріп, моральдық зиян өндіріп алды

Сот актісі заңды күшіне енді.

Қарағанды тұрғыны "Астана – Фукуок – Астана" бағыты бойынша жалпы құны 420 мың теңгеге төрт әуе билетін сатып алған. Ұшуға бір тәулік қалғанда әуе тасымалдаушы жолаушыға рейстің тоқтатылғанын хабарлаған. Салдарынан ол сотқа жүгінген,  деп хабарлайды Aikyn.kz.  Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады. 

Рейстің тоқтатылуына себеп – овербукинг, яғни әуе кемесіндегі орын санынан артық мөлшерде билеттердің сатылуы. Балама ретінде әуе компания  билеттің құнын қайтаруды немесе бастапқы жоспарланған күннен 2 тәулікке кеш ұшатын "Алматы  Дананг Алматы" бағытына ауыстыруды ұсынған. Ал жолаушы билет ақшасын қайтаруды таңдаған. Сөйтіп, оған ақшаның бір бөлігі   274 мың теңге қайтарылған.

Соған қарамастан жолаушы өзіне келтірілген материалдық шығын мен моральдық зиянды алға тартып, тур агенті мен әуе тасымалдаушыны сотқа берген.  

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 соты істі қарау барысында "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 86-бабы  4-тармағына сілтеме жасап, жолаушыны уақытылы жеткізбеу және рейсті тоқтату үшін жауаптылық тікелей әуе тасымалдаушыға жүктелетінін көрсетті. Сот мәліметінше, тур агенті тасымалдауды жүзеге асыруға жауапты тарап саналмайды. Сол себепті олар жауапкершіліктен босатылды. Ал овербукингке жол беріп, рейсті тоқтатқан әуе тасымалдаушының әрекеттері жолаушыға келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттелді. Осыған байланысты әуе компаниядан 50 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.

Апелляциялық саты соты бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды.