Маңғыстауда 42 жастағы өгей әке 13 жастағы қызын зорлаған

Ер адам соңғы уақытта еш жерде жұмыс істемеген, бұрын сотты болмаған, сондай-ақ психиатриялық және наркологиялық есепте тұрмаған.

Маңғыстау облысында 42 жастағы ер адамға қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында қайғылы жағдай тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға Шетпе кентінде болғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам 20 қаңтар күні көз жұмған. Ал 24 қаңтарда полицияға 13 жастағы қызға жыныстық зорлық көрсетілгені туралы арыз түскен.

Тексеру барысында марқұмның өгей қызына қатысты ауыр қылмыс жасағаны анықталған. Ер адам соңғы уақытта еш жерде жұмыс істемеген, бұрын сотты болмаған, сондай-ақ психиатриялық және наркологиялық есепте тұрмаған.

Аталған дерек бойынша, полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау») бойынша қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қамтамасыз етіледі. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.