Зеренді ауданында “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан заңсыз аң аулау бойынша Зеренді аудандық соты үкім шығарды.
Табиғатқа қиянаттың соңы түрме: Зеренді ауданында заңсыз аң аулағандар жазаланды
Фото: shutterstock
316
оқылды

Үш адам сібір еліктерін парк аумағында атып әкеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Бұл өңірдегі заңсыз аң аулауға қатысты екінші айыптау үкімі болып отыр. 

Сот ұлттық парк аумағында заңсыз аң аулауды ұйымдастырған азамат Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша айыпты деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырса, жанындағы серіктері 2 жыл 8 айға қамауға алынды. Сонымен қатар қылмыс жасау кезінде қолданылған автокөлік тәркілеуге алынған. Алқабилердің қатысуымен болған сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамағанымен, прокуратура олардың толықтай жауапкершілігін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп берді. 

– Бұл Зеренді ауданында жыл басынан бері “Заңсыз аң аулау” бабы бойынша екінші айыптау үкімі болып отыр. Былтырғы жылы аң аулау және балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін 400-ге тарта адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8,5 миллион теңге айыппұл арқалаған еді. Ал бірыңғай сотқа дейінгі тергеу реестрінде 11 қылмыстық іс тіркелген, – дейді Ақмола облыстық прокуратурасынан. 

Облыс прокуратурасы аң аулаушылар мен балықшыларды заңнаманы қатаң сақтап табиғат ресурстарына ұқыпты қарауға шақырды. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.