Әділет министрі сондай-ақ Конституциядан сот санкциясынсыз ұстау мерзімін нақтылауды алып тастау керек екенін атап өтті.
Ерлан Сәрсембаев: Конституция азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, негізгі қағидаттарды айқындауға тиіс
Фото: видеодан скриншот
216
оқылды

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтің айтуынша, Конституция азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, жекелеген тетіктерді емес, негізгі қағидаттарды айқындауға тиіс. Министр бұл туралы Астанада өтіп жатқан Конституциялық комиссия отырысында айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының 13-бабында заңда көзделген жағдайларда заң көмегі белгіленген. Заң көмегін көрсету түрлерін «тегін» деген сөзбен шектемей, оны заң аясында қарастыру ұсынылады. Бұл бір жағынан, кепілді заң көмегі мемлекет есебінен жүргізілетінін, ал екінші жағынан, адвокатура және өзге де заң қоғамдастығы өкілдері оны өз қаражаты есебінен дербес көрсете алатынымен байланысты. Бұл дегеніміз халыққа, әсіресе әлеуметтік осал санаттары үшін заң көмегін көрсетудің әртүрлі нысандарын дамыту. Осы орайда, қорғау құқығы еліміздің азаматтары үшін негізгі іргелі құқықтардың бірі ретінде өзгеріссіз қалатынын атап өткім келеді, – деді министр.

Әділет министрі сондай-ақ Конституциядан сот санкциясынсыз ұстау мерзімін нақтылауды алып тастау керек екенін атап өтті. 

– Сот санкциясынсыз ұстау мерзімінің ұзақтығына да назар аударғым келеді. Конституцияның 16-бабына енгізілетін түзетулер жобасының ұсынылған редакциясында ұстау мерзімін нақтылау шамадан тыс көрінеді. Бұл жөнінде бұған дейін Бас прокуратура өкілі де атап өткен болатын. Қолданыстағы Конституция шартсыз түрде адамның заңсыз ұсталуынан сот арқылы қорғауға және бақылауға кепіл береді. Бұл заң шығарушыға ұстаудың негізделген шекті мерзімдерін тиісті заң аясында бекітуге негіз береді. Осыған байланысты Конституция аясында шамадан тыс нақтылауды алып тастау ұсынылады.

Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының 16-1-бабының жаңа редакциясы, бұған дейін де айтылғандай, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге сөзсіз бағытталған. Қолданыстағы редакцияда жекелеген ережелер Конституцияның 77-бабында көзделген, оларды Негізгі заңның 1-бөліміне көшіру ұсынылады. Атап айтқанда, кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа қайтадан тартуға жол бермеу, заңның кері күшін қолдану мәселелері және өз кінәсіздігін дәлелдеуден босату сияқты қағидаттар. Конституция – ол жоғары заңдық күшке ие бола отырып, азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, оларды қорғаудың кепілдіктерін белгілей отырып, жекелеген тетіктерді емес, негізгі қағидаттарды айқындауға тиіс, - деді Ерлан Сәрсембаев.