Ата заңның жаңа нормалары әділдік, заңдылық және қоғамдық келісім сияқты рухани тұғырлардың өзара байланысын тереңдете түседі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституциялық комиссия отырысында сөйлеген сөзінде айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аида Балаеваның айтуынша, Президент ұсынған реформалар кезекті түзетулер емес, Қазақстан азаматтарының сұранысы ескерілетін заң мен тәртіпке негізделген ел дамуының ұзақ мерзімді тың моделі.
«Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді одан ары күшейтетін қарымды қадам. Осы орайда, атап өтетін тағы да бір ерекшелік, осынау аталған құндылықтардың болашақ сайлау жүйесінің жаңа форматтағы көрінісі. Әңгіме саяси партиялардың рөлі мен партиялық тізімнің орны туралы. Сайлаушы бұл ретте жеке азаматқа емес, ең лайықты деген тұлғалардың ортақ ойына, озық идеяларына дауыс береді. Бұл ел өміріне саяси бәсекеге сапалы сараптама, мазмұнды пікірталас сияқты қажетті дүниелерді әкеліп қана қоймайды. Ең бастысы, бұл саяси партияларды өз сайлаушыларының үміті мен мүддесін дәл түсінуге және елдің ортақ мақсатына қызмет ететін маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мемлекет пен азамат арасындағы шын мәніндегі алтын көпірге айналуын тездетеді», – дейді Аида Балаева.