Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жаңа преамбула Президенттің жуырда жариялаған тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленген нұсқа екенін айтты.
Конституция мәтіні жаңа мазмұнда, жаңа мағынада қайта жазылды – Ерлан Қарин
211
оқылды

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, Конституцияның жаңашылдығы - түзетулердің көптігінде емес, жаңа тұжырымдамалық мазмұнында, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин осылай деді.

«Конституция - тек заң нормаларының жиынтығы ғана емес. Кез келген елдің Конституциясы сол мемлекеттің, қоғам дамуының басты құндылықтарын, қағидаттарын, бағдарларын бекітетін құжат. Кеше Конституцияның жаңа мәтінін таныстыру барысында мәтіннің 84 пайызы өзгеріске ұшырағаны айтылды. Яғни жаңа баптар, жаңа бөлімдер Конституцияның құрылымын айтарлықтай өзгертті. Конституцияның жаңашылдығы – түзетулердің көптігінде емес, ең алдымен оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Баптар мен бөлімдер тек редакциялық өзгерістерге ғана ұшыраған жоқ, Конституция мәтіні жаңа мазмұнда, жаңа мағынада қайта жазылды», - деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жаңа преамбула Президенттің жуырда жариялаған тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленген нұсқа екенін айтты. 

«Мағынасы мен ішкі рухы жағынан мүлдем жаңа преамбула. Жаңа нұсқада, біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жарияланды. Екіншіден, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттігіміздің негізі ретінде айқындалды. Үшіншіден, соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған әділет, заң және тәртіп, табиғатты аялау сияқты құндылықтар алғаш рет Конституцияда бекітілуде. Төртіншіден, алғаш рет Конституцияның кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Қысқаша айтқанда, жаңа преамбула өткенімізді, кім болғанымызды, бүгінгі күннің қағидаттарын және ертеңгі күннің бағдарын белгілеп отыр, − деді Ерлан Қарин.