Қосшы қаласында мәдени-сауықтыру кешенінде өткен хореография сабағы кезінде 10 жастағы қыз бала көз жұмды. Екі бірдей жедел жәрдем көлігі дереу көмек көрсетпек болғанымен, баланы ажалдан арашалау мүмкін болмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем қызметіне 29 қаңтар күні күндізгі сағат 16.18-де қыздың бас ауруы және жүрек айнуы жөніндегі шағымына байланысты шақырту түскен. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, баланың денесінде жарақат болмаған, дене қызуы көтерілмеген және құрысу белгілері байқалмаған. Қыздың өміріне тікелей қауіп төндіретін белгілер болмағандықтан, шақырту жеделдіктің 4 санатына жатқызылған. Алайда біраз уақыттан соң науқастың жағдайы күрт нашарлағаны туралы қайта хабар түскен.
– Осыған байланысты сағат 16.34-те шақырту 2 санатқа ауыстырылып, №4 мобильді бригадасына берілді. Шақырту сағат 16.34-те қабылданып, жедел жәрдем оқиға орнына сағат 16.37-де жеткен. Дәрігерлердің баланы ажалдан арашалауға барынша тырысқанымен, оны құтқару мүмкін болмаған. Баланың қайтыс болу себебі сараптама нәтижелері бойынша анықталатын болады. Қазір жағдайды объективті бағалау үшін барлық қызметтердің әрекетіне тексеріс жүргізіліп жатыр, – дейді Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.
Қыздың анасының айтуынша, бала бронхиалды демікпемен зардап шеккен. Баланы жедел жәрдемге анасы мен әпкесі көтеріп кіргізген. Дәрігерлер жедел жәрдем келгенге дейін биологиялық өлімнің болғанын тіркеген.
Аталған суыт оқиғаға байланысты полиция да ресми түсініктеме берді.
– Кәмелет жасына толмаған қыздың өлімі Қосшы қалалық полиция бөлімінде тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық жағдайларын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, сабақ кезінде қыздың денсаулығы нашарлап кеткен. Тексеріс нәтижелері бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады, – деді Ақмола облыстық Полиция департаментінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы