Республика Президентін мерзімінен бұрын лауазымынан босату негіздері мен тәртібін реттейтін конституциялық ережелер толықтырылды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституцияның жобасындағы үшінші «Президент» бөліміне тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралған және мүлде жаңа ережелер енген.
– Онда ел Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының Қазақстан Республикасының біртұтас халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді деген норма қарастырылды. Республика Президентіне үміткерлерге талаптар нақтыланды. Ең жоғары лауазымды тұлға болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып саналатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын, жоғары білімді және мемлекеттік қызметте, сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесі бар Қазақстан азаматы сайлана алады, — деді ол.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жекелеген нормалар Президентті сайлау науқанын өткізу және ант беру мерзімдерін бекітеді. Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына, кадрлық мәселелерге, нормашығармашылық функцияларына қатысты өкілеттіктерін реттейтін ережелер енді.
– Мемлекет басшысының өз еркімен орнынан түсуге құқығы нақты жазылып отыр. Ондай рәсімдер Конституциялық сот арқылы жүретін болады. Ары қарай Президент өкілеттіктерінің белгіленген тәртіппен Конституцияда анықталған лауазымды тұлғаларға – вице-президентке, Құрылтай төрағасына немесе Премьер-Министрге өту рәсімдері басталады. Оларды реттейтін нормалар да нақтыланды. Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Конституциялық сотқа тиісті өтініш береді. Конституциялық сот осы тұлғаның өтінішті өзі және өз еркімен бергенін растайтын қорытынды береді. Республика Президенті лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, кетірілген немесе қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай Президент сайлауын өткізу туралы жариялайды. Ол сайлау екі ай ішінде өткізіледі, деген нормалар ұсынылып отыр, – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.