Қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары ұғымы төңірегінде түрлі пікір мен талқылау болды.
Жаңа Конституцияның жобасында рухани-адамгершілік құндылықтар БҰҰ нормаларына сай нақтыланды – Ерлан Қарин
Фото: Конституциялық соттың баспасөз қызметі
231
оқылды

Мемлекеттік кеңесші  Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, жұртшылық парламенттік реформа туралы ғана емес, жалпы Конституцияға қатысты да ұсыныстар жолдаған,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ерлан Қарин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін атап өтті.

«Конституцияның жаңа мәтініне ұсынылып отырған жаңа мәселелер, жаңа нормалар, басқа да өзгерістер тек қана осы ғимараттың қабырғасында комиссия өз жұмысын бастаған уақыт ішінде ғана пайда болған жоқ. Бұл – жарты жыл бойы ел азаматтарынан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен келіп түскен түрлі бастамалар жемісі. Осы күнге дейін жүргізілген түрлі талқылаудың нәтижесі. Жұртышылық eOtinish, eGOV платформаларында ашылған арнайы бөлімге парламенттік реформалар туралы ғана емес, жалпы Конституцияның құрылымы мен мазмұнына қатысты да өз ұсыныстарын жолдаған болатын», деді Ерлан Қарин.

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші - Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жаңа Конституцияның жобасында өзгеріске ұшыраған жекелеген баптардың мән-мағынасына тоқталды.

«Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары ретінде егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, төл мәдениетті сақтау және қолдау көрсетілген. Аталған норма жаңа преамбуламен өзара үндесіп отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Осы қағидаттарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Сондай-ақ төл мәдениетті сақтау қағидаты алғаш рет конституциялық деңгейде бекітіліп отыр», деді ол.

Ерлан Қариннің айуынша, рухани-адамгершілік құндылықтар БҰҰ нормаларына сай нақтыланды.

«Қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары ұғымы төңірегінде түрлі пікір мен талқылау болды. Бұл мәселені комиссия мүшелері Қарлығаш Жаманқұлова, Әділ Балтабай және басқа да қатысушылар көтерді. Аталған ұсыныстар қабылданып, БҰҰ-ның халықаралық актілеріне сәйкес түзетулер енгізілді. Осыған байланысты жаңа мәтінде комиссия мүшелерінің ұсыныстары толық қамтылды»,  деді Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин.