Қабылдау кезінде интернет-алаяқтық мәселесіне де ерекше назар аударылды.
«AMANAT»: азаматтар депутаттар мен әкімдік өкілдеріне түрлі мәселемен жүгінді
171
оқылды

Осы аптада «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңдары тұрғындармен тікелей диалог орнатудың тиімді тетігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Астана, Семей, Шымкент қалаларының, сондай-ақ өзге де өңірлердің тұрғындары депутаттар мен әкімдік өкілдеріне қауіпсіздікке, қаржылық тұрақтылыққа және әлеуметтік қорғауға қатысты өзекті мәселелермен жүгінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Мәселен, партияның Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау алаңында Мәжіліс депутаттары екі қабылдау өткізді. Сейсенбі күні елорда тұрғыны Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайға мүлік иелері бірлестігі туралы заңнамаға қатысты мәселемен жүгінді. Оның айтуынша, қолданыстағы нормалар қарапайым азаматтарға бірқатар қиындық туғызып отыр. Осыған байланысты, қала тұрғыны заңнаманы жетілдіру мәселесі бойынша ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ қабылдау барысында кәсіпкер өзіне тиесілі дүкенді рейдерлік жолмен тартып алу әрекеті туралы мәлімдеді. Депутат бұл мәселені жеке бақылауына алып, тиісті тергеу жүргізу және шара қабылдау үшін құзырлы органдарға ақпарат жолдады.

Қабылдау кезінде интернет-алаяқтық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жалғызілікті ана өз атына белгісіз тұлғалар шамамен 19 млн теңге көлемінде несие рәсімдегенін айтты. Депутат азаматтарға қандай қорғаныс тетіктері қолжетімді екенін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар қабылдау барысында ерекше қажеттілігі бар балаларды емдеу жұмысын ұйымдастыру мәселесі де талқыланды.

Бейсенбі күні Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл азаматтарды қабылдады. Елорда тұрғындары бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер, несие жүктемесі, жұмысқа орналасу және медициналық көмек мәселелерін көтерді. Өзекті мәселелердің бірі – қарыз жүктемесі бар азаматтарға төлем кестесін ресімдеу. Еркін Әбіл жағдайды реттеуге қатысты нақты қадамдарды түсіндірді. Сондай-ақ жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктері, оның ішінде еңбек құқығы мен мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламалары талқыланып, түрлі кеңес берілді. Барлық өтініш тіркеліп, оларды заң аясында шешу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Өңірлік қоғамдық қабылдау бөлмелері де тұрғындармен белсенді жұмыс жүргізді. Шымкентте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар білім беру, мәдениет және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Ауған соғысының ардагерлері №127 мектепке бір батырдың есімін беруді ұсынды. Депутат қазіргі уақытта білім беру ұйымдары мен көшелерге атау беруге мораторий бар екенін түсіндіріп, бұл мәселенің алдағы уақытта қаралатынын атап өтті.

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Имашев кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік сала мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді. Қала тұрғыны жауын-шашын кезінде жүріп-тұру қиындайтын көшеде арық жүйесін жүргізуге көмек сұрады. Депутат аудан әкімдігімен жедел байланыс орнатып, мәселені нақтылау және шешімін жеделдету бойынша тиісті шара қабылдады.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Қостанайда қалалық мәслихат депутат Дмитрий Павленко азаматтарды жеке қабылдап, әлеуметтік және құқықтық мәселелерді талқылады. Тұрғындар жұмысқа орналасу, таныстарына уақытша берілген үй жануарларын қайтару, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері туралы өз сұрақтарын қойды. Әрбір өтініш иесіне түсініктеме беріліп, бірқатар мәселе кешенді түрде қарау үшін депутаттың жеке бақылауына алынды.

Семейде қалалық мәслихат депутаты Ақмарал Мұрат азаматтарды қабылдап, тұрғын үймен қамтамасыз ету, материалдық көмек көрсету және жұмысқа орналасу мәселелеріне назар аударды. Жұмысынан айырылып, күтпеген шығындарға байланысты қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтың мәселесіне мән берілді. Депутат оған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы сарапшыларынан жеке кеңес алу арқылы қаржылық сауаттылықты арттыру және қарыз мәселесінің алдын алу жолдарын ұсынды.

Батыс Қазақстан облысында әкімдердің орынбасарлары жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, тұрғын үй жағдайы және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады. Барлық өтініш бойынша жан-жақты түсініктеме беріліп, проблемалық сұрақтар салалық ведомстволардың бақылауына алынды. Ал тым күрделі жағдайлар кезінде сарапшылар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің қатысуымен бірлескен кездесулер ұйымдастырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM  арнасынан табасыз.