Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде белгіленуі - Қазақстанның құқықтық дамуындағы маңызды әрі уақтылы қадам деп саналады. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жидеқұлова Гүлқыз Егенқызы мәлімдеді.

– Бұл қағидат Конституцияның барлық бөлімдерінде көрініс тауып, мемлекеттің адамға бағдарланған саясатын айқын көрсетеді. Жоба Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық құқықтық құжаттардың талаптарын ескере отырып әзірленген. Соның нәтижесінде азаматтардың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны кеңейіп, оларды іске асыру мен қорғаудың құқықтық кепілдіктері күшейтілді.
Әсіресе өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуір жағдайында жеке деректерді қорғау және «Миранда ережесінің» Конституцияда бекітілуі құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіші деп санаймын. Сонымен қатар, сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелерінің қамтылуы қоғамның зияткерлік дамуына оң әсер етеді. Жалпы алғанда, Конституция жобасы - заңгерлер мен сарапшылардың, депутаттардың бірлескен еңбегінің нәтижесі және ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамуына бағытталған маңызды құжат деп есептеймін, – дейді профессор Гүлқыз Егенқызы.