Түркістан облысы Қазығұрт аудандық филиалында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Ашировтың қатысуымен кезекті қоғамдық қабылдау өтті.
Тұрғындар мәселесі елеусіз қалмайды
145
оқылды

Азаматтардың сұраныстарын тыңдау кездесуі партияның халықпен кері байланысын күшейтуге, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді тікелей талқылауға бағытталды.

Депутаттардың тұрғындармен өткізген ашық пікір алмасу кездесуіне Қазығұрт ауданы әкімдігінің сала жет­екшілері қатысып, көтерілген сауалдар бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қосымша мағлұматтар берді. Кездесуде азаматтардың нақты талап­тары тыңдалып, оларды шешудің тиімді жолдары талқы­ланды. Ауданның әлеу­меттік-экономи­калық дамуына және тұрғындар үшін жайлы өмір сапасын қамтуға бағытталған жобаларға депутаттық деңгейде қолдау көрсетілетіні айтылды.

Кездесуде өзекті мәселе ретінде ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмір сапасын арттырумен байланысты сауалдар көтерілді. Соның ішінде инва­такси қыз­ме­тін қаржыландырудың жет­кі­ліксіздігі айтылып, арнайы оңалту орталығын ашу мәселесі қозғалды. Жауапты өкілдердің айтуынша, инватакси қызметіне қосымша қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу про­цедуралары өткізілген. Осы санаттағы азаматтардың медициналық мекемелерге, әлеуметтік ұйымдарға, білім беру және өзге де қо­ғам­дық орындарға кедергісіз жетуі­не мүмкіндік жасауда 4 жеңіл автокө­лік қарастырылған. Инватаксидің норма­тивтер бойынша қызмет атқаруы қада­ғалауда болады.

Ауданда арнайы Оңалту орталығын ашуды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асыру мүмкін­діктері зерде­ленетін болып шешілді. Бұрын осы тәсіл негізінде психоне­врологиялық патологиясы бар және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мү­гедектігі бар бала­ларға оңалту қызмет­тері көрсетілгені айтылды. Атап өтуіміз керек, қазір аудандық орталық ауруханада 20 орындық оңалту орталығы ашылып, осы санаттағы азамат­тарға қызмет көрсетіп отыр.

Қабылдауға келген Шарбұлақ ауылының тұрғыны Қазығұрт-Тұрбат облыстық маңы­­зы бар автомобиль жолының бүгінгі жағ­дайына алаңдау­шылығын білдіріп, аталған жол учас­кесінде шамадан тыс жүк артқан ауыр салмақтағы жүк көлікте­рінің қозға­лысына шектеу қоюды ұсынды. Сон­дай-ақ оқыс жағдайлардың алдын алуда апатты деп танылған Шарбұлақ орта мектебінің ғимаратын бұзу бойынша жедел шешім қабылдануына ықпал етуді сұрады.

Аталған мәселелер бойынша аудан әкімдігі тиісті мемлекеттік органдарға ұсын­­ысхаттар жолдағаны белгілі болды. Жол сапасын қадағалауда шамадан тыс жүк артқан автокөліктерді анықтап, олардың қозғалысына тосқауыл қою рейдтік шара­ларын жүргізу, тозығы жеткен ғимаратты қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып бұзу мәселелері депутат­тық қадағалауға алынып, олар бойынша нақты жұмыстардың жүргі­зілуіне қозғау салынатын болды.

Еңбекші, Өндіріс елді мекендерін газбен қамту мәселелерімен жүгінген тұрғындарға жоба-сметалық құжаттар әзірленгені, осы жобаларға қаржы бөлу мәселесі депуттардың назарына алынғаны айтылды. Сондай-ақ Қызылдихан елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт салу бастамасы да қадаға­лауда тұрғаны мәлімделді. Ауылдағы ескі мектептің ғимаратын жөндеуден өткізіп, аталмыш нысанға Тұрбат ауылдық ауру­ханасы мен Қызылдихан фельд­шерлік-акушерлік пунктін орналастыру жоспары бар екені жеткізілді. 

Қабылдау барысында Сарыағаш–Жылға–Монтайтас–Рабат–Сұлтан рабат автожолының Қызылдала елді мекені аумағындағы жол учаскесін жөндеуден өткізу сұранысы айтылды. Аталған жол бөлігін орташа жөндеуге қаржы қаралғаны, құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқ­талатыны хабарланды. Жаңабазар ауыл­дық округіне қарасты Жеңіс елді мекенінде типтік үлгідегі 150 орындық мек­теп ғимара­тын салу бойынша сұранысқа жоба-сметалық құжаттар әзірленгені айтылып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін бюджеттік өтінім берілетіні мәлімделді.   

Ал Қызылтаң орта мектебіне қосымша ғимарат салу мәселесімен жүгінген тұр­ғынға мектептің жобалық сыйым­дылығы 640 оқушыға арналғаны, екі ауысымда барлығы 1280 оқушыға білім беруге әлеуеті жететіні түсіндірілді.

Қазір мұнда 920 бала білім алады, оған қоса осы елді мекенде зияткерлік мектебі жұмыс жүргізеді, осы дәйектерді келтірген сала жетекшілері мектепке қосымша ғимарат салудың объективті себептері жоқ екеніне назар аударды.  

Қабылдауға келген Атбұлақ ауылы­ның тұрғыны бұл елді мекен көршілес Төлеби ауданымен әкімшілік-аумақтық шекара бөлігінде орна­ласқанын алға тартып, он шақты тұрғын өздеріне тиесілі жер учас­келерін Қазы­ғұрт аудан­ындағы мем­лекеттік орган­дарда заңдастыра алмай отырғанына шағымын айтты.     

Қабылдауға келген азаматқа екі аудан арасындағы жер учаскелерін рә­сімдеу тәртібі Қазақстан Республи­ка­сының Жер кодексі мен жер қатынас­тары саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Жер учаскесін рәсімдеу құқығы сол жер орналасқан Төлеби ауданының әкімдігіне тиесілі екені айтылып, Қазығұрт ауданының әкімдігі бұл мәселе бойынша келісім бермейтіні және жеке-дара шешім қабыл­дай алмайтыны атап өтілді. 

Сондай-ақ азаматтардан жерге қа­тысты «Түгейболат» өндірістік коопера­тивінің иелігіндегі пай үлесі бар жайлым жерлерді қайтару мәселесі көтерілді. Пай үлесі бар азаматтар қол қойған арыз не­гіз­інде бұл мәселе бойынша арнайы жұ­мысшы топ құрылып, кооперативтің иелігіндегі жерлерге мони­торинг жұмыс­тарын жүргізеді деп шешілді.

Қабылдауға келген бірқатар азамат баспана алу, әлеуметтік көмекке мұқ­таждық, футбол алаңшасын салу өтін­іш­терімен жүгінді. Партияның облыстық филиалының төрағасы мен облыстық мәслихат депутаты Қазығұрт ауылының тұрғыны, ерекше күтімді қажет ететін 5 адамның қамқоршысы болып отырған көпбалалы ананың үйіне барып, тұрмыс жағдайымен танысты. Өмірлік қиын жағдайға тап болған бұл отбасының әлеу­меттік ахуалы аудан әкімдігінің, аудан­дық партия филиалының және депутаттардың қадағалауына алынды.

Елнар ЕЛТАЙ