Елімізде авиация саласын дамыту бас­ты бағдарға айнала бастады. Соның нә­ти­жесінде Еуропа мен Азия арасындағы авиа­хабқа айналу діттеледі.
Әуе тасымалының әлеуеті артты ма?
154
оқылды

Мемлекеттің алға қойып отырған бағдары бойынша, әуе­жол көлігі, әуежүк тасымалы, халық­ара­лық деңгейде әуежайларды қалып­тас­тыру негізі мақсат болып тұр. Егер авиация с­аласы қарқынды дамып, Орталық Азия­дағы ең ірі авиапарк құрылса, ел бюджеті есе­лене түспек.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тай­дың бесінші отырысында авиация саласын да­мытудың маңыздылығын атап, жаңа ха­­­лықаралық рейстерді іске қосу, аза­мат­тар­дың әлемді еркін аралауына жол ашу, ха­лықаралық көлік-транзитін дамыту қа­жет екенін жеткізді. Сондай-ақ саладағы ол­қылықтарды қозғап, Үкіметке тиісті тап­сырма жүктеді. 

Үкімет дерегінше, Қазақстан арқылы 2023 жылы 13 миллионға жуық жолаушы та­сымалданған, ал әуежүк тасымалы 130 мың тоннаны құраған. 2024 жылы қазақ­стан­дық әуекомпаниялар 14,7 млн адам тасмалдады. Бұл – алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 11%-ға артық. Сондай-ақ қыз­мет көрсетілген жолаушылардың саны 14 пайызға өсіп, 29,7 миллион адамды құ­рап­ты. Әуежүк тасымалы  141 мың тон­на­дан асыпты. Ал бізге белгілі, 2025 жылдың 10 айында әуекөлігімен 13,1 миллионнан аса адам тасымалданып,  26,6 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетіліп, 140 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Осы­лай­ша, Қазақстанда жыл сайын әуета­сы­ма­лы, жолаушылар тасымалы 10-15%-ға артуда. 

Алматы қаласы халықаралық әуежайы жаңа терминалының өткізу мүмкіндігі жы­лына 14 миллионға, Шымкент әуежайы 800 мыңнан 6 миллионға, Қызылорданың «Қор­қыт Ата» әуежайы 300 мыңнан 2 млн жо­лаушыға дейін өсті. Пропорционалды түр­де жылдан-жылға әуежол көлігін пай­далану жағы артып келеді. Биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлар құ­рылысы тәмамдалып, Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы ту­ристік маусымда Зайсан әуежайы алғаш­қы рейстерді қабылдайды. Сонымен бірге Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қай­та жаңғырту, Ақтау әуежайының пер­ро­нын жөндеу және Атырау әуежайы тер­ми­налын жаңарту басталады. Әйтсе де, бұл көр­сеткіштермен тоқмейілсуге әсте бол­майды. 

Еуропа мен Азия арасындағы көпір

Елдің авиация саласында жолаушылар, жүк тасымалы бойынша бірқатар іс қолға алынды. Көлік министрлігі дерегінше, ішкі ком­мерциялық әуе маршруттарының саны 42 бағытты құрап, аптасына 643 рейс қа­тынайды. Сонымен қатар өңірлердің әуекөлік қолжетімділігіне көңіл бөлінуде. Биыл 26 ішкі бағытты субсидиялау көз­деліпті. Шетелдік әуекомпанияларын тар­ту, халықаралық рейстер санын арттыру мақсатында елдің 17 халықаралық әуе­жайын­да «ашық аспан» режимі қолданы­лады. Халықаралық маршруттық желі 30 елді қамтитын 135 бағытқа дейін кеңей­тілді, аптасына жалпы 626 рейс жиілігімен был­тырдан бастап Гуанчжоу, Шанхай, Будапештті санағанда, жалпы 35-тен астам жаңа бағыт ашылды. 

Еуразиялық франчайзинг қауым­дас­ты­ғының басшысы, белгілі эко­номист Бек­нұр Қисықов авиация саласын дамы­ту­дың экономикалық тиімділіктері мол еке­ніне сенімді. Бірақ авиапарк құру ісі ор­та жолда қалып, шаруа шалағай болып кет­пеуін қадағалау қажет. Ол дамыған ел­дердегідей бір орталыққа бағынған, қа­зақ­тың ұлттық авиакомпаниясын құру идея­сын дұрыс бастамаға балайды.

– Еуразия кеңістігінде Қазақстанның авиахаб құруы, локациялық, эко­но­ми­ка­лық, әуеқозғалысының уақытын үнемдеу жа­ғынан өте тиімді. Таяу Шығыстағы, Ресей – Украина арасындағы қақтығыстар сал­дарынан ол жақтарда ұшу қауіптілеу. Ұшақ­тар Еуропа мен Азия арасында ұшу үшін 3 мың шақырым біздің үстімізден өте­ді. Солардың 10 пайызы қонса да пайда. Ал бізде оларды қабылдайтын авиапарк жоқ­тың қасы. Air Astana, Qazaq air ком­па­ниялары бұл межені орындай алмайды, әуе­жайларда жекешеленіп кеткен. Да­мы­ған державаларда АҚШ-тың American Airlines, Түркияның Turkish Airlines, тіпті Өзбекстанның Uzbekistan Airways сияқты ұлттық әуекомпаниялары сол елдің эко­но­ми­касының күретамырына әлде­қа­шан ай­нал­ған. Жаңадан Астана, Алматы, Түр­кі­­­­­станнан үлкен терминалдар салу керек. Бірақ бастама соңына дейін орындалса екен. Сондықтан ұлттық бағдарлама қа­был­­дап, бір орталыққа бағынған Qazaq Airlines деп аталатын әуежолдарын құру өте дұрыс шешім, – деп санайды эко­но­мист. 

Кадр тапшылығын ескеру керек

Көлік министрлігінің мәліметінше, жыл сайын авиация саласында 500-600-ге жуық маман жетіспейді. Ал Азаматтық авиация академиясында бас-аяғы 2 мың­ның төңірегінде маман оқып жатыр. Соған қарамастан, ұшақ тізгіндейтін ұшқыш, қоз­ғалтыш жөндейтін инженер, әуежай­ларда­ әртүрлі  персонал тапшылығы сезі­леді. 

Қазақстандық инженерлердің АҚШ, Түркия, іргедегі Өзбекстан мен Қыр­ғыз­стан­да табанды еңбек етіп жүргенін оқта-тек­те медиадан байқап қаламыз. Білікті кадр керек екенін сала өкілдері біліп отыр. Азаматтық авиация академиясының ака­де­миялық мәселелер жөніндегі депар­та­мент директоры Аркен Советжанұлы да маман тапшылығы барын жасырмайды. Формалды оқытудан өндірістік тәжірибеге негізделген, халықаралық стандарттар бойынша ағылшын тілін меңгере отырып ма­ман дайындаған жөн деп біледі. 

– Көпшілік авиацияда тек ұшқыштар жетіспейді деп ойлайды. Шын мәнінде, кадр тапшылығы әлдеқайда кең ауқымда. Бү­гінде нарыққа әуекемелеріне тех­ни­ка­лық қызмет көрсететін инженерлер, авиа­ция­лық қауіпсіздік мамандары, әуеқо­з­ға­лысын ұйымдастыратын диспетчерлер, әуе­жайлар мен авиакомпанияларды бас­қарушы менеджерлер, ұшқышсыз ұшу ап­параттары саласының мамандары, цифр­лық жүйелер мен деректерді талдау ин­женерлері қажет. Халықаралық кәсіби ор­тада техникалық, сервистік ағылшын тілін білген жөн. Сондай-ақ ICAO, EASA, FAA стандарттары мен  қазіргі авиацияның күнделікті талаптарын игерген абзал. Фор­малды оқытудан нақты практикаға негіз­дел­ген модельге көшу авиацияның іл­герілуі­не септігін тигізеді, – деді ол. 

Авиапарк пен авиаотын басты назарда

Энергетика министрлігінің мәліметін­ше, өндірісті ұлғайту 2030 жылдарға қарай жоспарланып отыр және шамамен 1,5 млн тон­наға жетеді. Осыған байланысты авиа­ция­лық отынды импорттауға мұқтаж бола береміз. Мамандар авиаотынға кететін шығындарды азайту мақсатында көптеген ке­лісімге қол жеткізгендерін мәлімдеді. Мә­­­­селен, ЕАЭО аумағынан тыс өндірілген авиациялық отынды импорттауды әр­тарап­тандыру, Еуразиялық экономикалық ко­миссия шеңберінде авиациялық отынды им­порттық кедендік баждардан босату, әуе­тасымалдарын жүзеге асыру кезінде пай­даланылатын жанар-жағармай импор­тын ҚҚС-тан босату секілді амалдар бар.

Мемлекеттің авиацияны дамыту жос­пары бойынша авиапарктерді жаңарту ісі көзделген. Авиапарктерді дамыту, жанар-жа­ғармай тапшылығы өз ретімен ше­шіл­мек. Бұл туралы Көлік министрлігіне қа­рас­ты Азаматтық авиация комитеті төр- а­ға­сының орынбасары Сәрсен Жарылғасов айт­ты. Салаға жауапты маманның сөзіне қара­ғанда, сұраныс артқан сайын саладағы қа­жеттіліктерге сай жұмыс атқарылып жат­­қанға ұқсайды. 

– 2025 жылы отандық әуеком­па­ния­ларының әуекемелері паркі 12 жаңа ұшақ­пен толықтырылды. 2026 жылдың соңына дейін әуекомпаниялар тағы 9 әуекемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Жалпы, әуе­паркі шамамен 118 әуекемесін құрайтын бо­лады. Авиациялық отын өндірісінің шек­теулі болуына және мұнай өңдеу зауыт­тарында жоспарлы жөндеу жұмыс­та­ры­ның жүргізілуіне байланысты азаматтық авиация саласы жыл сайын авиакеросин тапшылығына тап болып отыр. Көлік ми­нистрлігі Энергетика министрлігімен бір­лесіп, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-на әуе­компанияларын жанармаймен қам­та­ма­сыз ету үшін қазақстандық әуежайлар инфрақұрылымына тікелей қолжетімділік берді. Қабылданған шаралардың нәти­же­сінде қазақстандық әуежайлардағы авиа­ция­лық отынның орташа бағасы бір тонна үшін 1,3 мың доллардан 1 мың долларға дейін төмендетілді. Ірі шетелдік жүк та­сы­малдаушы әуекомпанияларымен жұмыс іс­телуде. «ҚазМұнайГаз – Аэро» делдал­дар­сыз тікелей әуекомпанияларына жа­нар­­май құю көлемін ұлғайтуды жос­пар­лап отыр, осыған байланысты авиациялық отын бағасы кезең-кезеңімен төмен­деті­леді, – дейді комитет төрағасының орын­басары.

Ұшақтардың жанар-жағармай қажет­тілігі сезіліп жатыр. Азаматтық авиация ко­митеті берген деректерге сүйенсек,  2023 жыл өндіріс – 637 мың тонна, тұтыну – 832 мың тонна, ал 2024 жылы өндіріс – 681 мың тонна, тұтыну – 866 мың тонна, 2025 жы­лы өндіріс – 662 мың тонна, тұ­тыну 1 млн 73 мың тонна болған. Тап­шы­лықты жою үшін отандық мұнай өңдеу зауыт­та­рын­да авиациялық отын өндірісі­нің кө­ле­мін жүйелі түрде арттыру қажет боп тұр. 

Мемлекеттік меже – Еуразияның бе­дел­ді авиахабына айналу. Осының не­гі­зінде авиацияны дамыту, саладағы кем­ші­ліктерді жою мақсатында 2026-2030 жыл­дарға арналған кешенді бағдарлама бекі­тіл­ді. Авиация саласын бақылайтын цифр­­лық e-Freight ақпараттық жүйесі ен­­гі­зіліп жатыр. 25 жылдан асқан ескі ұшақ­­тар мәселесі қайта қаралмақ. 2026 жыл­­дан бастап әлемге әйгілі 7 сағаттан ар­­тық ұшатын Boeing ұшақтары жеткізіл­мек. Сонымен бірге АҚШ сияқты мұхит аса­тын елдерге тікелей рейс ашу діттелуде. Атал­­ған ой, жоспарлаған дүниелер көңіл қуан­­тады. Егер авиация саласының бойы­на қан жүгірсе, біздің елдің әуеқозғалысы жан­данып, экономикасы қарқынды да­мып, халық әлемнің кез келген қиырына ер­кін ұша алар еді.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ