Әлем көз тіккен УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі бітті. Алматылық «Қайрат» футбол клубының даңғыл жолы осымен тәмам.
Кәрі құрлыққа жорық: аяқталған «ертегі»
222
оқылды

Соңғы турда лондондық қарсылас «Арсеналмен» текетіресіп, бір сүйсініп қарайтын ойынға ұласты. Азулы қарсыластан 3:2 есебімен жеңілсек те, «Эмирэйтс» стадионын бір шулатып алғанымыз тағы бар. Өйткені жалпы кезеңді бірінші орынмен аяқтаған «Арсенал» футбол клубы 8 матчта қарсыластарынан 4 гол ғана өткізген. Соның екеуі қазақстандық ұжым еншісінде.  

Жалпы, Чемпиондар лигасында еліміздің командасы осыдан 10 жыл бұрын ойнаған еді. Ол кезде елордалық «Астана» футбол құрамасы топтық кезеңде ойнап, керемет сенсациялық нәтижелер тіркеген. Иә, көп жағдайда аутсайдер командалар назардан тыс қалып жатады. 10 жыл бұрынғы нәтижелерді алматылық «Қайраттан» біз де күттік, сеніміміз де мол болды. Алайда формат мен футбол ойнау дәстүрінің өзгеріске ұшырағаны аз да болса ықпалын тигізгені рас. Дегенмен «Қайраттың» өткізген осы 8 ойыны тарих сахнасына жазылып, ел аузында әлі талай айтылары сөзсіз. 

«Сары-қаралардың» лигадағы жолын бір шолып өтейік. Чемпиондар лигасының жаңа форматы биыл екінші рет тәжірибеден өтіп отыр. «Әзірге ешқандай даусыз әрі әділ өтіп жатыр» деп пікір білдірген еді мамандар. Қайрат негізгі кезеңде сегіз ойын өткізіп, тек бір ұпаймен шектелді. Иә, қарсыластарымыз Еуропада үздік саналып жүрген командалар болғандықтан олардан ұпай алу қиынның қиыны. Десе де, кейбір матчтардың тағдыры өз қолымызда тұрғандай көрінген еді. Алғашқы ойынды Португалияның бірнеше дүркін чемпионы «Спортингке» қарсы өткіздік. Есеп 4:1. Одан кейінгі ойын Алматы қаласында карольдік клуб «Реал Мадридке» қарсы өтті. Бұл ойында 0:5 есебімен айқын басымдық испаниялық командаға тиесілі болды. 3-тур Миланда өтті. Ол кездесуде «Интерге» қарсы ойнап, 2:1 есебімен жеңіс қожайындарға бұйырды. Ал Грекияның «Олимпиакосына» минималды есеппен (0:1) есе жібердік. Келесі қарсылас «Копенгагенге» біраз қысым жасасақ та, даниялық команда жеңісті жұлып алып кетті. Есеп 2:3. Өз алаңымызда Бельгияның «Брюггесіне» 1:4 есебімен ойсырай ұтылсақ, Кипрдің «Пафосымен» тарихи бір ұпайға қол жеткіздік. 

Соңғы турда «канонирлер» 3:2 есебімен «Қайраттан» басым түсті. Иә, барлығы «Қайраттың» гол соғатынына мүлде сенбеді. Тіпті ірі есеппен ұтылады дегендер де аз болмады. «Арсенал» алматылық ұжыммен жолықпас бұрын өткізген 7 ойынның барлығында жеңіске жетіп, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмаған. Әсіресе, «Арсенал» қорғаушылары келген шабуылдың бәріне тосқауыл қойып, сауатты қорғана білді. Оған дәлел 7 ойында небәрі 2 ғана голды қақпасына өткізген болатын. Оның бірі «Интер» болса, бірі «Бавария». Енді осы тізімге 2 гол соғып «Қайрат» та қосылды. Матч соңында «Эмирэйтс» стадионындағы жанкүйерлер қол шапалақтап, «Қайратқа» ізгі ілтипатын көрсетті.

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Чемпиондар лигасы жалпы кезеңіндегі «Арсеналға» қарсы матчтан кейін баспасөз мәслихатында ойынға қатысты пікірін айтқан болатын. 

– Біздің футбол ертегіміз аяқталды деп айтсақ болады. Баға жетпес тәжірибе алғанымызға өте қуаныштымыз. Біз топ-клубтарды Қазақстанға әкелдік. Бұл біздің басты жеңісіміз. Осы серпін арқылы елдегі футболдың дамуы одан әрі қарқын алады. Ойынға келетін болсақ, біз топ-командамен кездестік. Жітіттерді өздерін толық беріп ойнағаны үшін әрі кей жерлерде сапалы ойын көрсеткені үшін мақтадық. Алғашқы минуттарда біраз шатасып қалдық. Стадионның әсері болған шығар. Біз қарсыластың ойынын қапталға қарай бағыттауға және тіке пас өткізбеуге келістік. Соншалықты жылдам гол жібергеніміз есімде жоқ. Қарымта шабуылда пенальти алғанымыз жақсы болды. Сол гол болмаса, психологиялық тұрғыдан ойнау әлдеқайда қиын болар еді. Менің ойымша, бұл матчты лайықты өткіздік, – деді бас бапкер. 

Иә, жалпы кезеңге өткеніміз үшін «Қайратқа» алғыс айтуымыз қажет-ақ. Себебі мұндай деңгейдегі турнирлер тек команда үшін ғана емес, ойыншылар үшін де маңызды болғаны өтірік емес. Бас бапкер бұған дейін «Қайраттың» жалпы кезеңге шығуының өзін жетістік санап, қалған матчтарды жан рақаттары үшін ойнайтынын жеткізген еді. Спорт сарапшысы Дидар Есемовтің айтуынша, «Қайрат» клубына жалпы кезеңде өз алаңымыздағы жеңістер жетіспеді. 

– Қайраттың Чемпиондар лигасындағы жолы өте әсерлі болды деп ойлаймын. Жалпы кезеңге шығады деп ешкім күткен жоқ. Соған қарамастан, команда осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш әрі қазақ футболының жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі. Дегенмен жалпы кезеңде өз алаңымызда жеңістер жетіспеді. «Пафос» секілді клубтарды ұта алатындай әлеуетіміз бар еді, бірақ жолымыз болмады. Соған қарамастан, «Қайраттың» әлеуеті жоғары екені анық. Бұған сырт алаңда соғылған голдар айқын дәлел. Аздаған тәжірибе жетіспеген тұстар да болды. Егер жыл сайын жалпы кезеңге шығып отырсақ, алдағы уақытта жеңістер мен нақты жетістіктер де міндетті түрде келеді, – дейді сарапшы.

Сонымен қоса спорт коментаторы «Қайраттың» келер жылдағы өнеріне болжам жасады.

– Келесі маусымда Чемпиондар лигасына шығуды болжау өте қиын. Себебі қарсыластар әзірге белгісіз, жеребенің қалай түсетіні де үлкен рөл атқарады. Мұндай факторлардың барлығын ескермей, алдын ала нақты болжам айту оңай емес. Дегенмен мұндай жетістік тұрақты түрде қайталанады деп кесіп айтуға да әлі ерте. Өйткені «Қайраттың» топтық кезеңіне шығуы белгілі бір деңгейде жолымыздың болғанын да көрсетті. Сондықтан қазір тұрақтылық туралы айту қиын. Алайда бұл нәтиже клубтың әлеуеті бар екенін, дұрыс бағытта жұмыс жүргізілсе, мұндай мүмкіндіктер алдағы уақытта да туындауы мүмкін екенін аңғартады, – дейді Дидар Есемов.

Тағы айта кететін жайт, «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасына қатысып қана қоймай, қомақты қаржыға кенелді. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққаны үшін «Қайрат» 18,62 миллион еуро (шамамен 11,23 миллиард теңге) көлемінде сыйақы алды. Сонымен қатар бір тең ойын үшін клуб қазынасына тағы 19,32 миллион еуро (шамамен 11,65 миллиард теңге) түсті. Еурокубок маусымы толық аяқталғаннан кейін бұл сомаға телетрансляция және маркетингтік құқықтарды сатудан түскен қосымша төлемдер қосылады.

Өкініштісі, маусым аяқталғаннан кейін «Қайраттан» бірқатар ойыншының келісімшарты аяқталды. Олардың бірі – 28 жастағы жартылай қорғаушы Гиорги Зариа. Грузиялық ойыншы алматылық клуб сапына 2024 жылдың басында қосылған еді. Ол алғашқы ресми матчында-ақ дебют жасап, бірден гол соғып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген. Жалпы алғанда, Гиорги Зариа «сары-қаралар» жейдесінде 59 матч өткізіп, 16 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді. Осы көрсеткіштерімен ол «Қайрат» клубының тарихында өз есімін алтын әріппен қалдырды. Одан бөлек, бас бапкер тағы да командадан Егор Сорокин, Юг Станоев, Валерий Громыко кететінін хабарлаған болатұғын. Спорт сарапшысы Дидар Есемовтің сөзінше, «Қайрат» жаңа ойыншыларды алуды көздеп отыр. 

– Зариа мен Громыконың кетуі «Қайратқа» айтарлықтай қиындық туғызады деп айта алмаймын. Себебі Зариа бұл маусымда бұрынғыдай жоғары деңгейде ойын көрсете алған жоқ. Ал Громыконың «Қайраттағы» жолы аяқталды деп есептеймін. Қазір клуб тұрақты, орталық жартылай қорғанысқа жаңа ойыншы іздеп жатқандай әсер қалдырады. Өйткені дәл осы аймақта кадрлық қажеттілік бар. Қазір трансферлік кезең жүріп жатыр, құрам жаңарып келеді. Егер сапалы жаңа ойыншылар қосылса, «Қайраттың» еурокубоктарда бәсекеге түсіп, жоғары мақсаттар үшін таласуына толық мүмкіндік бар, – дейді ол.

Қорыта айтқанда, «Қайрат» осы маусымда әр футбол жанкүйерін сөзсіз эйфорияға бөледі. Көрші Өзбекстан елі Әлем чемпионатына іріктеліп жатқан кезде біз біраз кенжелеп қалған едік. Енді міне, атақ-даңқы жер жарған УЕФА Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, бұл турнирдің қожайыны аталып кеткен «Реал Мадридтің» өзі Алматыда доп тепті. Әлем жұлдызы Килиан Мбаппемен бір стадионда, бір ауаны жұтып отырмын деген халық қарасы да керемет көңіл сыйласты. Осылайша, «сары-қаралар» үшін еурокубок маусымы ұмытылмас сәттерге толы болды. «Қайрат» футбол клубы қаншалықты біз күткен нәтижені көрсете алмаса да, халықты біріктіре алды. Сұрапыл командалардың жанында қауқарлы екенімізді дәлелдеді.

Әсет ҚАЛИ