Облыс орталығында ақпанның 1-нен 2-сіне қараған түнінде өмірден үмітін үзген екі адамның өмірі құтқарылды. Облыстық ауруханада өткен донорлық процесс транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың үйлестіруімен өткізілген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 67 жастағы әйел адам Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға ми қан тамырларының ауыр зақымдануымен шұғыл түрде жеткізілген. Дәрігерлер науқаста аневризманың жарылуын және оған асқынған ауқымды басішілік қан құйылуды анықтаған. Бірнеше тәулік бойы медицина қызметкерлері оның өмірі үшін күрескенімен, өкінішке қарай, науқасты аман алып қалу мүмкін болмапты. Дәрігерлік консилиум шешімімен бас миының өлімі тіркелген.
– Ұйымдастырылған донорлық үдеріс аясында қайтыс болған адамның екі бүйрегі алынып, жедел түрде «Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы» ЖШС-на жеткізілді. Трансплантация оталары сәтті өтіп, ұзақ уақыт бойы кезек күткен Астана қаласының 1975 және 1994 жылы туған екі тұрғынына жаңа өмір сыйлады, – дейді Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі донор отбасының бұл адамгершілікке толы әрі тағдырлы шешімі үшін шынайы алғысын білдірді. Аталған қадам өмір үшін күрескен екі бірдей адамға толыққанды өмір сүруге үміт сыйлады.
Ресми мәлімет бойынша, бұл – 2026 жылдың басынан бергі үшінші донорлық үдеріс. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 4,5 мыңнан астам адам өмірлік маңызы бар ағзаларды трансплантациялауды күтуде.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.