Астанада «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі Республикалық кеңес отырысы өтті.
Инклюзивті білім берудің игілігі
112
оқылды

Жиын барысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды және мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу нысандарымен қамту, сондай-ақ оқу бағдарламалары мен жұмыс жоспарларын бейімдеу мәселелері және техникалық, кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді дамыту шаралары талқыланды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, партия қызметкерлері және бейнеконференц-байланыс режимі арқылы өңірлердегі басқарма басшылары қатысты.

Сөз басында «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова елімізде жаңа Конституция жобасы әзірленгенін және осы жұмыс ашық әрі жария түрде жүргізілгенін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, еліміздің барлық өңірінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Мұндай белсенді талқылаудың себебі де түсінікті. Өйткені Конституция – бүкіл ел өмір сүретін негізгі ережелер жиынтығы. Бүгін әрбір азаматтың Қазақстанның болашағына өз үлесін қосуға белсенді азаматтық ұстанымын ұсыныстар мен саналы қатысу арқылы білдіруге толық мүмкіндік бар. Ата Заң жобасы қоғамда жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және экономикалық өзгерістерді көрсетіп, ел дамуының жаңа бағдарын, оның ішінде білім, ғылым, инновациялар саласындағы басымдықтарды айқындап, адами капиталды дамытуды ең басты орынға қойған басты құжат саналады», – деді партия Хатшысы.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасының орынбасары Ерлан Абдиев жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағытталған, прогрессивті құжат екенін атап өтіп, оның іргетасында адамға бағдарланған ұстаным жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қоғамда инклюзивті ортаны дамытуда, соның ішінде Қазақ­станның білім беру жүйесін ілгерілетуде ерекше маңызды.

«Бүгінде ұлттық деңгейде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол – осыған дейін атқарылған жұ­мыстың жүйелі жалғасы. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV оты­р­ысында берген тапсырмасы, сондай-ақ Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бастамасы негізінде дайындалды. Бүгінде Мәжіліс қабырғасында талқыланып жатқан бұл заң жобасы балалардың медицинаға, білімге және әлеуметтік қызметтерге үздік­сіз қолже­тімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл балалардың сапалы білім алуымен қатар, қоғамда табысты әлеуметтенуі үшін де аса маңызды», – деді Ерлан Абдиев.

Бұл ретте, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тең құқығын қамтамасыз ету мақсатында ол­ар­ға сапалы білім беру және қолжетімді орта құру негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мың бала өсіп келеді. Оның ішінде, мектепке дейінгі жаста – 71 мың, мектеп жасында – 166 мың. Мүмкіндігі шектеулі балалардың басым көпшілігі – психикалық дамуы тежелген балалар. Олардың үлесі – 34,3% болса, сөйлеу тілінің бұзылысы бар балалар 32%-ды құрайды. Бүгінде инклюзивті білім беру жағдайында бала­бақшаларда – 49 200, мектептерде – 138 700, колледждерде 5 400 бала білім алуда. Әр баланың білім алу қажеттілігі психоло­гиялық медициналық педагогикалық консультацияларда (ПМПК) бағаланады. Ол үшін елімізде 124  ПМПК қызмет етеді. 2026 жылы тағы 8 сегіз ПМПК ашу жоспар­лануда», – деді вице-министр.

Сондай-ақ жиын барысында Қарағанды, Ақмола облыстарындағы және Шымкент қаласындағы білім басқармасының басшылары баяндама жасады.

Іс-шараны қорытындылай келе, «AMANAT» партиясының Хатшысы Шол­пан Каринова алдағы уақытта қабыл­данатын барлық шешім мен шараның өзегінде балалар тұруға тиіс екенін атап өтті. Ал түпкі мақсат – нағыз инклюзивті орта құру. Оқу жылы аяқталар тұста болашақ түлектер өз кәсіби бағыт-бағдарын таңдап, білім алатын оқу орнын таңдай алатынына көз жеткізу маңызды. Оның ішінде, ныса­на­лы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға түсу мүмкіндігі бар. Бұл келешекте ерекше қажеттілігі бар түлектерді жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Санитарлық және құрылыс нормалары да назардан тыс қалмауға тиіс. ПМПК-ға, оңалту кабинеттеріне және ресурстық орталықтарға қатысты тиісті құрылыс нормалары қажет. Осы мәселе әлі де толық шешімін таппай отыр. Сондықтан бүгін жиын барысында көтерілген барлық мәселені алдағы уақытта да жіті назарда ұстаймыз», – деп түйіндеді Шолпан Каринова.

Елнар ЕЛТАЙ