Жыр өнерінің ұстазы, әйгілі жырау, профессор Алмас Алматов ағамыз биыл жетпіс жасқа толып отыр, жаңа ғасырымызда жыршылық өнердің кәсіби мектебін қалыптастырған Алмас Нұрмаханұлының осы мерейлі жасына орай шағын мақала жазуға тәуекел етіп отырмыз.
Комекей жырау
134
оқылды

Әрине, даңқты өнерпаздың қазақтың мәдениеті үшін өз еліндегі қайраткерлігін, түркі әлемі мен Еуропа жаһанындағы концерттік сапарларын, әлемдік ғылыми басқосулардағы мәртебелі мінберде оқыған баяндамаларын, ағартушылық саласында шыққан еңбектерін санап жазуға болар еді. Алайда Алмас Алматовтың тұлғасын туған елі жазбай таниды, руханиятқа сіңірген еңбегін де біледі. Жыр жампозының әрбір қызметі қазір де халқының көз алдында. Сондықтан осынау жасқа жеткендегі жетістіктерінің ең маңыздыларына ғана тоқталуды жөн санадық.

Қорқыт ата кітабында мынадай сөз бар: «Қыл қобызын арқалап, елден-елге, бектен-бекке жырау кезер. Ер жомартын, ер бақылын жырау білер. Қарсы алдыңызда жолдан адастырмай, қобыз тартып жырлайтын жырау болсын, ей, ханым!» (Қорқыт ата кітабы. Алматы: «Жазушы», 1994 жыл. 13-бетте).

Осындай өсиет сөз қалдырған Қорқыт бабамыз Сыр бойында ғұмыр кешкен, қобызымен жыр айтып, өзі айтқандай «ер жомартын, ер бақылын» білген әулие болыпты деседі. Қорқыт ата заманынан біздің дәуірімізге дейін осы бір арналы өзеннің сағасынан ешқашан жыр үзілмепті. Сырды жағалай қонған жұрттың басынан алағай да бұлағай қанша ғасыр өтсе де, қобыз шалып, жыр толғайтын неше бір данышпандар өткені тарихтан аян. Асан қайғы да, Сыпыра жырау да Сырды айналмай өтпеген. Әр дәуірде ежелгі Ақмешіт топырағындағы кітап ашқан ғалымдарды, нәсиет айтып елді аузына қаратқан өнерпаздарды санап тауысу мүмкін емес. Алмас Алматов та осы бір киелі мекеннің перзенті. Ол – кешегі Тұрмағамбет, Жиенбай, Нартай секілді жыр алыптарының мұрагері, тұтас бір дәстүрдің жалғасы.

Алмас Алматов 1956 жылы ба­йырғы жыршылар мекені Қар­мақшы ауданында туған, жастайынан домбыра шертіп, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сияқ­ты елге кең тараған дастандарды жатқа айтып, «Жыршы бала» атанған. Бұл уақытта Қармақшыда үлкен жыр­шылардың буыны үзілмеген кез. Бір өзі бір мектеп болатындай дала даңғайырлары баршылық еді, соның ықпалы болуы керек, Алмас жас та болса таңнан-таңға талмай жыр толғай алатын қабілет-дарынға ие болды. Есте сақтау, жады, абсолютті есту сезімінің арқасында күрделі дастандармен қатар термелерді, хат өлеңдерді, шағын хикаялы жырларды, қиссаларды да ерте игеріп алды. Дауысының қоңыр үні де тыңдағанды еліте алатындай тартымды әрі кең болды. Сыр өңірінде дауыстың көне түркілік «көмей» түрі сақталған, бұл дауысты игеру нағыз өнерлінің ғана қолынан келеді, себебі тамақпен, көмеймен, кеудемен күмбір­лей қоңыраулататын бұл күрделі дәс­түрдің сақталуына және оның білім саласына кіріктірілуі де Алмас Ал­матовтың еңбегі десек артық айтпаспыз. 

Кеңес үкіметі уақытында жыршылық өнер – тұсаулы тұлпар секілді еді, коммунистік идеологияның салқыны осы бір киелі өнерімізге аса қатты тиген кезең болатын. Сондықтан концерт бағдарламаларында классикалық жыр болмайтын, тек социализмді жырлаған «қатаң сүзгіден» өткен шағын термелер ғана арнау өлең қатарында орындалатын. Осындай қатаң уақытта жыр өнерін арнайы оқытатын, яки өнер түрі ретінде бағалайтын өнер ошақтары жоқ болатын. Сондықтан заманның талабымен кәсіби музыкалық білім алу үшін жас талант 1978 жылы Н.Гоголь атындағы Қы­зылорда педагогикалық институтының «Музыкалық педагогика» факультетіне оқуға түсті. Студент кезінде «Сыр сұ­луы» халықтық ән-би ансамблінің мү­­шесі болып кәсіби өнер сахнасындағы шығармашылық жолын бастады. Жо­ғары білім алған соң, 1982-1987 жылдары Қызылорда облыстық кәсіптік білім беру мәдениет басқармасында, содан кейін облыстық халық шығарма­шылығы орталығында жетекші маман қызметтерін атқарды. Осы уақыттар арасында Алмас Нұрмаханұлы кәсіби қалыптасқан орындаушы болуымен қатар, халықтық фольклорды зерттеумен де айналыса бастады. Сыр жыршыла­рының аузынан көне терме, насихат өлеңдерді жазып алды, қағазға түскен қолжазбаларды өңдеуге, жүйелеуге машықтанды. Сирек айтылатын жыр мақамдары мен са­рындарын жадына тоқыды, радио мен телеарна арқылы мүмкіндігінше елге насихаттауға күш салды. Республика көлеміне жыршы болып танылған Алмас Нұрмаханұлы 1985 жылы бүкіл­одақтық жастар мен студенттер фес­тивалінің лауреаты атан­ды, осыдан кейін оның шығарма­шылық жолының жарқын кезеңдері басталды деуге болады. Сол жылы ар­найы шақыртумен ол Франция, Италия, Швейцарияда (Париж, Женева, Милан, Флоренция) өткен фольклорлық музыкалық турнеге және Моңғолиядағы дәстүрлі «Азия халықтарының музы­калық симпозиу­мына» қатысып, шетел тыңдармандары алдында қазақ жырының абыройын асқақтатты. 1984 жылы ол «Жігер» фес­тивалінің лауреаты атанды. 1986 жы­лы Қазақстан Ленин комсомолы жас­тар сыйлығының лауреаты атағын алды. 

1987 жыл Алмас Алматов үшін тарихи жыл болды, ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік кон­серваториясының өнертану мамандығы бойынша ғылыми ізденушісі болып қабылданды. Ал 1988 жылы жаңадан ашылған «Халық әні» кафедрасының алғашқы меңгерушісі болып тағайын­далды. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов секілді қазақтың ірі ән­шілерімен бірге тарихта тұңғыш рет ашылған кафедраның қалыптасуына тер төкті. Бұл кешегі Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтардың арманы еді, халықтың ән-жырының қанаты жазылмай тұрған заманда осы екі абыз Алматыдағы эстрада және цирк студиясында ән мектебін ашқан болатын. Елімізде арнайы орта білім беретін жалғыз оқу орны осы студия ғана еді. Ал жоғары білімді дәстүрлі орындаушы дайындайтын не оқу орны, не мамандық түрі жоқ болатын. Жаңадан ашылған халық әні мамандығына Бекболат Тілеуханов, Берік Жүсіпов, Ержан Қосбармақов сияқты бұл күнде аттары елге танылған жастар алынды. Олардың жоғары білімге лайық пән саясаты, оқытушы әрі сахна шебері болып тәрбиелену үшін қажетті білік кешенінің алғашқы нұсқасын Алмас Алматовтың өзі жасап шықты. 1998 жылы Алмас Нұрмаханұлының авторлық жобасымен 0621 – «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығы бойынша негізгі жоғары білім беру мемлекеттік стандарты, оқу жоспары, оның толық оқу-әдістемелік кешені жасалып, жоғарыға ұсынылды. Осы жоба 1998 жылдың 8 мамыры күні Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет, денсаулық, спорт министр­лігінің №115 бұйрығымен бекітіліп, жоғары оқу орнындағы арнаулы ма­мандық есебінде классификаторға енгізілді. Қазіргі уақытқа дейін халық әнін оқыту жұмысы осы стандартпен жұмыс істеп келеді.

1990 жылы Алмас Алматов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ашылуына бас­тамашы болды және алғашқы мең­герушісі болып қызмет атқарды. Ал осыдан кейін халықтық ән-жыр өнері бойынша кәсіби білім беруді қамтамасыз ете алатын арнайы стандарты болға­нымен, магистрлық және докторанту­ралық дәрежелерде оқытудың қажеттілігі екені анық білінді. Себебі осы мамандық бойынша өнерді ғылыми тұрғыда зерт­теу саласында білім беру талабы әлі жүйеленбеген еді. Осы іс 2000-2001 жыл­дары ғана шешімін тапты, нақтылай айтсақ, №062140: «Дәстүрлі музыкалық өнер» (түрлері бойынша) Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жаңа формасы енгізілді, бұл жобаның авторы да, жұмысшы топтың жетекшісі де Алмас Нұрмаханұлының өзі болған еді. Осыдан кейін халық әні мен жыр өнері бойынша зерттеушілер толқыны қалыптасты. Осы күні елге есімдері та­нымал жыршылар – Берік Жүсіп, Елмұра Жаңабергенова, Ұлжан Байбосыновалар Алмас Нұрмахан­ұлы­ның шәкірттері. Қазіргі кезде ғылыммен айналысып жүрген талантты жас жыр­шылар көп, олардың зерттеу жұмыстары шетел журналдарына жарияланып келеді. Яғни, жыршы тек сахнада ғана емес, ғылым майданында да таныла бас­тады. Алмас Нұрмаханұлының шә­кірттері, өнертану ғылымдарының магистрлері – Ақерке Дабылова, Күн­сұлу Түрікпендер өнертану мамандығы бойынша докторантурада білім алуда. Түркияның Анкара қаласындағы Көркемөнер және музыка универси­т­етінде Мәлика Алдамжарова «музы­катану» саласы бойынша магистрату­расын «үздікке» тәмамдап, докто­рантурада білім алуда.

Қазір Қызылорда облысында Нұр­туған, Жиенбай, Нартай жыр мектептері толыққанды жұмыс ат­қа­руда, музыка мектептерінде терме сыныптары ашылған. Қазанғап атындағы Музыкалық колледжде арнаулы «дәстүрлі өнер» бөлімі оқытылады. Қорқыт ата университетінде бакалавр деңгейінде «Дәстүрлі өнер институты» жұмыс іс­теп тұр. Осы еңбектердің бәрі Алмас Нұр­маханұлының ағартушылық сала­дағы жұмыстарының ізденістері, жетістіктері, себебі ол дала жыршы­сы­ның заманауи білім алуы үшін тер төкті, жырдың алтын арқауының үзіл­меуіне саналы өмірін арнады.

2011 жылы Алмас Алматов Қазақ ұлттық өнер университетіне жұмысқа шақыртылды. Қорқыт ата атындағы өнер зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Университеттің өнертанушыларын, фольклор каби­нетінің қызметкерлері мен жас зерт­теушілерді өз маңайына шоғырлан­дырып, ғылыми жобаларға жетекшілік етті, алқалы жиындар өткізді. Сонымен қатар ұстаздық қызметті де қатар ат­қар­ды, көптеген өнер сайысының жүл­дегерін дайындады. 

Қазақ жырының сазы мен са­рыны қатар нотаға түсірілу жұмысы да Алмас Алматовтың идеясы, ол нота жазу ба­рысында мақамды мейлінше нақты және домбыра сү­йемелін қоса жазу тәжірибесін енгізді. Оқу құралы ретінде де, зерттеуге қа­жетті теориялық әдебиет ретінде де осындай методология асқан тиім­ділігін көрсетіп жүр. Осы ретте өзі­нің үзеңгілес інісі әрі шәкірті, күйші Төлепберген Тоғжанұлының еңбегін де атап өтуіміз керек. Ол жыр нота­ларының жазылу үлгісін қа­лып­тастыру саласында көп тер төкті. Қазіргі кезде Алмас Алматов пен Төлепберген Тоғ­­жанұлының қо­савторлығымен шыққан хрестоматия­лар тәжірибеге еніп кеткен, ұлттық кітапхана қорла­рында да бар. Шетелдік ғалымдар да осы кітаптар арқылы жыр табиғатын мейлінше тұп­нұсқаға жақын ұғуға мүмкіндік алды деп айта аламыз. 

Орындаушылық өнер, концерттік қайраткерлік саласындағы Алмас Алматовтың жетістіктерін айтқанда, ұлт өнерінің мәртебесінің де өскенін көріп қуанасыз. Бұл жай ғана мезеттік сахнаға шығатын әртістік ахуал емес, тұтас ұлт фольклорының биік мінбер­ден сөйлеуіне парапар істер. Мысал ретінде сол сапарларға шағын ғана шолу жасалық:

– 1993 жылы Францияда Париждегі Chatelet театрында жеке концерт өткізді; 

– 1993 жылы Голландияның Амстердам қаласында халықаралық «Музыкалық фестивальда» өнер көрсетті;

– 1996 жылы Америкада Медисон университетінде эпикалық өнер жайлы лекция-концерт берді; 

– 1995 жылы Лондонда «Элизабет-Холл» сарайында жеке концерті өтті; 

– 1996 жылы Жоғары мәртебелі хан­зада, Уэльс тағының мұрагері Чарльз Филипп Артур Джордждың қабыл­дауын­да болды (Британия елшілігі. Алматы);

– 2001 жылы Египеттің астанасы Каир және Александрия қаласында Қазақстан Республикасының 10 жылдығына орай өткізілген мәдениет күндеріне қатысты;

– 2003 жылы Американың Нью-Йорк, Вашингтон, Висконсин қала­ларында жеке концерт беріп, Смит­сонион университетінде лекция-концерт өткізді;

– 2007 жылы Белгияда өткен «Орталық Азия халықтарының музыкалық фестивальдарына» қатысты;

– 2018 жылы Түркияның Болу қа­ласында, Кипрде өткен конференция­ларда баяндама жасап, шеберлік са­бақтарын жүргізді;

– 2019 жылы Улан-Баторда өткен «Әлем эпосы және Жаңғыр» халық­аралық конференциясында баяндама жасады.

– 2023 жылы Мысырдың Каир қала­сында Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерекесіне арналған Қа­зақ­станның мәдени күніне қатысты, Бей­барыс баба аруағына жыр арнады.

А.Алматов – шығармашылық және ғылыми зерттеу жұмыстарын үнемі же­тілдіріп отыратын білікті ұстаз. Ше­т­­елдік басылым беттерінде әр ке­зеңдегі ғылыми конференция, симпо­зиумдарда жасаған баяндамалары мен шеберлік сабақтары шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланды және арнайы құжаттармен (сертификат) куә­лан­дырылып, күйтабақтары шыға­рыл­ды. Мысал ретінде оқырманға тө­менде­гі күйтабақтар мен антология­ларды ұсынамыз: Орталық Азия му­зыкасы­­ның антологиясы: А.Алматов. (Аудио­диск). – Франция: Париж, 1985; MORITA Minoru. Music of the. Аудио­энциклопедия. Жапония. Токио. – 1987. Том 7. (А.Алматовтың орын­дауында 16 шығарма енгізілді); «Жыр керуені» (күйтабақ). А.Алматов. – Москва: Мелодия, 1991; Kazakh Muzical Epic (Dis CD IV) – Сорс (АҚШ) – Қазақстан қоры, 1995; Traditional Kazakh zhir pertormed dy zhirau Almas Almatov trom Kzyl-Orda acc on dombra in Tropentheater (Audio disk). Amsterdam, November, 2007.  

Бұл толық тізім емес, ал енді отан­дық жыр күйтабақтары мен антологиялардың көбісінің же­текшісі өзі, дастанды айтушылар – өзінің шәкірттері. Қазіргі кезде ұзақ жырларды бөліп айтқызу арқылы қазақтың аймақтық жыр мәнерін көрсетуге қол жеткізілді. Шынында, әлқиссадан кейін басқа мақаммен жырланып, тарауларына келгенде жыршылардың мақамдарының сан алуан болуы эпостың мазмұнын аша түскендей болады. Осы саладағы ізденістерді жастар да пайдаланып жүр, қазір жыршылардың сахнаға шығып, жырды кезек айтуы мәдени-креативті жаңалыққа айналған секілді. Өзі де жырлаған «Едіге», «Қарабек батыр», «Алау батыр», «Қамбар батыр», «Қо­быланды батыр», «Бөгенбай батыр», «Жидебай батыр», «Мырқы батыр», «Бер­діқожа батыр», «Арқалық батыр», «Ке­несары», «Иман батыр» дас­тандары бұл күнде ұлттық фоно­текамыздың бай­лығы болып табылады. 

Алмас Алматов – қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлға, қасиетті жыр өнерін тек фольклорлық мұра ғана емес, кәсіби музыкалық маман­дыққа, іргелі ғылым көзіне айналдырған санаткер. Жырау ағамызды жетпіс жас­қа келген мерейлі жасымен құттық­тай отырып, қазақ мәдениетінің өр­кендеуі жолындағы еңбегіне тілеулестік білдіргіміз келеді. Жаңа дәуірімізде ұлт өнеріне жасампаздық серпін берген Алмас Нұрмаханұлындай азаматтар аман болсын! 

Жанғали ЖҮЗБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 

Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры