Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, сөз сөйледі. Президент конституциялық реформа, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру қатарлы бірқатар мәселеге тоқталды.
Мақсат айқын, бағдар нақты
477
оқылды

Жаңа Конституция өркендеуге  жол ашады

Президент конституциялық  рефор­ма­ның маңызына тоқтала келе, Қа­зақ­стан өтпелі кезеңге аяқ басқанын, ел тағ­дырына әсер ететін ауқымды өзгеріс жү­зеге асырып жатқанын атап өтті. Мем­лекет басшысы Қызылордада өткен Ұлт­тық құрылтай отырысында конс­ти­туциялық реформаның маңызды тұс­тары туралы айтқанын еске салып,  Ата Заңға қатысты  пікір алмасу  қоғамда жарты жылдан бері жүріп жатқанын айт­ты. Барлық ұсынысты жүйелеп сара­лау үшін 130 адамнан тұратын Конс­ти­ту­­циялық комиссия құрылғанын, бұл ау­қымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұр­ғысынан да еліміз үшін теңдесі жоқ ко­миссия екенін атап өтті. Әрі  осы жол­ғы  Комиссия құрамында шетел ма­ман­дары жоқ.

«Жалпы, былтыр қазан айынан бас­тап азаматтарға өз пікірін білдіруге то­лық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бе­рі eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бір­неше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиіс­ті түзетулерді әзірледі. Конституция­лық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. 

Біз «Халық үніне құлақ асатын мем­ле­кет» ретінде цифрлық платфор­ма­лар­ды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен бай­ланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Со­ның арқасында, шын мәнінде, жал­пыұлт­тық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қа­зақ­стан құрылысының айқын көрінісі.

Осыған дейін Конституциялық ко­мис­сияның он отырысы өтті. Комиссия мү­шелері түзетулердің аса көптігін ес­кере отырып, ортақ пайымға келді. «Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жет­кілік­сіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қа­былдаған жөн» деген байлам жасады. Со­ған сәйкес қаңтар айында жаңа Конс­ти­туцияның алғашқы нұсқасы жария­ланды.

Бұл бастама қоғамның айрықша на­зарын аударды. Мен мұны өте жақсы үр­діс деп санаймын. Азаматтарымыз Конс­титуция жобасының түрлі бап­та­рын қызу талқылап жатыр. Қоғамның сая­си мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміз үшін «Әртүрлі көз­қа­рас – біртұтас ұлт» және «плюрализм-ге – ашықпыз, экстремизмнен – қашық­пыз» қағидаттары өте маңызды екенін, сол арқылы қоғамдық диалогтың да­муы­на, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылатынын атап өтті. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қа­зір­дің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға бо­лады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Бұл құжат мем­лекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасына енген нор­малар Қазақстанның саяси жүйе­сі­нің даму қисыны мен бірізділігін бекіте­ді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ық­пал­ды Парламент – есеп беретін Үкі­мет» тұжырымдамасына негізделеді.

Соңғы жылдардағы саяси рефор­ма­ларға кеңінен қарасақ, Қазақстан су­перпрезиденттік билік формасынан тү­бегейлі бас тартып, беделді әрі ық­палды Парламенті бар президенттік рес­публика үлгісіне көшкеніне көз жет­кізуге болады», – деді.

Ал ұсынылған өзгерістер – осы үде­ріс­тің заңды жалғасы. Соңғы жыл­дар­да­ғы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мем­лекетіміздің конституциялық негі­зін толық қайта құру қажет екенін көр­се­теді. 

«Ұсынылған түзетулер билік құ­зырет­терін қайта бөлуге, тежемелік жә­не тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді кү­шейтуге, ең бастысы, барлық саяси инс­титуттардың тиімділігі мен ор­нық­тылығын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жол­мен жүріп келеміз.

Түптеп келгенде, ұсынылып отырған өз­герістердің арқауы – бір. Бұл – адам­дар­дың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Біз адам құ­қығының қорғалуына кепілдік беретін жә­не оның нақты жолдары айқын көр­се­тілетін біртұтас жүйе қалыптастыра­мыз.

Мысалы, адвокаттардың ұсыны­сы­мен Ата Заң жобасына адвокатура ту­ра­лы жеке бап қосылды. Жаңа Конс­ти­ту­ция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті. Ал «Неке – ер­кек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым ар­қылы қоғамдағы дәстүрлі құнды­лық­тарды сақтап қалу мақсаты көзделді. Конс­титуция жобасында табиғатты қор­ғау мәселесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл – өте маңызды нәрсе.

Түзетулердің ішіне тағы бір аса қа­жет­ті норманы енгізу керек деп санай­мын. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үй­ге қол сұғуға болмайды. Сот ше­ші­мін­сіз тұрғын үйден айыруға жол беріл­мей­ді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үй­ден мәжбүрлеп шығаруға  да сот ше­шімінсіз жол берілмейді» деп то­лық­тырған жөн.

Меніңше, бұл – жаңа Конститу­ция­ның сипатына толық сай келетін әлеу­мет­тік норма. Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қар­қын­ды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қа­­жетті іргелі қағидаттар мен құн­ды­лық­тар толық қамтылған», – деді Пре­зи­дент.

Конституция жобасында Әділетті Қа­зақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүл­тік­сіз сақталатыны сияқты негізгі қағи­дат­тар нақты көрсетілген. Білім, ғылым, ин­новациялар және мәдениет еліміздің тең­дессіз басымдықтары ретінде айқын­дал­ды. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз жә­не аумақтық тұтастығымыз мызғымас құн­дылықтар болып қала береді және елі­міздің унитарлығы, жерінің тұтас­ты­ғы мен басқару нысаны ешқашан өзгер­мей­ді деген аса маңызды сөздер бар. 

«Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конс­ти­ту­ция жобасын, шын мәнінде, озық, яғ­ни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы са­­рапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Онда конс­ти­туция­лық құрылысқа қатысты әлемдегі үздік тәжірибелер көрініс тапқан, адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалған.

Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығар­май­ды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық же­тіс­тігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұр­ғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табан­ды еңбегінің арқасы.

Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана ең­сесін тіктей бастаған кезде қабыл­дан­ғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің ал­ғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды.

Сол кезден бері еліміз адам танымас­тай өзгерді. Болашағымызға көбі күмән­мен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке ай­нал­ды. Қазір әлемдегі геосаяси, геоэ­ко­номикалық, технологиялық ахуал түбе­гей­лі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қа­зақстан да көптеген өзгерісті бастан өт­керді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ық­пал етті, тіпті зор сілкініс әкелді де­сек, қате болмас. Сондықтан еліміздің мақ­сат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конс­титуциялық деңгейде жаңғырту ай­рық­ша маңызды», – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Президенттің пайымдауынша, жаңа Конституцияның жобасы жекелеген тү­зе­тулер енгізілген жоба емес. Бұл өзге­ріс­тердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту. 

«Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынты­ма­ғы­мызды, береке-бірлігімізді сақтай оты­­рып, эволюциялық, яғни табиғи жол­­мен дамып келеміз. Бұл – өте маңыз­ды. Бұдан басқа жол жоқ.

Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азамат­тың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады», – деді Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

Ұлт мүддесін қорғаудың экономикалық негіздері де өзекті

Сонымен қатар Президент әлеумет­тік-экономикалық мәселелерге де тоқ­тал­ды.  «Біздің басты мақсатымыз – қа­зір­гі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық және халық­ара­лық әлеуетін арттыру.

Сарапшылар әлем экономикасының өсі­мі баяулап, халықаралық сауда қар­қыны әлсірейді деген болжам жасауда. Да­мушы елдерге салынатын жаһандық ин­вестиция көлемі азайып барады. Қар­жы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бү­гінде көптеген ел өз нарығын қорғау ша­раларын күшейтіп жатыр. Мем­ле­кет­тер арасында өзара тарифтік шектеу қою үр­дісі белең алды. Жаһандану үдерісі ке­рі сипат ала бастады. Мұның бәрі әлем­дегі геосаяси ахуалды өзгертіп жа­тыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда.

Дүниежүзінде мүлде жаңа үдерістер пай­да болуда. Мемлекеттің тұрақты да­муы үшін біз осы өзгерістерге эко­но­ми­ка­лық және саяси тұрғыдан бейімделуі­міз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі», – деді ол.

Президенттің пайымдауынша, ұлт мүд­десін қорғау үшін экономиканы ны­ғайтуға және дамытуға арналған нақты жос­пар болуға тиіс. Дүниежүзіндегі эко­номикалық ахуалға қарамастан, был­тыр Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсті. 

«Біздің миссиямыз – айқын: эконо­ми­калық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақ­сар­туға тиіс. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын, азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет.

Аталған мақсатқа жету үшін бізге бұ­ған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қа­зіргі сын-қатерлерге жедел жауап бере­тін, ба­сым­­дықтар егжей-тегжейлі ой­ластырылған эко­номикалық саясат қа­жет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан эконо­ми­­касына тұрақты өсім моделі керек екенін ал­ға тартты. Оған сәйкес, мемлекет на­рық­тық экономиканың стратегиялық даму век­торын нақты анықтап, қолда бар қаржы ре­сурстарын экономикалық өсім әкелетін бас­ты салаларға бағыттауы қажет. Мұндай тә­сіл ұлттық табысты азаматтарға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.

«Ашығын айтқанда, мен бұл жайында күн­де ойланамын, мамандармен кеңесемін, ар­найы экономикалық сараптамаларды оқи­мын. Экономикалық және қаржылық сая­сатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұ­мыс күтіп тұр.

Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнім­ділік­ті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау.

Мұндай модельді тек инвестиция сая­сатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұ­рақ­ты қорғау арқылы құруға болады. Яғни, бұл саясаттың түпкі нәтижесі халық табы­сын арттыру, экономикалық дербестікті ны­ғайту болуға тиіс.

Үкіметтің алдында уақыт оздырмай ше­шетін бірқатар міндет бар. Атап айтқанда, тұрақ­ты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қам­тамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жол­дауым­да жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру.

Жаппай цифрландыру және жасанды ин­теллектіні енгізу көмекші қызмет атқа­ру­мен шектелмей, экономикалық дамудың бас­ты арқауы болуы керек.

ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар бас­ты міндеттерін орындау қажет. Бұл – ең­бек өнімділігін арттыру, экономиканың экс­портқа бағдарланған секторларын қа­лыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шы­ғару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру.

Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру елі­міздің индустрия, энергетика, көлік са­лаларындағы заманауи жүйесін қалып­тас­тыру­ға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның не­гізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мыз­ғымас тұғыры болуға тиіс. Осындай жауап­ты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді ше­шімдерді дер кезінде қабылдау өте маңыз­ды», – деді Президент.

Содан соң мемлекеттік аппарат нақты нә­тижеге жету үшін жұмыс істеуге және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс екенін ес­ке салды. Әрі қазіргі таңдағы аса өзекті мә­селелерге тоқталады.

Инфляцияны қалыпты деңгейде ұстау қажет

Президент Қазақстан үшін өзекті сана­ла­тын мәселелер туралы ойын инфляциядан бас­тады. 

«Бірінші. Инфляцияны ойға қонымды, қа­лыпты деңгейге түсіру қажет. Оның ша­рық­­тап кетуіне жол бермеу керек.

Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсы­ны­латын шаралар елдің дамуына кері әсерін ти­гізбеуі қажет. 

Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақ­ты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тап­сы­ра­мын. Осы маңызды жұмысқа барлық ме­ке­ме өкілі мен сарапшылар қатысуға тиіс. Та­ғы да қайталап айтамын: қолайсыз ах­уал­ды шұғыл ретке келтіру қажет», – деді Мем­ле­кет басшысы.

Сонымен бірге Президент биылдан бас­тап үш жыл қатарынан инфляцияны тө­мен­дету үшін нақты шаралар қабылдауды тап­сыр­ды. 

«Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын са­палы орындау айрықша маңызды. Мә­се­лені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қа­жетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауап­кершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ес­керту: ондай жағдайда қатаң шара қол­да­нылады. Халықтың табысы артса ғана нақ­ты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады», – деді Қ.Тоқаев.

«Екінші. Жаңа Салық кодексінің тиімді ен­гізілуін қамтамасыз ету керек. Жаңа са­лық-бюджет саясаты теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет.

Биыл күшіне енген Салық кодексі эко­номикадағы ашықтық пен тәртіпті кү­шей­туге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғаш­қы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Эко­но­мика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жа­ңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мың­нан астам жаңа салық төлеуші заң ая­сында әрекет ете бастады.

Үкіметтің бағалауынша, салық ре­фор­ма­сының нәтижесінде биыл бюджетке қо­сым­ша 4,4 триллион теңге түседі.

Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұя­ла­тады. Бірақ қайталап айтамын: бел­гіленген көр­сеткіштерге шамадан тыс салық салу, биз­несті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды.

Бюджетті тиімді салықтық әкім­ші­лен­діру арқылы толықтыруға болады деп ой­лаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифр­ландыруға шұғыл кіріскен жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент жазалаушы мен­талитеттен арылатын кез келгенін, са­лық органдары мен салық төлеушілер ара­сын­да серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс екенін атап өтті. 

«Бұл жөнінде жақында «Turkistan» га­зе­тіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кей­бір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған се­кілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрыл­тай отырысындағы сөзімді де толық түсін­бе­гендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мә­тіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне мә­тінді, кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пай­да болды. Бірақ бұл – мемлекеттік қыз­мет­керлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйт­песе, зейнет жасына жеткен кезде, ой­ла­ну қабілетінен айырылып қаласыздар. Бұл өте қауіпті. Сондықтан көп оқыңыздар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкім­ші­лен­дірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, са­лық агенттері міндетін атқаруға тиіс еке­нін атап өтті.

«Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фис­кал-­дық деректер фабрикасына» айналу мін­деті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жал­ғыз дұрыс жолы – осы», – деді Президент.

Ал 2027 жылдың соңына дейін салық жә­не кеден жүйесін басқарудың цифрлық тә­сілін енгізуді тапсырды. Себебі, бұл – ст­ра­­тегиялық маңызы бар міндет.

«Министрліктер қабылдаған жаңа ере­желер мен шешімдер шетелдік және отан­дық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі ин­вес­тициялық климатты нашарлатады. Отандық жә­не шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаң­даушылық білдіріп, маған хат жазып жа­тыр.

Фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең ал­дымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәр­тібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге бо­лады», – деді Президент.

Мемлекет қаржысын үнемді  жұмсау керек

Президент мемлекеттің тиімсіз шығын­дарын барынша қысқарту үшін қолда­ныс­та­ғы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет екенін ескертті. 

«Бұл – өте маңызды міндет. Мұны орын­дауды созбалаңға салмаңыздар. Бұл істе Қар­жы және Экономика министрліктері қа­таң­дық пен табандылық, кәсібилік таны­туы керек. Басымдықтардың қайсысы бірін­ші, қайсысы кейін екенін нақты белгілеп алу қажет.

Бюджет қаржысын игерудің қазіргі кри­терийінен бас тартып, мемлекеттік ин­вес­ти­­цияның тиімділігін басқаруды кү­шейт­ке­ні­­міз дұрыс. Бұл – маңызды міндет. Жал­пы, бюджетті асығыс игеру дұрыс емес. Мұ­ны кім шығарып жүр? Жылдың соңында бюд­жетті игеру керек деген жарыс баста­ла­ды. Басқаша айтсақ, бұл қаржыны оңды-сол­ды шашу деген сөз. Жұмыс тәртібін қай­та қараңыздар. Өйткені қазір заман бас­қа.

Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сора­қысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана бері­леді. Тоқетері, әркім өз білгенін жаса­ған­ды қою керек.

Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қа­са­­­­қана қарсы әрекет ету деп қарастыра-мыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әке­летін және ұлттық экономиканың да­муы­на септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс. Сол себепті Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жү­ргізіп, мемлекет есебінен қаржы­лан­ды­ры­латын жобаларды іріктеу механизмін же­тілдіру тапсырылады. Бұл квазимем­ле­кет­тік секторға да қатысты болмақ.

«Тағы бір маңызды мәселе. Аймақ­тар­да­ғы бюджеттік жоспарлауды сапалы жүр­гізу­ге баса мән беру қажет. Өздеріңізге мә­лім, соңғы жылдары аймақтардың кіріс қо­ры айтарлықтай артты, бірқатар салық пен төлем түрлері республикалық деңгейден ай­маққа берілді. Соның салдарынан жет­кілікті қаржы бөлмей, жергілікті бюджетке қо­сымша шығындарды артып қою жағ­дай­лары жиілеп кетті. Мұндай тәжірибе бюд­же­таралық қатынастардың қисынына қай­шы әрі қабылданып жатқан шешімдерге се­німді жоғалтады. Сондықтан жергілікті ат­қарушы органдарға берілетін қаржы ре­сурстары мен олардың міндеттемелері бір-бірімен мөл­шер­лес болуын ескеру өте маңыз­ды. Егер бі­лік­теріңіз жетсе, мұны орын­дау аса қиын емес.

Қазақстан – бір орталықтан басқары­ла­тын унитарлы, біртұтас ел. Сол себепті елі­м­із­дің әлеуетін нығайтуды, халқымыздың әл-ау­қатын арттыруды басты мақсат етіп, ақыл-па­расатпен, бір қолдың саласындай жұ­мылып жұ­м­ыс істеу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа Бюджет кодексінде бюджетаралық қатынастар нақтылық және барлық бюджет деңгейіндегі жауапкершілік тұрғысынан қайта қаралғанын еске салған Мемлекет бас­шысы енді осы нормалар өңірлерде іс жү­зінде қалай жұмыс істейтінін байқап көру қа­жет екенін атап өтті. Президенттің пайым­дауынша, қолданыстағы құралдар тиім­сіз болса, оны түзету қажет. 

Өңірлердің  қаржылық дербестігі сақталады

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа ере­желер өңірлердің қаржылық дербестігіне тұ­сау болмауға тиіс екенін ескертті. Ең бас­ты­сы, олардың кіріс көздерін ұлғайтуға де­ген ынта-жігеріне кері әсер етпеуі керек. 

«Үкімет аймақтардың қаржылық ор­нық­тылығын нығайту шараларын қабыл­дау­ға міндетті. Бұл – стратегиялық сипаты бар мақсат. Басқарудың түрлі деңгейі ара­сындағы жауапкершілікке салғырт қарауға болмайды.

Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жыл­ға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді. Басты мақсат – өңір­лер арасындағы әлеуметтік-эконо­ми­калық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ау­қа­тын арттыру.

Өткен жылғы даму қорытындысы тура­лы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұ­рақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ ше­ші­мін таппаған мәселелер бар. Аймақтардың инф­рақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеп­пен алғанда – 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтарлықтай алшақтық бар», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, қа­жетті инфрақұрылымның болмауы об­лыс­тардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңа­дан құрылған Абай және Ұлытау об­лыс­тарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Ал­маты облысында да ахуал мәз емес. Сон­дықтан бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет.

Цифрландыру елдің болашағына әсер етеді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев  цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша тоқталды. 

«Үшінші. Цифрлық мемлекет құру мә­се­лесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қа­зақстанның болашағына тікелей әсер етеді.

Цифрлық тәсілдер арқылы артық шы­ғынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз ше­шімдерді барынша азайтуға болады.

Жасанды интеллектіні толыққанды ен­гізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негіз­дел­ген аса маңызды цифрлық жобаларды жү­зе­ге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау ке­рек. Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уа­қытылы қаржыландыру үшін негізгі ба­сым­дықтарды нақты белгілеп алуы қажет.

Әйтпесе, ауқымды жоспардың бәрі қа­ғаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағ­дар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды.

Сонымен қатар тағы бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен об­­лыстардағы барлық олқылықты цифр­лан­дыруға «жаба салады». Адамдар өзін қор­ғаудың, басын арашалап алудың небір құй­тырқы әдісін табады», – деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы са­палы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қарауды маңызды мәселе деп атады. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс.

«Қазір мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақ­сарта алмай отыр. Әзірге оң өзгерістер кө­рінбейді.

Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мем­лекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын.

Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жа­ғынан ескіргенін және басқару сапасы­ның төмендігін көрсетеді. Мұндай олқы­лық­тар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді.

Цифрлық өзгерістің бәрі QazTech плат­формасының негізінде жасалуға тиіс. 

Үкіметке бірыңғай цифрлық плат­фор­ма­ға көшуге тура келеді. Бұл – маңызды мін­дет. Бұған дейін ведомстволардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проб­лемаларды көбейтіп қоймай, қазына қар­жысын оңды-солды шашуға әкеп соқ­ты», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария еткенін еске салды. 

«Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұм­салуы мүмкін емес. Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақша­сы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қа­жет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығын­дамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс. Проблеманы қолдан жасап, оны шешу үшін мемлекеттен ауқымды ин­вестиция бөлеміз. Бұлай болмайды», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы дербес  деректердің қорғалуы  өзекті екенін атап өтті. Сондықтан киберқылмыспен жә­не алаяқтықпен күрес жүріп жатыр. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқ­тардың арбауынан сақтап қалған.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесі де өте маңызды. Былтыр республикалық бюд­жеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. 

«Бірақ бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды деген орынды сұрақ туындайды. Сондықтан Үкімет үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық профилін қалып­тас­тыру­ға тиіс. Сонда әлеуметтік көмек те, шын мәнінде, көмекке мұқтаж адамдарға беріледі.

Қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алу­­ға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдау­дың барлық түрі банк және төлем инфра­құры­лымымен тығыз байланысқан «Әлеу­мет­тік әмиян» арқылы берілуге тиіс.

Үкімет әкімдіктермен бірге осы тәжіри­бені барлық жерде кеңінен қолдануы керек. Сондай-ақ бұл тәсілді жыл соңына дейін тездетіп іске қосуы қажет.

Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөл­­мей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қыз­мет­­керлер де пайдаланбайды.

Egov AI деп аталатын әмбебап жасанды ин­теллект-көмекшісін (ассистентін) әзірлеу ке­рек. Барлық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады.

Әлеуметтік қолдау шараларын басқара­тын инфрақұрылымды, яғни Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын нақ­ты айқындап алу қажет», – деді Мем­лекет басшысы.

Білім мен денсаулық сақтау салаларында кемшіліктер бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында білім саласында да бірқатар кемшілік бар екенін атап өтті. 

«Білім саласында бірқатар жүйелік проб­лема бар екенін Ұлттық құрылтай оты­рысында айттым. Олар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға да, мемлекеттің мектептер мен жоғары оқу орындарын қар­жыландыру тетіктеріне де қатысты.

Білім саласындағы «экономизация», яғни қаржыны текке шашпай, жүйелі жұмсау үдерісін жалғастырған жөн. Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қар­жыландырудың тиімділігін түбегейлі арт­тыруға баса мән беру қажет. Жаңа деректер анықталғаннан кейін бұл маңызды міндетке айналды», – деді ол.

Сонымен қатар маман даярлау ісі эко­номиканың нақты секторларында ж­а­сан­ды интеллекті мен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай жатқанын да тілге тиек етті. Оқу бағдарламалары мен стан­дарттары жаңарып үлгергенше, маман­дықтар өзгеріп жатыр. Демек, жай ғана IT мамандардың санын көбейту және жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз.

«Осыған орай Үкіметке жетекші компа­ниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серік­тестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тап­сырамын. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. 

Өз кезегінде, Үкімет ережелерді айқын­дап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, тиімді шешімдерді жаппай таратуға көмектесе алады», – деді Президент. 

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар екенін айтты. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыру жөнінде қанша талап қойыл­ға­нымен, ол тапсырмалар әлі күнге орын­дал­маған. Президенттің пайымдауынша, бюд­жет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы.

«Салалық министрлердің көз алдында бұ­рын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқ­тық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үс­тіне, бұл әлеуметтік салада орын алып жа­­тыр. Бас прокуратура мен басқа да өкі­лет­ті органдар қылмыстың қашан жасал­ға­ны­­на, оны кімдердің жасырғанына қарамас­тан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анық­­тауға міндетті. Тергеу процесін өз ба­қылауымда ұстаймын.

Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл бар­лық үдеріске бақылау жасап, басынан ая­ғына дейін қадағалап отыратын жүйе болу­ға тиіс.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесінің де барынша ашық бо-

л­уын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру қорында жалған құ­жат толтырып, деректерді бұрмалайтын қи­тұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлт­тық құрылтайдың отырысында осы мә­се­леге арнайы тоқталдым.

Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жым­қыру әрекетіне қатысы бар адамдар­ды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет.

Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекет бар болып шықты. Заңды бұзған аза­­маттарды міндетті түрде жазаға тарту ке­рек», – дей келе Мемлекет басшысы Үкі­метке жыл соңына дейін Қордың жұмы­сын толық цифрландыруды тапсырды.

Электр қуатының жеткілікті болуы – даму кепілі

Президент өз сөзінде электр қуаты мә­се­лесіне де тоқталды. Электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифр­лан­дыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтынын айтты. 

«Бұл мәселе жөнінде мен Ұлттық құрыл­тай отырысында пікірімді анық айтып кет­тім.

Еліміз электр энергиясының ішкі тап­шы­лығын жою үшін оны жыл сайын им­порт­тауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард ки­ловатт-сағат энергияны сырттан алдық. Қуат көздері мен электр желілерінің әбден ескіруі де бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр.

Өткен үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында энер­гетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы салынды. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни 900 миллиард теңгеден астам қар­жы жөндеу жұмыстарына жұмсалды.

Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 мил­лиард теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйені қамтамасыз ету­ге жетпейтіні анық. Энергетика министр­лігі­нің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екін­ші қатарда назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет.

Қазіргі кезде Қазақстанда 123 миллиард ки­ловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін мүлдем жеткіліксіз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкіметтің 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жос­пар­лағанын, оның 5,9 гигаваты жаңар­ты­латын қуат көздерінен алынатынын айтты. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуа­­тына деген сұранысты толық өтеуді көз­деп отыр. Тіпті 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. 

«Сонымен қатар бізде қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналды. Мысалы, Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жұмыс әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Сондықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан былай соза беруге болмайды.

Мен Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өн­дірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тап­сырдым. Осы бағытта Қытайдың тәжірибе­сін ерекше атап көрсетуге болады. Олар «таза көмірден» жалпы көлемі 55 гигаватт бо­латын 85 энергетикалық блок салу жұмы­сын бастап кетті. Бұл – әлем бойынша кө­мір­ден алына­тын энергия көздерінің 90 пайы­зы деген сөз», –  деді Мемлекет бас­шысы.

Жаңа инвестициялық кезең басталады

Президент өз сөзінде елімізде жаңа ин­вес­тициялық кезеңді бастау қажет екеніне тоқталды. 

«Төртінші мәселе. Біз толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет.

Жалпы, қазір елдегі инвестициялық ахуал жақсы деп айтуға болады. 2022 жыл­дан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты.

Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қар­қы­ны әлі де баяу болып тұр.

Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тар­туға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары техноло­гия­сы бар заманауи өндірістер ашуға басым­дық берілуге тиіс. 

Біз «Бәйтеректі» инвестициялық хол­динг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадам­ның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс.

«Самұрық-Қазына» қорына да дәл осын­дай талап қойылады. «Самұрық-Қа­зы­на» қо­ры және бірқатар ұлттық компания бас­шы­ларымен қатаң әңгіме болды. Ком­па­ния­лардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Менің ойым­ша, қосшыдан басшы көп. Басшылық құра­мы ел айтып жүргендей, «Сол жағалау­дың» адам­дарына толып қалған. Олардың жұмыс­қа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кей­де не істерін білмей, әлеуметтік желі­лер­де әр­кіммен пікір таластырып отырады. Бұл тү­бі жақсылыққа апармайды», – деді Қ.Тоқаев.

Елімізде инвесторлардың қызығу­шы­лығын арттыратын салалар көп. Осы сала­лар­ды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұ­най-газ химиясы, цифрлық инфрақұры­лым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн.

Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материал­дарға, яғни сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жоба­лар­ды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қа­зақ­станның жаһандық бәсекедегі артық­шы­лығы. 

«Бірақ ашығын айтуымыз керек, инвес­тор­­­­лармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапа­лы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бір­­неше органға қатар жүктелген. Мен был­тыр­ғы Жолдауымда бұл мәселеге арнайы тоқ­талдым. Осындай тиімсіз жұмысты до­ғару қажет. Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қа­лып­тастыру керек.

Бір сөзбен, шешім қабылдау және үйлес­тіру жұмысы бір жерден жүзеге асыры­лу­ға тиіс. Шешім қабылдау үдерісін созуға бол­майды, оны тездету керек. Ин­вес­тиция­лық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді ат­қарып отыр.

Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік ке­дер­гілерге жол бермеу қажет.

Мен инвестициялар мәселесімен айна­лысатын арнайы көмекшіні тағайында­дым. Шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге Focal point ретінде шағымдануға болады.

Ал халықаралық қаржы институттары­мен Стратегиялық жоспарлау және рефор­ма­лар агенттігінің 

төрағасы – Президенттің кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста бо­лады», – деді Президент.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру­ға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келі­сім­шарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұн­дай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсі­нікті ережесі жоқ. Соның салдарынан ст­ратегиялық маңызы бар бірқатар инвес­ти­циялық жоба іске аспай жатыр.

«Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Мен Жолдауда арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігі туралы айттым. Қытайда және Вьетнамда мұндай аймақтар экономиканың қозғаушы күші саналады. Ал біздің елдегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен. 

Ширек ғасырға жуық уақыттан бері арнайы экономикалық аймақтардың ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі 1 пайыздан сәл ғана асады. Оның 0,3 пайызы – экспортқа, 0,9 пайызы шетел инвестициясына тиесілі. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвестиция тартатын алаң болуға тиіс. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. 

Түптеп келгенде, егер нақты нәтижеге же­темін деген ниет болса, бұл мәселені Түр­кі­­стан облысының бұрынғы әкімі Дархан Са­­тыбалды сияқты қолда бар қаржымен де ше­­шуге болады. Астанада да жақсы тәжірибе бар.

Үкімет үш айдың ішінде арнайы эконо­ми­­калық аймақтарды дамытудың жаңа үлгі­сін бекітуі керек», – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Сондай-ақ Президент өзінің шетелге са­парлары және инвесторлармен кезде­су­лері барысында қол жеткізілген келісімдер­дің орындалуына баса мән беру қажет еке­нін еске салды. 

«Коммерциялық келісімдердің жалпы құны былтырдың өзінде шамамен 75 мил­лиард доллар болды. Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орын­да­мау деген мәселе болмауға тиіс. Бұл жұ­мысты орындауға Президент Әкімшілігі де жауапты.

Ашығын айту керек, бізде мынадай жа­ғымсыз үрдіс пайда болды: жоғары бас­шы­лық деңгейіндегі келіссөздердің алдында өте белсенді жұмыс жүргізіледі, ал кейін тым-тырыс болып қалады», – деді Президент. 

Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкімет мей­лінше дербес болуды сұрады, дербестік беріл­ді, енді іс жүзінде соны дұрыс қолдануы керек. Жұмыстың нәтижесі үшін бірінші бас­шыларға жеке жауапкершілік жүктеледі.

Мемлекет инвесторлар алдындағы мін­дет­темелерін толық орындауы керек. Елге се­нім, іскерлік бедел осылай қалыптасады.

Мемлекет пен жеке серіктестік – эко­но­микаға инвестицияның келуін ынталан­дыра­тын маңызды құралдың бірі. Бірақ елі­міздегі мемлекет пен жеке серіктестік әлеуе­ті дұрыс игерілмей отыр. Инфрақұры­лым­дық жобалардың көбі бұрынғыдай тіке­лей бюджет қаржысына тәуелді. 

«Бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сон­дық­тан мұндай тәсіл көптеген инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыруға бөгет болып отыр. Әлбетте, кез келген қаржы құралы сияқ­­ты мемлекет пен жеке серіктестіктің де өз құны бар. Алайда ол өзін-өзі ақтаса, Үкі­мет аталған механизмді белсенді қолданғаны жөн. Қажет болса, заңнамаға да тиісті өзге­ріс енгізуге болады.

Жедел даму жолына түскен Алатау қа­ла­сы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жо­басы болуға тиіс. Бұл – Smart City қа­ғи­датына сәйкес барлық салаға озық ин­но­вация­лар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қа­лыптастыру қажет.

Осы маңызды мәселе бойынша менің тап­сырмаммен Конституциялық заң әзір­ле­ніп, Парламенттің қарауына ұсынылды. Ма­ған Ұлттық банк пен Қаржылық мони­торинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны тура­лы баяндалды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұн­дай пікір айтылмаған еді. Ойларыңызды сол кезде неге айтпадыңыздар? Егер сіздерде қан­дай да бір қауіп не қарсылық болса, ма­ған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Жұ­мысты алға ілгерілету үшін тиісті тапсырма бе­ре­мін. Бірақ, менің ойымша, бұл шын­дық­қа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер түрлі конференцияда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қал­тырап отыратын емес, нақты жұмыс іс­тей­тін заман.

Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Сондық­тан Үкімет оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуі керек. Шэньчжэнь секілді қалаларды баршаңыз көрдіңіздер. Мен бұл қалаға 1988 жылы алғаш рет барған болатынмын. Ол кез­де балықшылардың шағын ауылы еді. Қазір онда заманауи технологияның бәрі бар, 10 миллионнан аса адам тұрып жатыр. Қытай билігі жеңілдіктер беріп, тәуекелге бел буды. Дэн Сяопин «Батыл реформа жа­саңыздар» деді. 

Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жү­зеге асуы көбіне қаржы секторының бел­сенді атсалысуына байланысты. Бүгінде елі­­міздің қаржы нарығындағы жиынтық ак­тивтердің 84 пайызы банк саласына тие­сілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үле­сі төмен деңгейде қалып, 38 пайызды құра­ды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай, 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы банк­тер экономиканың негізгі қаржылан­дыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген сөз талай рет айтылғанын ескертті. Бірақ сылтау тау­сыл­май­ды.

«Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқ­тық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құрау­шы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қар­жы ресурстарының құны жоғары деген әң­гіме айтыла бастады. Олардың эконо­ми­ка­ны қаржыландыруына осы кедергі кел­тіріп отыр-мыс. Демек, экономиканы қол­же­тімді кредитпен қамтамасыз етудің жал­ғыз жолы – инфляцияны тұрақтанды­рып, деңгейін төмендету, содан кейін на­рық­тық мөлшерлемені азайту.

Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкі­мет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Ха­лықаралық валюта қорының кеңесіне құ­лақ асып, түрлі терминологияны оңды-сол­ды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. 

Әлемде банктермен қатар, сақтандыру және құнды қағаздар нарығы ұзақмерзімді капиталдың көзі саналады. Отандық қаржы жүйесіндегі сақтандыру секторының үлесі мар­дымсыз – 5 пайыз ғана. Мұндай жағдай­ды місе тұтуға болмайды», – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент құнды қағаз­дар нарығы турасындағы өз пайымын айт­ты.  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамы­ту­дың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзір­леуді тапсырады. 

Заманауи өнеркәсіп қалыптастырамыз

Мемлекет басшысы заманауи өндірісті қа­лыптастырудың маңызына да тоқ­талды.

«Бесінші. Жаңа инвестициялар, ең ал­дымен, еліміздегі заманауи өнеркәсіптің не­­­­гізін қалыптастыруға бағытталуы керек.

Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Был­тыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экс­порт­тың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды.

Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жа­сау­ға болады деген сөз емес, керісінше, олар­ға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қа­жет. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне ба­са назар аудару керек.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыз­дан астамы металлургияға тиесілі. Ал ме­тал­лургия секторында экспортқа шы­ға­ры­латын тауардың жартысынан көбі – тө­мен деңгейде өңделген өнімдер. Соның сал­дарынан, ши­кізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа ел­дер­ден сатып аламыз. Пара­докс. Мұндай тәжірибені доғару керек.

Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлде­қай­да пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мы­са­лы, «Qarmet». Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік про­цес­т­ерде оң өзгерістер орын алып жатыр.

Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өн­діру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау ке­рек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байып­ты болуға тиіс», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұ­най саласындағы күрделі ахуалға да тоқ­та­лып өтті. Қазақстанда жылына шамамен 100 мил­­лион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елі­­­­міз­де соның тек 18 миллион тоннасы ға­на қай­та өңделеді.

«Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель оты­ны бойынша тапшылық пайда болып жа­тыр, авиациялық керосин бойынша да им­­­портқа тәуелді болып отырмыз.

Сондықтан отынға деген сұраныстың жо­ғары екенін ескере отырып, елімізде жұ­мыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаң­ғырту керек. Бұл жұмысты жедел орын­дау қажет. Аталған қадам бір жылда өң­де­летін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арт­тыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тон­надан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министр­ліктің мәліметі.

Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құ­рылысына қатысты байыпты шешім қа­был­дауы қажет. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мем­лекет қаржысына салу өте тиімсіз. Жаңа мұ­най өңдеу зауытының құрылысы жөнінде әлі де ойлану қажет. Меніңше, жобаның құ­нын мұқият есептеген абзал», – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар Президент өз тап­сыр­ма­сына сәйкес полиэтилен, бутадиен, кар­бамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жоба іске қосылғанын айтты. Үкімет бұл жо­баларды уақытылы аяқтауға тиіс. Осын­дай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы еліміздің не­гізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, по­липр­опилен) деген сұранысы өтеледі.  Алай­да өзімізде шығарылатын полимерді барын­ша өңдеу ісі жолға қойылмаған. 

Мұнай-газ химиясы және басқа да не­гізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын толықтыру өте маңызды.

«Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік ин­вес­тицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жыл­да бюджеттен геологиялық барлау жұ­мыстарына 500 миллион долларға жуық қар­жы бөлу жоспарланған. Бұл өткен отыз жыл­да жұмсалған қаражатпен тең. Бұл, әри­не, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз.

Геология саласын дамытуға жеке ка­пи­тал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті бо­лып қала береді. Онсыз геологиялық бар­лау жұмыстары әрдайым қазынадан бө­лі­нетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба бо­лып қалуы мүмкін», – деді Президент.

Ауыл шаруашылығында нарыққа қайшы шектеулер бар

Президент ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы мәселелерге де тоқталды.

«Шикізатты терең өңдеу – ауыл шаруа­шы­лығына да қатысты өте өзекті мәселе. Аг­­роөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары қор­даланған мәселелерді шешу үшін емес, тек осы саладағы жалпы өнімді арттыру үшін қа­былданып жатыр деуге болады. Со­ның сал­дарынан әлі күнге дейін азық-түлік им­пор­тына тәуелді болып отырмыз, баға да өсуде.

Атқарушы билік бұған тосқауыл қою үшін негізінен әкімшілік шараларға жү­гі­не­ді. Үкімет осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тікелей реттеуден бас тартатыны туралы айтты. Соған қара­мас­тан, мұндай тауарлар саны 19-дан 31-ге дейін көбейді. Үкімет бұл шешімді уақытша шара деп түсіндірді. Бірақ уақытша деп бас­талған шара әдеттегідей тұрақты сипатқа ие болып кетпеуі керек.

Шешімді қабылдар алдында оның сал­дары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұн­­­­дай әрекетті тоқтату керек.

Үкімет бизнес қауымдастығымен бір­ле­се отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қа­­­­­тысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс.

Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл – айқын нәрсе. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отыр­мыз. Мал шаруашылығының даму стра­тегиясы да, қарқыны да мардымсыз, тү­сі­ніксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада ше­шімін таппай тұрған мәселе көп. Өнім­дердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарда және шаруа қожалықтарында өн­діріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайы­зы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнім­ділік­ті арттыруға кедергі болып отыр.

Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бас­тап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі бір­тұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Бас­қаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірың­ғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жы­лы осындай мәселелер туралы айтуға мәж­бүр болып отырмыз.

Биыл Мал шаруашылығын дамыту жос­пары жасалды. Бұл құжат осы саладағы ол­қылықтарды жойып, оның дамуына жол ашу­ға тиіс. Енді ақыры не болатынын кө­реміз. Мен Жолдауымда және «Turkistan» га­­зетіне берген сұхбатымда шағын шаруа­шы­лықтарды кооперацияға біріктіру қа­жеттігін айттым. Бұл жерде шетелдік тәжі­ри­­бені үлгі ретінде алуға болады. Мысалы, Ни­дер­ландының жүйесін алсақ, онда шаруа­лар кооперациясының нақты әрі біріз­ді жүйесі бар. Соның арқасында олар құ­ны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруа­шылығы өнімдерін экспорттап отыр.

Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құ­руға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет ба­тыл шаралар қабылдауға тиіс. 1 қыр­күйек­ке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы ту­ралы жаңа заң дайындауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі са­палы болуға тиіс. Ашығын айтқанда, Қа­зақ­станда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халық­ара­лық стандартқа сай келеді. Мал дәрі­гер­лерінің жұмысы толық бақылауға алын­ба­ған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды.

Президент бұл саланы біржола тәртіпке кел­тіру қажет екенін айтты. Үкіметке вете­ри­нария саласын дамытудың кешенді бағ­дар­ламасын үш айдың ішінде қабылдауды тап­сырды.

«Құзырлы мекемелер биыл кейбір ай­мақ­та алдымен су тасқыны, содан соң құр­ғақ­шылық болатынын айтуда. Үкімет қазір­дің өзінде нақты іс-қимыл жоспарын әзір­леп қоюы керек.

Тағы да айтарым, табиғи апаттарды бол­жау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұ­мыстың бәрі босқа кетеді. Бізде қажетті тех­нологияның бәрін пайдалануға мүм­кін­дік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауап­ты әрі жүйелі түрде қолданылады де­ген сұрақ туады. Мәселе – сонда.

Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қор­ғауға қажетті шаралар алдын ала қ­а­былдануы қажет. Әр жолы мәселе пайда бол­ған кезде ғана жанталаспай, қиын­дық­тың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек. Көктем де келіп қалды. Үкімет әкімдіктермен бірге су тасқынына қар­сы шараларды сапалы жүзеге асыруға тиіс», – деді Президент.

Жасанды интеллект  кәсіпкерлікті дамытады

Мемлекет  басшысының пайым­дауын­ша,  цифрлық  технологиялардың мүмкіндігі зор. Содан да болар, алтыншы басымдық ре­тінде бұл бағытқа ерекше тоқталды. 

«Алтыншы. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға зор мүм­кіндік береді.

Жалпы ішкі өнімінің 40 пайызға, негізгі ка­питалға салынған инвестицияның 70 пайыз­ға жуығы шағын және орта бизнес са­ла­сына тиесілі. Бұл – кейінгі жылдары жүр­гізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. 

Шикізаттық емес сектордағы даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шара­лары дайын өнім сататын нарық ауқымын кеңейтуге ықпал етуі қажет.

Үкімет «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сы­мен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қол­дау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсы­ныс әзірлеуі керек. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуге тиіс.

Әрбір кәсіпкер смартфон арқылы тіке­лей қолдана алатын біртұтас цифрлық экожүйе жасалуы қажет. Қазіргі реттеу ша­ралары кәсіпкерлерге әкімшілік кедергі ту­ғызады, материалдық шығын келтіреді. Осы кедергілер мен шығындарды азайту үшін кезінде шағын және орта бизнес ны­сандарын тексеруге мораторий жарияланды. Бірақ мораторий мерзімі аяқталған сәтте бәрі қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Мы­салы, 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, был­тыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін арт­қан. Тіпті оның 85 пайызы жоспардан тыс жүргізілген», – деді Президент.

Президенттің пайымдауынша, рет­теу­шілік реформаның жаңа кезеңіндегі басты мін­дет – блокчейн мен жасанды интеллек­тіні пайдалану арқылы цифрлық модельге толық өту.

Бұл ретте «Реттеуші сары парақтар» (Regulatory Yellow Pages) қағидаты басшы­лыққа алынуға тиіс. Стратегиялық жоспар­лау және реформалар агенттігі аталған жұ­мысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет.

«Енді «Экономиканы ырықтандыру ша­ралары туралы» Жарлықты орындау мә­селесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жұ­мыс іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орын­далып жатыр деуге болады. Құзырлы орган­дар құжатта көрсетілген тапсырмаларға атүс­ті қарайды. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауды емес, құр есеп беруді ой­лайды. Соның салдарынан Жарлықта ай­қын­далған басты міндеттер толығымен орын­далған жоқ.

Мысал ретінде мемлекеттік активтерді же­кешелендіру үдерісін алып қарайық. Үкі­мет жекеменшікке өтуге тиіс 473 кәсіп­орын­ның тізімін былтыр қазан айында бе­кіт­ті. Бірақ активтерді саудаға шығармақ тү­гілі, оны сатуға дайындық шараларының өзі әлі басталған жоқ.

«Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң да қабылданбады. «Қандай кедергі пайда бол­ды? Мемлекеттік органдар неліктен өз ак­тивтерінен айырылғысы келмейді?» деген сұрақ­тар болуы мүмкін. Нақты себептер бар шығар, бірақ олар туралы бейхабармын. Шы­нын айтқанда, маған тиісті мағлұмат не­месе ақпарат түскен жоқ.

Себебі бұл активтер мемлекет бюджеті есе­бінен қамтамасыз етіледі, яғни оған қа­зынадан қомақты қаражат жұмсалып жа­тыр. Бұл жағдай жеке кәсіпкерліктің да­муы­на кедергі келтіріп, бәсекелестікті тежей­ті­нін ұмытпауымыз қажет.

Үкімет Жарлықты орындауға қатысты ұс­танымдарды бір айдың ішінде қайта қа­рау­ға тиіс. Басты мақсат – бизнеске, шын мә­­­нін­де, қолайлы жағдай жасайтын нақты ша­ралар қабылдау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көлік логистикасын дамыту – стратегиялық міндет

Президент Үкіметтің  кеңейтілген оты­ры­­­­сында жетінші басымдық ретінде  көлік  ло­гистика саласын атады. 

«Жетінші. Жаңа экономикалық үлгіге кө­шу барысында көлік логистикасын да­мы­туға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет.

Қазақстанның Еуразия құрлығындағы біре­гей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл хал­қымыз кешірмейтін стратегиялық олқы­лық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше.

Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және ин­вестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ре­тінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инф­рақұрылымдық рөлі басым болған тран­зит саласы енді экономикалық сипатқа ие бо­лады. 

Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы те­міржолмен тасымалданады. Сондықтан те­міржол желілерін барынша дамыту – ай­рықша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқ­талды. Теміржол арқылы жүк тасымал­дау мүм­кіндігі едәуір жақсарып, темір­жолдың жал­пы жағдайы тұрақталды. Десек те, елі­міздің теміржол транзиті саласында-ғы әлеуе­тін толығымен пайдалануымыз қажет. 

Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дар­база – Мақтаарал» бағытындағы жаңа те­мір­­­жол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маң­ғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыс­тарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» же­лі­сін уақы­тылы пайдалануға беру керек. Атал­ған мә­селелер туралы жиі айтатын бол­дық, енді нақ­ты нәтижеге куә болайық. Жұ­мыстың қарқынын бәсеңдетуге бол­майды.

Үкімет биыл транзиттік тасымал көле­мін шамамен 65 пайызға, яғни 55 миллион тоннаға дейін көбейтеміз деген ауқымды мін­дет қойып отыр. Ал «Қазақстан темір жо­лы» компаниясының басшысы өз ақ­па­ра­тында бұл жоспарға күмән келтіріп отыр.

Мәселе – бізде емес, іргелес мем­ле­кет­тердің жоспарлары мен мүмкіндіктерінде. Бұл мәселені енді анықтау қажет. Осыған орай «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қа­зақ­стан темір жолы» компаниясы қажетті ша­ра­ның бәрін қабылдауға тиіс», – деді Мем­лекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жүк та­­сымалдаушылардың бәріне ашық және бір­дей қолдау көрсетілуге тиіс екенін ес­керт­ті. Ол үшін ұлттық оператордың жүк ва­­­­­гон­дарын беру жұмысын толық цифрлан­дырып, ретке келтіру керек.

«Теміржол саласындағы тариф саясатын ре­формалау – кезек күттірмейтін міндет. 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясатының тұ­жырымдамасына қатысты түпкілікті ше­шім қабылдануға тиіс. Тариф саясаты, бұл – аса маңыз­ды тақырып, көлік стратегиямыздың өзегі саналатын мәселе.

Үкімет теміржолмен қатар автокөлік та­сымалын дамытуға қатысты ірі жобаны да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет. Мен «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртын­дағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын.

Автокөлік тасымалын дамыту туралы айт­қанда, ең алдымен, жолдың сапасы мен қауіп­сіздігіне қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Жаңа жылға дейін жасанды ин­теллектіні пайдалана отырып, автокөлік қоз­ғалысын реттейтін цифрлық платфор­маны іске қосу керек.

Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бе­кеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Был­тыр 9 бекет іске қосылды. Келесі жыл­дың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаң­ғыртылады. Бірақ бекеттердің сапасына да қарауымыз керек.

Цифрлық тәсілдер және жасанды и­тел­лектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әл­сіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мем­лекеттердің ақпараттық жүйелерін өза­ра байланыстыру керек.

Мен Жолдауымда жүк тасымалын бас­қаратын Smart Cargo цифрлық плат­фор­ма­сын, сондай-ақ кеден рәсімдерін жасайтын Keden жүйесін енгізуді тапсырдым. Қазір осы жүйелер пилоттық режимде жұмыс іс­теп тұр.

Барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың то­лық іске қосылуын тездету керек. Осылай­ша, біртұтас интеллектуалды көлік экожүйе­сі қалыптасады», – деді Президент.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы ал­дымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұр­ғанын атап өтті. «Біз әрдайым бір қадам ал­да жүруіміз керек. Ойланып-толғанып оты­ратын уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Шынын айтқанда, бүгінгі қаралып жатқан мәселелер – белгілі, олар Жолдауымда да, Ұлттық құрылтайда да көтерілді.

Үкімет мүшелері, иә, айналамызда жүр­ген «сарапшылар» ел экономикасының ал­дында тұрған түйткілдерді шешу жолын тез арада ұсынады деп күтудің қажеті жоқ де­ген сияқты пайымдаулар бар екенін біз жақ­сы білеміз.

Біз бәсекеге қабілетті ел болуымыз ке­рек. Бәсекеге қабілетті болсақ, болашағымыз да жарқын болады. Негізгі басым­дық­тары­мыз өзгермейді. Азаматтардың табысын арт­тырып, тұрмыс сапасын жақсарту басты мін­дет болып қала береді.

Үкімет, орталық және жергілікті атқару­шы органдар өз жауапкершілігін толық се­зініп жұмыс істеуге тиіс. Үкіметтің бірінші ке­зектегі міндеті – батыл, күмәнсіз шешім­дер қабылдау үрдісін жаңғырту.

Ел игілігі және азаматтардың мүддесі үшін еңбек ету қажет. Әрбір тапсырма уақы­ты­лы әрі сапалы орындалуы керек. Ең бас­тысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтиже болу­ға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.