Кейінгі күндері өзен бойынан балықтың жаппай қырылғаны туралы видеолар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамның алаңдаушылығын тудырды. Кадрлардан өзен жағалауы өлі балыққа толып, судың тіршілік атаулыға қауіп төндіріп тұрғаны анық байқалады.
Жергілікті тұрғындар түсірген бейнематериалдардан кейін экобелсенділер дабыл қақты. Солардың бірі Шымкент қаласының экобелсендісі Сергей Ефремов Бадам өзенінің жағалауында бұрын-соңды болмаған сұмдық көрініске куә болғанын айтады. Оның сөзінше, жер бетіне толығымен өлі балық шығып, өзен экожүйесінің күрт бұзылғаны анық байқалған.
«Мұнда балық жайдан-жай қырылып жатқан жоқ. Суда қандай да бір улы зат болуы мүмкін. Флора мен фаунаға химиялық заттардың тигенін жоққа шығаруға болмайды. Адамдар балықты қап-қаппен жинап жүрді. Мұндай балықты тұтыну адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Менің ойымша, бұл бүкіл экожүйеге ауыр соққы болды», – деп дабыл қақты белсенді.
Алдын ала жүргізілген зертханалық талдаулар өзен суының құрамында күкірт қышқылының бар екенін көрсеткен. Бұл дерек жағдайдың кездейсоқ емес, техногендік сипатта екенін аңғартады. Мамандардың айтуынша, мұндай химиялық қосылыстар су экожүйесіне түскен жағдайда балықтардың жаппай қырылуына әкелуі әбден мүмкін. Оқиғаға байланысты Шымкент қаласының Экология департаменті жедел түрде әрекет етті. Мамандар өзен арнасының үш түрлі нүктесінен су сынамаларын алып, балықтардың қырылу аймағына дейінгі және кейінгі судың жағдайын салыстырмалы түрде тексеруге кірісті. Сонымен қатар өзенге құйылған ағынды сулар да жеке зерттеуге жіберілді. Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтың мәлімдеуінше, тексеру барысында маңызды дерек анықталған.
«Арнайы экономикалық аймақ «Оңтүстік» аумағынан Елеман шағынауданына қарай тартылған кәріз құбыры Бадам өзенімен қиылысатын тұсында жарылған. Соның салдарынан ағынды, сарқынды сулар өзенге тікелей түскен. Қазір құбыр қалпына келтіріліп, сарқынды судың төгілуі толық тоқтатылды. Заңды бұзған мекемеге қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары тағайындалуда», – деді ол.
Алайда басты сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Бұл құбыр нақты қай мекемеге тиесілі? Қазір екі нысан күдікке ілінген. Оның біреуі мемлекеттік құрылым болса, екіншісі жекеменшік кәсіпорын. Тергеу нәтижесінде кінәлі тарап анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны хабарланды.

Балық өлекселерінен де сынамалар алынып, Шымкент қаласының аумақтық ветеринариялық инспекциясына және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Алдын ала мәлімет бойынша, қырылған балықтардың арасында 2-5 жастағы қарабалықтар, торта, тибет талма балығы мен өзен абботиналары бар екені анықталған. Бұл өзендегі биоалуантүрліліктің едәуір зардап шеккенін көрсетеді. Қазір мамандар табиғатқа келтірілген залалды есептеу үшін өлі балық шабақтарын жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жиналған деректердің негізінде экологиялық шығын көлемі анықталып, құқық бұзушы тарапқа қатысты нақты шешім қабылданбақ.
Бұл жолы экоактивистер мен жергілікті тұрғындар мәселенің тек сарқынды сулармен шектелмейтінін айтып отыр. Өзен жағалауының қоқысқа толуы, бақылаусыз өндірістік қалдықтар мен экологиялық мәдениеттің төмендігі – Бадам өзенінің болашағына төнген үлкен қауіп. Бадам тек бір өзен емес, ол қала экожүйесінің бір бөлігі, мыңдаған тіршілік иесінің мекені. Бүгінгі жағдай табиғатқа салғырт қараудың салдары қандай ауыр болатынын көрсететін ащы сабақ. Егер нақты шешімдер қабылданып, жауапкершілік күшейтілмесе, мұндай экологиялық апаттар қайталана беруі әбден мүмкін.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы