Ресми баяндамаларда жалақы өсіп жатыр, жаңа мектептер мен емханалар ашылып, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен әлеуметтің әлеуетін арттыратын шаруалар шетінен шешіліп жатқаны баяндалады. Бұл – жақсы үрдіс, десек те маман тапшылығы әлі де бары жасырын емес. Түйткілді мәселе Ақмола өңірінде де жылдар бойы қордаланған күйде тұр.
Өңір еліміздің дәл жүрегінде орналасқан, елорданың тап іргесінен қоныс тепкен, стратегиялық маңызы аса зор. Бірақ аймақтың басым бөлігі дәрігерсіз, мұғалімсіз, инженерсіз, кәсіби мамансыз қалып барады. Бұл – бір жылдың, бір бағдарламаның, бір министрдің мәселесі емес. Таяуда Үкімет басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен облыс орталығында өткен алқалы жиында құзырлы сала министрлері аймақтағы талайдан бері қордаланып, халықтың ащы жанайқайына айналған мәселелерді шетінен жіпке тізді. Оның ішінде әсіресе адами капитал, яғни білікті кадр тапшылығының түйіні тарқатылмаған.
Статистикаға сенсек, Ақмола облысындағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2024 жылы 74,2 жасты құраған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 1,24 жылға төмен. Сандық есеппен алсақ, бұл айырмашылық тым аз болып та көрінуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың өткен жылдың қорытындысы жайлы баяндамасында аймақтағы жағдайдың шынайы бейнесін айқара ашып берді. Министрдің дерегіне жүгінсек, жалпы өлім көрсеткіші аздап төмендегенімен, өңір үшін шешуші саналатын себептер бойынша жағдай аса қатты ушығып отыр. Қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім бір жарым еседен астам өссе, қатерлі ісіктерден өлім көрсеткіші 14 пайызға артқан. Инфаркт, онкология, инсульттың алдын алуға, ерте анықтауға болатын аурулар бола тұра, Ақмола облысында олар адам өлімінің басты себебіне айналып тұр. Бұл – медицинаның әлсіздігі емес, медицинаны ұстап тұрған кадрлардың жетіспеуі.
Облыста медициналық кадр тапшылығы 650-ден астам штат бірлігіне жеткен. Оның ішінде 220-ға жуық дәрігер, 430-дан астам орта буын медицина қызметкері жоқ. Ең сорақысы, тапшы мамандықтар – дәл адам өміріне тікелей жауап беретін салалар болып тұр. Терапевттер, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, хирургтар, сондай-ақ кардиологтар жетіспейді. Сондықтан да бір дәрігер бірнеше адамның жұмысын қатар атқаруға мәжбүр. Бір маман тәулік бойы кезекшілік пен есептің арасында жүреді. Мұндай жағдайда сапалы медицина туралы айту іс жүзінде өз-өзіңді алдау екені айтпаса да түсінікті.
Былтыр өңірде ана өлімі 4,5 есеге дейін өскен. Төрт бірдей жүкті әйел сәбиінің іңгәлаған тәтті дауысын естіместен ауруханада қайтыс болды. Бұл – жай ғана көрсеткіш емес, бұл – төрт бірдей отбасының трагедиясы, төрт баланың анасыз қалуы, төрт тағдырдың мерзімінен бұрын үзілуі десек, артық айтпаспыз. Министрлік баяндамасында бұл өлімнің басым бөлігі басқарылатын, алдын алуға болатын себептерден болғаны ашық айтылды. Яғни, мәселе кездейсоқтықта емес, медициналық көмектің дұрыс ұйымдастырылмауында, соның ішінде кадр тапшылығы мен жауапкершіліктің әлсіздігінде екені айқын көрінген.
Шынында да, әлеуметтік желіде желдей ескен халықтың медициналық қызметке сенімі төмендеп барады. Оған дәлел, өңірде денсаулық сақтау ұйымдарына түскен шағым саны бір жылда 33 пайызға артқан. Шағымның басым бөлігі негізді деп танылған. Басты себеп кадр тапшылығы, кезек, немқұрайдылық, этиканың бұзылуы болып отыр. Ақмола облысында медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 40 пайыздан сәл ғана асқан. Бұл әрбір екінші адам жүйеге сенбейтінін айғақтай түседі.
Өкінішке қарай, дәл осындай көрініс білім саласында да қайталанып отыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірдегі білім беру саласында жылдар бойы қордаланып, бірақ мойындалмай тоң болып қатқан мәселелерді жіпке тізді. Министрдің дерегінше, Ақмола облысында жүздеген мұғалім жетіспейтін болып шықты. Әсіресе, математика, физика, химия, информатика, тіл пәндері бойынша тапшылық айқын сезіледі. Мыңдаған педагогтің санаты жоқ, «педагог-шебер» атағы бар мұғалімдер саусақпен санарлық халге жеткен. Тіпті, олардың өзі зейнет жасына жақындаған. Мұғалімдердің жартысына жуығы кәсіби білімді бағалау тестінен өте алмаған. Бұл – кадр тапшылығы ғана емес, кадр сапасының жүйелі құлдырауы екені сөзсіз.
Ақмола облысы шағын жинақты мектептер саны бойынша республикада көш басына шыққан. Сынып комплектілері толмағандықтан, жүздеген мектепте сыныптар біріктіріліп оқытылады. мұғалімдер өз мамандығына қатысы жоқ пәндерден сабақ беруге мәжбүр. Мұнымен қоса, интернет әлсіз, цифрлық мүмкіндік шектеулі. Мыңдаған орын бос тұр, ал сол бос қабырға мен бос партаны күтіп-ұстауға бюджеттің миллиондаған қаржысы шығындалып отыр. Бұл білім жүйесіндегі тиімсіздіктің нақты көрінісі екені айдан анық.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да жағдай мәз емес. Жүздеген тәрбиеші жетіспейді, жекеменшік балабақшаларда білікті кадр үлесі тым төмен деңгейге жеткен. Колледждерде, әсіресе аграрлық бағытта, заманауи техника мен нақты өндірістік база жоқ. Яғни, алтын бесік ауылды дамытамыз деп мемлекет қазынасынан миллиардтар бөлінгенімен, іс жүзінде сол ауылдарды аман сақтауға мүмкіндік беретін ең басты қажеттіліктің бірі білікті маманды даярлай алмай отырмыз.
Саланың серпілмеуіне себеп болып тұрған бүгінгі басты қателік – кадр мәселесін тек көтермеақы мен біржолғы төлем арқылы шешуге тырысу сияқты. Пеш жағатын үй, интернетсіз ауыл, мұғалім жұмысындағы қағазбастылық, түн ортасына дейін созылатын жұмыс, WhatsApp арқылы үздіксіз бақылау – мұндай жағдайда ешбір жас маман ұзақ тұрақтамайтыны айдан анық. Бұл жерде мәселе жалақыда ғана емес, еңбек жағдайында, кәсіби қадір-қасиетте, өмір сүру сапасында болса керек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы