Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған байланысты бірқатар қоғам белсенділері мен депутаттар қабылданған жаңа Конституция жайлы өз пікірімен бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жанарбек Әшімжанов, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
15 наурыз – тек дауыс беру күні емес, еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңі
Референдум күні – 15 наурызда Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды.
Соңғы айларда конституциялық реформа төңірегінде қоғамда аз әңгіме болған жоқ. Әрине, заңды құбылыс.
Мемлекеттің Ата Заңы – Конституция тек құқықтық құжат емес, ол елдің саяси құрылымы, билік тармақтарының тепе-теңдігі, азаматтың құқығы мен мемлекеттің жауапкершілігін айқындайтын төлқұжат.
Конституциялық комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты ретінде осы жұмыстың қалай жүргізілгені, қандай қағидаттарға сүйенгеніміз және бүгінгі тарихи шешім туралы айтып өтейін. Жаңа Конституция жобасын әзірлеу үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Кейбір азаматтар «неге комиссия тек заңгерлерден тұрмайды?», – деп сұрайды. Алайда Конституция – тек құқықтық нормалар жинағы емес. Ол мемлекетті басқару моделі, экономикалық негіз және қоғамдық қатынастар жүйесі. Сондықтан оны талқылауға әртүрлі саланың мамандары – заңгерлер, экономистер, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, сарапшылар тартылды.
Комиссия құрамына Парламенттегі барлық партиялар – "AMANAT", Ақ жол, Ауыл, ЖСДП, ҚКП, Respublica өкілдері енді. Бұл біржақты шешімдердің алдын алып, жұмыстың ұлттық мүдде аясында жүргізілгенін қамтамасыз етті. Комиссия өкілдік қағидатымен қатар, кәсібилік пен қоғамдық бедел өлшемдерін де негізге алды. Біздің мақсатымыз – формалды көпшілік емес, мазмұнды әрі жауапты шешім қабылдау еді.
Ашықтық – реформаның басты ұстанымы болды. Комиссия жұмысы толық жария форматта өтті. Отырыстар Конституциялық соттың ресми ресурстарында тікелей эфирде көрсетілді. «Конституциялық реформа 2026» Telegram арнасы ашылып, барлық өзекті ақпарат жарияланды. Комиссия мүшелері БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы талқылаулардың мазмұнын түсіндіріп, қоғаммен тұрақты диалог жүргізді. Ашықтық тек трансляция жасау емес. Негізгі мақсат – қоғамды шешім қабылдау процесіне тарту. Адамдар қандай нормалар қаралып жатқанын көруі, түсінуі және өз пікірін білдіруі үшін қажет болды. Бүгінде қоғамдық орталарда, әлеуметтік желілерде жүріп жатқан пікірталастар – осы ашық жұмыстың нәтижесі.
Жаңа редакция аяқастынан пайда болған жоқ. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламентті реформалау бастамасын жариялады. Осыдан кейін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, азаматтардан ұсыныстар қабылдай бастады. E-Otinish және eGov платформаларында арнайы бөлім ашылып, қазан айынан бастап жүздеген өтініш келді. Саяси партиялар мен бастамашыл топтардан 1 600-ден астам ұсыныс жолданды.
Ұсыныстардың мазмұны жекелеген түзетулермен шектелмей, жүйелі өзгерістер қажеттігін көрсетті. Сондықтан толыққанды Конституциялық реформа жүргізу және арнайы комиссия құру туралы шешім қабылданды. Барлық ұсыныстар біртұтас, логикалық үйлесімді жобаға біріктірілді. Нәтижесінде, өзгерістер Конституцияның барлық бөлімдеріне әсер етті. Қоғамды «неге жаңа редакция?» деген сұрақ алаңдататыны анық. Ұсынылған жобада кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар (қолданыстағы редакцияда – 9 бөлім, 101 бап). Екі жаңа бөлім енгізілді: «Халықтық кеңес» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Төрт бөлімнің атауы мазмұндық тұрғыдан қайта қаралды. 77 бапқа өзгеріс енгізілді. Бұл мәтіннің 84 пайызын қамтиды. Заңнамаға сәйкес, егер нормативтік актінің жартысынан астамы өзгерсе, жаңа редакция қабылданады. Демек, сөз косметикалық түзетулер туралы емес, Конституцияның логикасы, құрылымы және қағидаттарын қайта қарау туралы болып отыр.
Қорытындылай келе, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау немесе қабылдамау туралы соңғы сөзді халық айтады. 15 наурыз – тек дауыс беру күні емес, еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт болары хақ.
Жазира Бегалы, журналист:
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы
Ата Заңның жаңа жобасын қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдумның 15 наурызда өтетіні әйгілі болды. Жарты жылға жуық күндіз-түні талқыланып, сарапталып, қоғам пікірін ескере отырып жазылған жаңа Конституция бойынша енді халық өз шешімін қабылдайды.
Қазақстан саяси өзгеріс алдында тұр. Бұрын Конституция 12 адамның қатысуымен дайындалса, жаңа заң жобасын әзірлеуге 130 адамнан құрылған комиссия қатысты. Әлеуметтік топтар, қоғамдық бірлестіктер, аймақтардың пікірі ескерілді. Жаңа Конституцияның преамбуласы толықтай жаңарды. Не өзгерді? Адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқын жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде белгіленді. Егемендік пен тәуелсіздік, елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені тағы да нақты жазылды. Жаңа Конституцияның басты идеялары ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация айқындалды. Демек, болашаққа апарар жол тек ресурсқа емес, ой мен білімге сүйенетін мемлекет құру. Дегенмен соңғы шешімді еліміздің азаматтары қабылдайды. 15 наурыз – жай ғана күн емес, ел тағдырына қатысты тарихи таңдау күні.
Асхат Қасенғали, саясаттанушы:
Жаңа Конституция жобасының әзірлену үдерісі де ерекше сипат алды
Соңғы үш жылда екі референдум өтті. Сарапшылар оны жаңа саяси кезең деп атап жатыр. Бұл басқару моделіне, экономикалық бағытқа, энергетика саласына қатысты шешімдерге әсер етті. Қоғамдық, мемлекеттік жауапкершілікті қайта айқындайтын тарихи шешімдер болды.
Алғашқы референдумда Конституцияның бірқатар баптарына өзгерістер енгізіліп, суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тарту қадамы жасалды. Президент өкілеттігінің бір мерзіммен шектелуі, билік тармақтарының теңгерімін күшейту, саяси монополияның алдын алу секілді нормалар енгізілді. Бұл саяси жүйені институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған нақты қадам деуге болар.
Екінші референдумда АЭС құрылысына қатысты мәселе көтерілді. Бұл жолы сөз саяси модель туралы емес, елдің ұзақмерзімді экономикалық және энергетикалық көзқарасына қатысты болды. Әлбетте, көтерілген мәселені қолдаушылар да, қарсы болушылар да, қалыс қалғандар да табылды. Ол – заңдылық. Әр адамның өз ойы бар. Дегенмен екі референдумды көрдік.
Енді, міне, үшінші референдум өтпек. Президенттің Жарлығымен 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу бекітілді. Референдумға бір ғана сауал шығарылады: «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?». Міне, осындай сұрақ болады. Нұсқалар да екеу болатын сияқты. «Қолдаймын», «қолдамаймын» деген. Ол жағын ОСК айта жатар.
Бұл жолы әңгіме жекелеген түзетулер туралы емес, тұтас конституциялық архитектураның тағдыры жайында болмақ. Жаңа Конституция жобасының әзірлену үдерісі де ерекше сипат алды. Арнайы цифрлық платформалар арқылы 5 мыңнан астам ұсыныс түскені айтылды. Комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіліп жатты. Азаматтар өздерін толғандырған баптар бойынша сұрақтарын, ұсыныстарын жолдап жатты. Комиссия мүшелері мәтінге ұсыныстарды кіргізгенін айтуда. Желіде өте қызу талқы болды. Бұл қоғамның тек бақылаушы емес, құқықтық процестің белсенді қатысушысына айналғанын көрсетеді. Қоғам саяси-экономикалық сұрақтар бойынша баяғыда-ақ пісіп-жетілген. Жалпы, маңызды сұрақтарды референдум арқылы анықтау тәжірибесі дұрыс.