Жас зерттеушілер ғылыми ізденістерін тереңдету мақсатында 2026 жылдың 2-5 ақпан аралығында Астана – Алматы – Тараз бағыты бойынша арнайы зерттеу сапарына барған.
Астананың жас ғалымдары Ораз Жандосов мұрасын зерттеді
Фото: gov.kz
116
оқылды

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған 8-11-сынып оқушылары арасындағы ғылыми жобалар байқауында №73 физика-техникалық лицейдің оқушылары үлкен жетістікке жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

№73 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Гаури Жомартованың жетекшілігімен «Жасанды интеллект: Ораз Жандосовтың қоғамдық-саяси мұрасын жүйелеу және визуализациялау» тақырыбында ғылыми жоба қорғаған 10-сынып оқушылары Жансері Сенғазы мен Естай Ертай І дәрежелі диплом иеленіп, Қарағанды қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Жас зерттеушілер ғылыми ізденістерін тереңдету мақсатында 2026 жылдың 2-5 ақпан аралығында Астана – Алматы – Тараз бағыты бойынша арнайы зерттеу сапарына барып келді. Экспедицияның басты мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың жеке және отбасылық мұрағаттарымен танысып, тың деректер жинақтау еді.

Сапар Алматы қаласынан басталды. Мұнда жас ғалымдарды Мүсірәлі Жандосовтың немересі Қайсар Жандосов қарсы алып, әулет тарихымен таныстырды. Зерттеу тобы Ораз және Санжар Жандосов атындағы көшелерді аралап, тұлға есімі ұлықталған орындарды көрді. Сондай-ақ  Жандосов ауылында әулет үлкендерімен кездесіп, тарихи естеліктерге қанықты. Әулет зиратына барып, Ораз Жандосов пен оның жақындарының рухына тағзым етті.

Экспедиция барысында жас ғалымдар Алматыдағы ұлттық кітапханада болып, сирек қордағы құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Ораз Жандосовтың түпнұсқа фотосуреттері, жеке хаттары, қызметтік жазбалары мен жеке заттары зерттелді.
1918-1929 жылдары жарық көрген «Ауыл коммунисі», «Еңбекші қазақ», «Садақ» басылымдарындағы мақалалар мен материалдар зерделенді. Төте жазумен жазылған құжаттарды оқуда мамандар көмек көрсетіп, тарихи деректердің мазмұны нақтыланды.

Зерттеу сапары барысында Жандосов атындағы ауылдағы О.Жандосов атындағы мектепке арнайы барды. Мектеп ұжымы мен оқушылар жас ғалымдарды ерекше құрметпен қарсы алып, концерттік бағдарлама мен қолөнер көрмесін ұсынды. Мектеп музейіндегі жәдігерлер мен фотоматериалдар да зерттеу жұмысына енгізілді.

Сонымен қатар  Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде болып, Ораз және Оразәлі Жандосовтардың тағдырына қатысты деректермен танысты.

Сапардың соңғы күні зерттеу тобы Тараз қаласына барып, Текелі комбинатының негізін қалаушы Оразәлі Жандосовтың қызы 98 жастағы Райса апаймен кездесіп, ғасыр жасаған кейуананың ақ батасын алып, әулет тарихына қатысты құнды мәліметтерге қанықты.

«Сапар барысында жас зерттеушілер Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметіне қатысты жаңа деректер жинақтады, түпнұсқа фотосуреттер мен мұрағат құжаттарын зерделеді, ғылыми жобаның дерекқорын толықтырды. Қазіргі таңда зерттеу тобы жиналған материалдар негізінде деректі фильмнің екінші бөлімін әзірлеудеміз», – деп ой бөлісті жоба жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Гаури Ботаханқызы.

Қазіргі уақытта жас тарихшылар фотосуреттер мен тарихи құжаттарды пайдалана отырып, виртуалды музей құру жұмысын жүргізіліп жатыр.

«Бұл ғылыми сапар ұлт қайраткері Ораз Жандосовтың өмір жолын тереңірек тануға, тарихи сананы жаңғыртуға және ұлт руханиятын дәріптеуге үлкен мүмкіндік берді. Жандосовтар әулетінің қолдауы мен мұрағаттық материалдарға қол жеткізу бізге тың серпін сыйлады, ғылыми ізденістерімізді жаңа деңгейге көтерді», – дейді 10-сынып оқушысы Естай Ертай.