Жамбыл облысындағы "Аса–Ақкөл" автожолында жолаушылар автобусы мен жеңіл автокөлік соқтығысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, жолаушылар тасымалдайтын Van Hool автобусының жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан автобус Volkswagen Golf автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл көліктің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал жүргізуші түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді.
Жамбыл облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жан-жақты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты құқық қорғау органдары жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтауды, қауіпсіз арақашықтық ұстануды, қажет болмаса алыс жолға шықпауды және төтенше қызметтердің ресми хабарламаларын қадағалап отыруды ескертті.