Қайым Мұхамедханов – қазақ руханиятының күрделі кезеңде­рінде ғылыми адалдықтан айнымай, Абай мұрасын, Шәкәрім шығармаларын, Алаш арыста­рының еңбегін қорғап, кейінгі ұрпаққа аман жеткізу жолында қайыспай еңбек еткен бірегей тұлға.
Адамшылық қарызы үшін...
104
оқылды

Ғалымның азаматтық болмысы бала кезден-ақ қалыптасты. Оның өмірлік ұстанымы мен қайсар рухының қайнар бастауы – әке тәлімі мен Мұхтар Әуезов мектебі десек қателеспейміз. Ал күрескерлік болмысын шыңдаған Алаш өнегесі екені анық. 

Қ.Мұхамедханов табанды ізденісімен, мұқият зерттеп-зерделеуімен қазақ­тың жы­раулық, ежелгі батырлық жырла­рындағы әде­би сөз қолданысы мен байырғы сөз сап­тау, сөз қолдану мәдениетіне және ескі дү­ниетанымына сүйене отырып, сол мұра­лар­дың тіл тазалығын, ой тазалығын да сақтап қалды.

– Кез келген парасат иесінің орны оның сол өзі сүрген қоғамдағы ақыл-ой, рухани қасиеттердің дамуына қосқан үлесі арқылы белгіленеді. Бұл тұрғыдан алғанда Қайым Се­йітқұлұлы өзінің өмір сүруімен де қа­зақтың қоғамдық ғылымдарының 1930-1990 жылдардың арасындағы шешуші, тұрақты және бағдар ұстар бағанасы болды. Себеп: бұл мерзімде қазақ қоғамдық ғылымдарын­дағы өте тұрақсыз, тиянақсыз, сатқындық пен сатымсақтыққа негізделген пікірлер орын алып тұрды. Өзгені былай қойғанда, қазақпен бірге өмір сүруге тиісті руханияттың өзегі – Абайдың өзінің діңгектері сан рет шайқалып, сан рет қозғалысқа түсті. Сол арқылы Әуезов бастатқан тұлғалар да алып бәйтеректей құлап барып қайтадан орнына тұрды. Құлап кеткендер қаншама?! Міне, сон­дай аласапыран кездерде шыбық та бол­са, бәйтерекке сүйеу болған, өзінің пікіріне адал қайсар тұлғалар болды. Олар жоқ емес, бар. Соның бірі – Қайым Мұхамедханов, – дей­ді ғылым докторы, абайтанушы және алаш­танушы ғалым Тұрсын Жұртбай.

«Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын Қазақ КСР-ның әнұранын жаз­ған Қайымның еңбектері 1936 жылдан жа­риялана бастаған екен. Ол артына 100-ден аса өлең мен поэма,1000-нан астам ғылыми еңбек қалдырды. Қазақ әдебиетінде орыс про­засын қазақ поэтикалық тілімен аударған үш қана мысал бар болса, Мұхамедханов ау­дарған Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» шығармасы Абай аударған М.Лермонтовтың «Вадим», Шәкәрім аударған А.Пушкиннің «Дубровский»-мен қатар тұр. Қайым пьеса да жазды, аударма да жасады.

Қ.Мұхамедхановты зерттеп, зерделеген ғалымның көбі, оның ғылыми қызметін абай­тану мен шәкәрімтану салаларының қа­лыптасуымен тығыз байланысты деп баға­лайды. Абайтанушы, қауымдастырылған профессор Арай Жүндібаева: – Абайдың бейнесі, шыққан ортасы, әулеті, шығарма­ларының жазылу тарихы, хатқа түсуі мен жинақ болып жарық көруі – мұның бәрін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Осыны алғаш ғылыми тұрғыда тұтас қамтыған тұл­ға – Қайым Мұхамедханов, – дейді.

Ғалымның ғылыми мұрасындағы шоқ­ты­ғы биігі Абайдың ақындық айнала­сы мен шәкірттері туралы еңбектері екені сөзсіз. Қа­зақ әдебиетінің абайтану тармағына үңіл­генде 1930 жылдардың аяғында Абай мұ­расына жойылып кету қаупі туған, Абай сөзі бұрмаланып, шығармалары зерттелмей, қол­жазбалары мен жеке заттары жоғала бас­таған тұстағы Қайымның қажырлы еңбегі мен қайсар рухына қайран қаласың.

– Азаттық аңсары басқа сезімнің бар­лығынан биік, барлығынан терең Мұхтар Әуезов пен қайыспаған қайсар Қайым Мұ­хамедхановты сөз сиқырына сұғынтып жүріп орға құлатқан да, өзгелерден бөлекше биік шыңға шығарған да – осы Абай өлеңінің сағымы. Қазақ әдебиетінің көсегесін көгер­туге атсалысқан ақынның айнымас жыр­ла­рын жаңа белеске көтерген аз ғалымдардың жуан ортасында жүріп, сөз сиқырының қиян шыңына көтерілу айтуға ғана оңай: Әйтпесе, Қайым Мұхамедханов үшін үлкен уақыт сы­ны – қияметтің қылкөпірі болғаны белгілі, – дейді абайтанушы Алмахан Мұхаметқа­лиқызы. Ал Қайымның қазақ ғылыми ойын дамытудағы қияметтің қылкөпіріне пара-пар ғұмыры жайлы Тұрсын Жұрбай: 

– Бұл ретте қоғамдық пікірді ғылыми ой­дың даму бағытын қалыпта сақтап қалу­дағы Қайымның алғашқы еңбегі Абай, Абай­дың айналасы және оның рухани мұрасы туралы болды. Абайдың жеке басын былай қойғанда, оның артын із-түзсіз қалдырғысы келген бағыт болды. Абайда шәкірт те жоқ, Абайдан кейін ақын да жоқ. Абай жалғыз ай­даладағы бір қу ағаш. Саясы түсетін еш­те­ңе жоқ. Абай қазақ халқының ақыл-ойын дамытуға ешқандай үлес қосқан жоқ деді. Соны айтқан «сақтаған бәйішев, сол нұры­шовтар» өздері қазақтың саясы болғысы кел­ді. Тіпті, оны айтпағанда, сол кездегі алғашқы мақаласын жазып жүрген адамдар 1977 жылы Тұрағұлдың қызы Ақылияның естелігін жариялағанда, менің соңымнан түсіп, соны жариялаған Сағат Әшімбаевқа сөгіс беріп, мені жұмыстан шығарсын деді. Соған дейін өмір сүргендер болды. Олар қазаққа белгілі тұлғалар. Ол тыйылмайтын еді... Қазір де бар «Абайсыз өмір сүреміз, Абай жоқ» деп жүр­гендер... Абай деп жүріп Абайдың бұтағын қиып жүргендер бар, – дейді.

Мына жалғанда бақ пен сордың ара­сын айыра алмай, өлермен күй ке­шіп, өзінше өмір сүретіндер бар шығар. Бірақ адамшылық қарызын білген Қайым ұстазы Мұхтар Әуе­зовтің бағыт-бағдарымен Абайдың тұңғыш мұражайын ашу, Абай шәкірттері мен із­басарларының мектебін құру және ойшыл-ақынның құнды сөзін текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу секілді ізденіске толы «тар жол, тайғақ ке­шулерден» өтті. Сыналды – шыңдалды, қайыспады, сынбады.

– Қайымның ерлігі жекелеген емес бүкіл қоғам жабылған кезде Абайға және оның ғылымына, біліміне, рухына, айналасына бір жас шыбық ретінде қасарып тірелеп тұрып алды. Соның арқасында Абай ғылымы өлген жоқ. Абайдың шәкірттері бар. Демек, ар­тын­да халқы бар. Егер Абайдың ақын шәкірттері деген ұғымды жойып тынсақ, онда Абай да бітті деген сөз. Оны зерттеген Әуезов кетті де­ген сөз. Әуезов кетті, Абай кетті... кім қал­ды? – дейді Т. Жұртбай. 

Басының бағы үшін емес, адамдық бо­рышы алдында Тұрсын Жұртбай айтқандай, сатқындық, сатымсақтық асқынып тұрған қоғамда Мұхамедханов халқына адалды­ғы­мен, қайсарлығымен шамшырақ бола алды. 1951 жылы М.Әуезовтің ғылыми жетек­ші­лігімен «Абайдың әдеби мектебі» деген та­қырыпта қорғаған диссертациясының соңы қызғаншақ, жалақорлардың айтағымен қу­ғын-сүргінге айналады. Бұл кезең туралы ғалымның өзі: «1951 жылы сәуірде «Абайдың әдеби мектебі» атты еңбегім бойынша кан­дидаттық диссертация қорғадым. Оның арты дау-шарға, пәле-жалаға ұласты. Ақырында халық жауы ретінде бес адам 25 жылға кесіліп, айдалдық. Олар: Е. Бекмаханов, Е. Ысмайы­лов, Б. Сүлейменов, Қ. Жұмалиев және мен – Қ.Мұхамедханов» деп естелік қалдырғаны бар. 

Тағдыр талқысы аталған бесеуді аяма­ға­нын тарихтан білеміз. Қандай азап көрсе де, олардың өмірлік серттен айнымай, ар-ождан алдындағы адалдықтан аттамаған өнегесін үйрене алсақ... «Әуезовке қарсы қол қой­ған­ша, өлгенім артық» деп қасарысқан Қайымға «Әуезовтен, Абайдан бас тарт» деп тергеу­ші­лер ойына келгеннің бәрін жасады. Тұрсын Жұртбай Қ.Мұхамедхановтың абақтыда көрген азабы туралы өзінен естіген естелігін еске ала отырып:

– «Мен түрмеде жатқан кезде Әуезов осы­ны зерттеді, Абайда шәкірт жоқ деген бір-ақ нәрсеге қол қойып бер, болды. Сені босатамыз, кандидаттығыңды қалпына кел­тіреміз, ректорлыққа ұсынамыз» деді. «Зәрем ұшып кетті, Абай жоқ, оған тіреліп тұрған Әуезов жоқ болса, шәкірттер, бала-шағасы жоқ. Сонда кім қалды... Мен қайтіп, кімге ті­рек боламын. Одан да сол үшін құрбан бо­лып қанымды төксем, сол тамған бір тамшы қан солардың тамырына тамса, мүмкін, өзегін жалғар деп қолымды тістеніп тұрып, «жоқ» деп айттым. Ыстық камераға салды, қо­лымды, аяғымды, табанымды күйдірді, те­рімнің исі шығып тұрса да қоңырсыған, шыдап тұрып алдым. Суыққа салды, қатып қалдым, аяз болып, итеріп қалып еді, тарс ете қалдым мұз сияқты, қапқа салып, ақыры камераға лақтырып кетті, сонда да қайтпа­дым. Сондағы тірегім Абай еді, сатпадым. Сатып өмір сүргенше, өмір сүрмеген жақсы» деген еді. Міне, Қайымның осы ерлігі қазақ­тың­ ғылыми ойын дамытып және тұрақты қайсарлығын ұстап қалудағы көптің көңі­лін­дегі және бүкіл қоғамға, қазақ қоғамына ой салған бір іс болды. Біз де соған үміт арттық. Ал саясат тұрғысынан да, Абай тұрғысынан да, Әуезов тұрғысынан жеке адам тұрғысынан да жалпы өмір сүрудің мақсаты – сатым­сақтық деген жоқ, – деп қазаққа сабақ болуға тиіс ғұмырдың – сатымсақтыққа ұрындырмас ғибраты жайында әңгімелеп берді.

Тұрсын Жұртбайдың пайымынша, Қа­йым Мұхамедхановты шынық­тыр­ған үш ұстаным бар. Ол – сатқындыққа тос­қауыл қою, ақыл-ойдың сатқындығына тос­қауыл қою, көлгірсуге көлденең тосқауыл қою.

– Бұл бізді де, артындағы шәкірттерін де шынықтырды. Оның қазақ қоғамындағы, ар-ұят тазалығын сақтаудағы парасат образы – Қайымның таза тұлға ретіндегі қайсарлық, рух қайсарлығы, – дейді ол.

Қ.Мұхамедхановтың ғылымдағы қай­сар­лық, адалдық, табандылық өнегесі туралы сөз болғанда, жазушы Марфуға Шапиянның ««Әуезовті сатпаймын» деп азап көрген Қа­йымнан ұстазы неге кешірім сұрады?» деп ата­латын мақаласындағы «Түрмеден босап келген Қайымнан Әуезов: «Енді немен ай­налысасың?» деп сұрағанда, «Әрине, Абай­дың шәкірттерін зерттеймін, кітап жазамын» деп жауап берген» дейтін тұсы еске түседі. Бұл туралы Тұрсын Жұртбайдан сұрағанымызда:

– Мысалы, Қайым түгендемесе, Абайдың немересі Біләл Ысқақовтың өлең жазғанын ешкім де білмейді. «Қорғансыздың күнінде» Ақанның образы болған Біләл Ысқақов Әуезовтің Семейде бірге оқыған досы, жақсы ақын болған. Кәкітай, Көкбай туралы басын тәуекелге байлап жинаған деректер мен дәйектер, Тұрағұлдың аудармалары... бәрі-бәрі Қайымның ғылымдағы үлкен үлесі. Ал Абай өлеңдерінің текстологиясын Мұхтар Әуезовтің көзі тірі кезінде және Мұхтар өзі қол қойып шығарған толық жинақтарының өзіне пікір айтып, сондағы текстологиялық әбестіктер мен қателіктерді, дәлсіздіктерді айтқан Қайым. Кейін Әуезов та қостаған соң Қайымға қарсы шыққандар болды. Егер Қайым болмаса, «Шортанбай, Дулатпенен, Бұқар жырау. Өлеңі – бірі жамау, бірі құрау» болып кетер еді. Бұл Қайымның арқасы. 1984-1986 жылдары Дулаттың, Шортан­байдың кітаптары шықты. Сонда Дулаттың өлеңінің басы, Бұқар жыраудың өлеңінің ортасы... Бірінің өлеңі бірінің өлеңімен араласып кеткен еді. Соны көріп отырып, Абайдың өзі айтқан «Шіркін-ай, сөз ұғарлық кісі болса, кемшілігі әр жерден көрініп тұр-ау» деп, яғни текст әр жерден араласып кеткен. Абай соны айтып отыр. Ал Мұхамедханов болмаса, кейінгі ұрпақ Дулат, Бұқар жыраулардың өлеңін бірі құрау, бірі жамау деп жүрер ме еді, – деді. 

Қ.Мұхамедханов еңбегінің бүгінгі күнге дейін әлі де ескерусіз қалып жатқан тұсы – жыраулар әдебиеті ақындарына жүргізген текстологиясы. Т. Жұртбайдың айтуынша, Қайымның еңбегінің үлкен сүбелі және негізгі кеңітіп оқыған дәрісі – Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сияқты ақындарға жүргізген текстологиясы.

– Бізде бір тоңмойындық бар және ақыл­дың тоңмойындығы, бәленбай айтты болды. Сол күйінше қалады. Қайымға қарамайды, шындығы солай. Жалған патриоттық көз­қа­растар Қайымның Маханбеттің, Шортан­байдың, Бұқар жыраудың тағы да басқа ақындардың өлеңдеріндегі текстологиялық талдауларға көңіл бөлінбей келеді. Бұл өз алдына дербес бір зерттеу, – дей келе, Тұрсын Жұртбай, Абай шығармаларының тексто­ло­гиясын жасағандай, Қайымның жыраулар әдебиеті ақындары шығармаларының да текстологиясын жасағанын және бұл іздің жалғасу керегін тілге тиек етті.

Қайымның қазақ үшін қастерлі болуға тиіс тағы бір қасиеті өлімнен қорық­пай, қаймықпай қарсы тұрғаны. Әр нәрсенің сұрауы мен қайыры бар деген тәмсілге се­не­тін халықтың дүниетанымында да өлім қор­қы­ныш емес. Ал «Абайды білген, Абайды таны­ған, Абай өнегесімен сусындаған адам­ға» Қа­йым Мұхамедхановтың өзі айтқандай, «... өмір­дің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек бол­мақ». Демек, абақтыда ажал құрсаулап, шы­бын жаны шырқырап жатса да өлімге дес бер­меген Қайым үшін, өз уақытында келген Алла­ның берген ақ өлімі қорқыныш болсын ба?!

– Баламсың деп ертіп жүрді, жақсылықты күндерді бірге өткіздік, тіпті 90-ға келіп ұза­ғырақ жатқан шағында, «Мен өлімнен қо­рық­паймын, келсін қазір, дайынмын» дей­тін. Ажалмен бетпе-бет келіп тұрып, қай­сар­лықпен сөйлеу Қайымда ғана. Қайым істедім болды, шамам жетті. Демек, ол өзінің әр ісін мінезінің адалдығымен шешкен. Өйткені адал адам айнымайды, өкінбейді, Ісі адал, ешкімге қиянаты жоқ. Өзінше еркімен, өмір сүрді, ешкімге тәуелді болмады. Сондықтан да Қайымның өмірі бүкіл қазаққа үлгі болатын­дай, әке тұтатындай, әкем болса сондай бол­сын, ағам болса сондай болсын, ұстазым болса сондай болсын, әдебиетші болса сондай бол­сын, ғалым болса сондай болсын деп еш алаң­сыз, күмәнсіз, құрмет тұтуға болатын тұлға. Қайым сияқты тұлғалар барда, егер алдағы уақытта болса, қазақ ғылымын ешқашанда тот баспайды, – дейді Тұрсын Жұртбай.

Қайым Мұхамедхановтың қайсар ғұмы­рына рухани тірек болған Абай өнегесі, Шә­кәрім ілімі және Әуезов мектебі десек, бұл үш тірек ғалымның ғана емес, барша қазақ­тың мәңгілік мұратын ғасырдан-ғасырға жалғай­тын темірқазығы, шамшы­рағы деуге болады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ