Өмірбек Арысланұлы – білім мен ғылымды ел дамуының стратегиялық өзегіне айналдырған, терең ғылыми ой мен кемел ұйымдастырушылықты үйлестіре білген біртуар тұлға. Бүкіл саналы ғұмыры ұлт мүддесіне қызмет етудің, ғылымға адалдықтың, мемлекетшіл парасаттың үлгісі болды.
Ғалым механика және машина жасау саласында ұлттық ғылыми мектеп қалыптастырып, қазақстандық инженерлік ойлау мәдениетінің негізін қалады. Теориялық механика, машина және механизмдер теориясы бағытындағы іргелі зерттеулері отандық ғылымның көкжиегін кеңейтті.
Оның ұстазы, механизмдер мен машиналар теориясының әлемге әйгілі өкілі, академик Иван Артоболевский Ө.Жолдасбековтің жоғары деңгейдегі механизмдер теориясын дамытуға қосқан үлесін және әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ жаңа механизмдер мен манипуляциялық құрылымдар жасағанын жоғары бағалады. Бұл еңбектер авторлық куәліктермен қорғалып, шетелдерде патенттелді. 1977 жылы Ал-матыда машиналар мен механизмдер теориясы жөніндегі Бүкілодақтық бірінші съездің өтуі Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі болды.
Академик В.Гусевтің бағалауынша, Жолдасбеков тек Қазақстан мен Ресейде ғана емес, Азия мен Еуропада танылған ғалым әрі инженер, халықаралық инженерлік қозғалыстың көрнекті ұйымдастырушысы болды. Ол АҚШ, Германия, Англия, Франция, Қытай, Жапония және басқа да елдер қолдау білдірген Халықаралық инженерлік академияны құрушылардың бірі ретінде жаһандық ғылыми кеңістікте беделге ие болды. Оның еңбектерін А.Ишлинский, Н.Бруевич, Б.Патон, Ю.Работнов сынды ірі ғалымдар мойындады.
Ең бастысы, ғалым ғылымды тек академиялық ізденіс деңгейінде емес, елдің индустриялық қуатын арттыратын, экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін стратегиялық күш ретінде қарастырды. Механика-машина жасау саласын дамыту арқылы ол технологиялық тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік іргетасын қалау қажеттігін ерте түсінді.
Төл инженерлік мектеп қалыптастыра алған ел ғана технологиялық тәуелділікті еңсеріп, отандық өндірісті күшейтіп, импортты алмастыру саясатын жүйелі түрде жүзеге асыра алады. Мұндай жағдайда ғылым, білім және өндіріс арасындағы сабақтастық экономиканың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз болады. Инженерлік кадрлардың кәсіби деңгейі елдің индустриялық келбетін айқындайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп отырған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған стратегиялық бағдар да дәл осы берік инженерлік іргетасқа сүйенеді. Цифрлық трансформация – тек ақпараттық жүйелерді енгізу емес, ол өндірісті автоматтандыру, интеллектуалды модельдеу, жоғары дәлдікті есептеулер мен заманауи инженерлік шешімдерді өмірге әкелу үдерісі. Ал мұның барлығы терең ғылыми база мен қуатты техникалық білімге негізделеді. Осы тұрғыдан алғанда, механика мен машина жасау саласын дамыту Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылығы мен технологиялық егемендігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет еді. Университеттік ғылым мен инженерлік білім бұл бағытта мемлекет дамуының сенімді тірегіне айналуға тиіс.
Бүгінде осы ұстанымдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дамуының басым бағыттарымен сабақтасып жатыр. Университет инженерлік және цифрлық ғылымдарды жүйелі түрде дамыта отырып, жаңа индустриялық және технологиялық кезеңге қадам басуда. Қолданбалы математика, ірі мәліметтерді талдау, климаттық модельдеу, инженерлік зерттеулер бағытында кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Университеттің суперкомпьютері білім беру мен ғылымға енгізіліп, күрделі есептеулер мен модельдеулерді орындауға, тілдік модельдер әзірлеуге, генетикалық деректерді өңдеуге және инженерлік шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп отыр.
Farabi Hab инновациялық-технологиялық хабы, Farabi Robotics орталығы, Халықаралық цифрлық технологиялар және робототехника институты, Farabi Chem Science кластері, 3 Тесла МРТ аппаратымен жабдықталған Ми институты және ұшқышсыз жүйелер мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған зерттеу алаңдары – барлығы университеттік ғылымның жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Бұл бастамалардың түп-тамырында механика мен математикалық модельдеуге негізделген инженерлік ойлау жатыр. Ал инженерлік ойлау мәдениетінің берік іргетасын қалаған тұлғалардың бірі тағы да Өмірбек Жолдасбеков.
Ғалымның тағы бір тарихи еңбегі – білікті инженер кадрларын даярлау жүйесін қалыптастыруы. Ол инженерлік білімді ұлттық зияткерлік капиталдың өзегі ретінде бағалады. Осы бағыттағы қызметінің нәтижесінде Қазақстан Инженерлік академиясы құрылып, сондай-ақ Механика және математика институтының ғылыми бағыты айқындалды. Бұл құрылымдар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, қолданбалы зерттеулердің экономика сұранысына жауап беруіне жол ашты.
Бүгінгі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде университеттік ғылымды дамыту – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда, Өмірбек Арысланұлы қалыптастырған ғылыми мектеп тарихи мұра ғана емес, қазіргі стратегиялық дамуымыздың әдіснамалық негізі. ҚазҰУ-дың инженерлік, робототехникалық және цифрлық жобалары – сол іргелі дәстүрдің заңды жалғасы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығы – академик Өмірбек Жолдасбековтің көреген басшылығының көркем қолтаңбасы. Өмірбек Арысланұлының есімі университеттің тарихи дамуы және ғылыми шежіресімен тығыз байланыста.
Қазақ елінің басты білім ордасын басқарған жылдары университет тарихындағы айрықша кезең болды. Ол ректорлық қызметінде жоғары оқу ордасының мазмұндық әрі кадрлық келбетін түбегейлі жаңғыртып, қазақ студенттері мен оқытушыларының үлес салмағын 90 пайызға дейін жеткізді. Факультет декандарының басым бөлігін жергілікті ұлт өкілдерінен тағайындау арқылы университетті шынайы ұлттық деңгейге көтерді. Бұл тек кадрлық саясат емес, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам еді.
Ректорлық қызмет кезінде ол білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық байланыстарын кеңейтуге бар күшін жұмсады. ҚазҰУ қалашығының салынуы – оның жүйелі жоспарлау, алға ойлау және ғылыми-инновациялық дамуға деген саналы ұмтылысының нақты нәтижесі болды. Жаңа кампус пайдалануға берілгеннен кейін университет жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, заманауи аудиториялар, кешенді зертханалар, студенттік жатақханалар мен спорт инфрақұрылымы білім беру процесінің барлық құрамдастарын жетілдіруге мүмкіндік берді. Механика-математика және инженерлік бағыттағы зертханалардың дамуы университеттің ғылыми әлеуетін күшейтіп, жас ғалымдар мен инженерлерді даярлаудың сапасын айтарлықтай арттырды.
Қалашық архитектуралық тұрғыдан да ерекшеленіп, Алматының ғылыми және мәдени орталығы ретінде қалыптасты. Мегаполис ортасында бой көтерген заманауи кампус мыңдаған студентке сапалы білім мен ғылымға жол ашатын қасиетті мекенге айналды. Академиктің бастамасымен жасалған қалашық – мемлекеттің ел болашағына арналған ұзақмерзімді инвестициясы іспеттес.
Бүгінде университет кампусында заманауи студенттік өмір, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және инновациялық жобалар интеграцияланып, білім беру мен ғылымның тығыз байланысын көрсетеді. 2022 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев университетке арнайы келіп, қызметімен танысты. Президентіміз ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңінің Бас жоспарына қолдау көрсетіп, бекіткен болатын. Қазіргі уақытта осы жоспар аясында қалашықта қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оқу корпустары мен жатақханалар салынуда. Стадион толық жаңартудан өтті, спорт кешені мен Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы қайта жаңартылуда. Сонымен қатар қолданыстағы жатақханалар, оқу корпустары және әкімшілік ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, студенттердің білім алу және тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл – университеттің стратегиялық миссиясын жүзеге асырудағы үздіксіз жұмысымыздың айқын көрсеткіші.
Өмірбек Жолдасбеков шәкірттері – өткен мен болашақ арасын жалғастырушы буын. Ол ондаған ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындап, ұлттық ғылыми элитаның қалыптасуына ықпал етті. Бүгінде олардың еңбегі жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары және өндіріс салаларында жалғасуда. Жолдасбеков мектебі тек ғылыми бағыт емес, адалдыққа, жауапкершілікке және елге қызмет етуге негізделген ұстанымдар жүйесі болып, шәкірттер ғылымды қоғам игілігіне қызмет ететін құндылық ретінде қабылдады.
ХХІ ғасыр цифрлық технологиялар және жасанды интеллект дәуірі болып, инженерлік ойлау, математикалық модельдеу, робототехника және автоматтандыру салалары стратегиялық маңызды салаға айналды. Осындай жағдайда Өмірбек Жолдасбековтің ғылымға және инженерлік білімге берген басымдықтары уақыт сынағынан сүрінбей өтті. Университеттің робототехника, автоматтандырылған жүйелер, смарт-өндірістерді дамыту бағытындағы жобалары, заманауи зертханалары мен суперкомпьютерлік инфрақұрылымы елдің индустриялық және ғылыми әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосуда.
Академиктің 95 жылдық мерейтойы – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Оның қалыптастырған ғылыми мектебі, институттары және қалашық құрылысы – барлығы ел игілігі үшін жасалған ерен еңбек. Университеттің бүгінгі келбеті, дамыған инфрақұрылымы, инновациялық орталықтары мен зертханалары Жолдасбеков аманатының жалғасы болып, жаңа буынға үлгі болып отыр. ХХІ ғасырдың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде біз, оның ізбасарлары ғылыми мұрасын ұрпаққа жеткізіп, білім мен ғылымды мемлекеттің стратегиялық құндылығы ретінде ұлықтауға міндеттіміз. Академиктің өмір жолы – табандылықтың, білімге адалдықтың және ұлттық мүддеге қызмет етудің символы әрі ҚазҰУ дамуының мәңгілік бағдарын айқындайтын үлгі болып қала бермек.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Басқарма Төрағасы – Ректоры