Алғыс айту күні – тағылымы терең, тағзымы бөлек мереке. Бұл күн – сан түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына ұйыстырған егеменді еліміздің мейірі мен кеңпейілдігінің көрінісі.
Алғыс айту – асыл қасиет
225
оқылды

Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударған мың­даған жанға құшағын ашып, аялы алақанның жылуын сездірген қазақ халқының адамгершілік болмысы да дәл осы күні ерекше аталады. Осы орайда 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында Жамбыл облысында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің жүрекжарды лебіздерін білгенді жөн көрдік.

Мейірім символы

– Бұл күн – ең алдымен, тағдыр тоғыстырған барша этнос өкілдерінің бір-біріне, қазақ халқына және кеңпейіл қазақ жеріне деген ризашылығын білдіретін, татулық пен бірлікті дәріптейтін маңызды мереке.

1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Осы тарихи күннің негізінде 2016 жылдан бастап Алғыс айту күні ресми түрде аталып келеді. Бұл мереке – еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің жарқын көрінісі.

Бүгінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірдегі этносаралық татулықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктер, ақса­қалдар кеңесі, аналар кеңесі және жастар ұйымдары бірлік пен өзара құрметті насихаттауға бағытталған көптеген игі шараны жүзеге асыруда.

Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» КММ этносаралық қа­рым-қатынасты дамыту және ілгерілету бағытында жүйелі жұ­мыстар жүргізіп келеді. Ме­ке­менің ұйытқы болуымен түрлі «дөңгелек үстел» отырыс­тары, қайырымдылық акциялары, кездесулер мен мәдени шара­лар ұйымдастырылып, өңір тұр­ғын­да­ры арасындағы өзара сый­лас­тық пен түсіністік нығая түсуде.

Алғыс айту күні – өткенге тағзым етіп, бүгінге шүкіршілік айтып, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін мереке. Бұл күн – бірлік пен келісімнің, мейірім мен жанашырлықтың символы.

Баршаңызды 1 наурыз – Ал­ғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, береке-бірлік, татулық пен тұрақтылық тілеймін. Елі­міздің ынтымағы нығайып, бей­бітшілігіміз мәңгі болсын!

Абзалбек МЕҢДІБАЕВ,

«Манас ата» қырғыз этномәдени

бірлестігінің төрағасы

Бір үзім наннан басталған бауырластық

– Бұл күн ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде Қазақстанға күш­теп қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерінің тағдырымен тығыз байланысты. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқы жатсынбай, бауырына басып, барымен бөлісіп, адам­гершілік пен кеңпейілдіктің үлгісін көрсетті. Қиындықты бірге еңсеру халықтар ара­сын­дағы сенім мен сыйластықтың негізін қалады. Бір үзім наннан басталған бауырластық бүгінде ұрпақтар сабақтастығымен жал­ғасып келеді.

Алғыс айту күні – сол жана­шырлыққа тағзым ету, өткеннің сабағын ұмытпай, бейбіт өмір­дің қадірін білу күні. Бұл мереке қоғамдағы өзара құрметті, та­тулық пен ынтымақты нығай­туды көздейді. Алғыс айту тек тарихи ризашылық емес, ол – бүгінгі күнге, тәуелсіз елдегі тұ­рақтылық пен келісімге шү­кір­шілік білдіру.

Баршаңызды көктемнің алғашқы күнімен келетін 1 нау­рыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға амандық, бақ-береке, бірлік пен өзара түсіністік тілей­мін. Елімізде әрдайым бейбіт­шілік пен келісім салтанат құ­рып, ынтымағымыз арта берсін!

Зайнуддин МАХУСЕЕВ,

республикалық дүнген этномәдени

бірлестігінің төрағасы 

Ізгілік пен жанашырлық мерекесі

– Алғыс айту күні – жай ғана алғыс білдіру емес, тарихи жа­дыны жаңғырту, қиын кезең­дерде бір-біріне сүйеу болған халықтардың өзара құрметін дәріптеу, ел бірлігінің қадірін ба­ғалау күні. Өткен ғасырдың күрделі кезеңдерінде Қазақстан жеріне депортацияланған мил­лиондаған адамды бауырына басқан қазақ халқының кеңпе­йілдігі – бүгінгі қоғамдық келі­сімнің іргетасы.

Жамбыл облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы осы құн­дылықтарды өңірлік дең­гейде жүйелі түрде іске асырып келеді. Ассамблея аймақтағы этносаралық татулықты нығай­ту, мәдени әралуандықты сақтау, азаматтық бірегейлікті қалып­тастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу, жастар бастамаларын қолдау, қайырым­дылық және қоғамдық диалог алаңдарын дамыту – бұл ұйым қызметінің маңызды бағыттары.

Ал «Қоғамдық келісім» КММ этносаралық саясатты іс­ке асырудың практикалық те­тігі ретінде өңірде нақты жоба­лар мен іс-шараларды үйлесті­реді. Мекеме этномәдени бірлес­­­тік­­­тердің жұмысын жүйелеп, медиа­тивтік қызметті дамытып, ақпа­раттық-түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу арқылы тұрақ­ты­лық пен өзара сенім мәдениетін қалып­тастыруға үлес қосуда. Бұл – мем­лекеттің бейбітшілік пен ке­лісім саясатының нақты көрінісі.

Осы айтулы мерекемен бар­шаңызды шын жүректен құ­т­тықтаймын! Елімізде ынтымақ пен тұрақтылық салтанат құрып, қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлік нығая берсін! Әр отбасыға амандық, береке, өза­ра түсіністік пен мол игілік тілеймін!

Фарида НАҚЫШ,

«Қазақстандық татар және башқұрт конгресі»

республикалық қоғамдық бірлестігі

Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы

Саятхан САТЫЛҒАН