Қазақша сөйлегені үшін жұмыстан қуылды
Қазақша сөйлегені үшін жұмыстан қуылды
279
оқылды
Nur Otan партиясы билік пен бұқара арасын  байланыстыратын бірден-бір құрылым екені белгілі. Сондықтан қара халық билік өкілдерінен қайыр болмағанда  партиядан «пана»  іздеп келіп жататыны белгілі. Nur Otan  партиясы  Жамбыл облыстық филиалында өткен  қоғамдық қабылдауға жазылған  Жамбыл ауданы Жасөркен ауылының тұрғыны Ермұхамед Берсүгір де соңғы үмітім  партияда деп  келіпті. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров пен партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев өткізген қоғамдық қабылдауға Ермұхамбет Қалмахамбетұлы бас пайдасын күйттеп келмеген. Оның назы мемлекеттік тілді қорғағаны үшін қызметтен қуылғаны болып отыр.
– Өзім Жамбыл электр желісінде жұмыс істегенмін. Жұмысқа алғаш  келген  бойы барлық нұсқаулық кітапшалар тек орыс тілінде екенін көріп, бастығыма шағымданып жүріп, қазақ  тіліндегі нұсқаулықтарды шығаруға себепкер болдым. Алайда осым үшін басшылық тарап мені ұнатпай  қалды. Кейіннен басым бөлігі орыс ұлтты адамдардан құралған  мекемеде ресми тілге басымдық берілетіндігін байқап, тағы әртүрлі құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуін талап ете бастадым. Осы әрекетім басшылыққа тағы жақпай, әр нәрсені сылтау етіп мені қызметтен қуып шықты. Осыған сіздерден араша сұрап келіп отырмын, – деп Ермұғамбет Қалмахамбетұлы базына айтты.
Бір сөзбен айтқанда,  шағымданушы  Жамбыл электр желісі ұжымын қазақ тілін құрметтеуге шақырамын деп, жұмыссыз қалып отыр. Ауыл тұрғының шағымын мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы мен  партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев оған сотқа шағымдану туралы кеңес берді. Саятхан САТЫЛҒАНОВ, Жамбыл облысы