«Ауыл» партиясының өкілдері Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өндіріс орындарының ұжымдарымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz. «Ауыл» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл» партиясының өкілдері нақтырақ айтсақ, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Серік Егізбаев, Қажғалей Мұқатов және Алшын Жолдығали Щапов ауылына барып, «Жайық Ет» ЖШС-нің құс және егін шаруашылығының жұмысшыларымен жүздесті.
Сондай-ақ кандидаттар Янайкино ауылындағы «KazMeat Ақжайық» ЖШС мал бордақылау кәсіпорнының жұмысымен де танысты.
Ұжымдармен өткен ашық диалогта кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бастамаларына басымдық берді.
«Ауыл» партиясы еңбек адамдарының мүддесін қорғап, ауылдық аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыра беретінін жеткізді.
Оған қоса, бүгін «Ауыл» партиясының Республикалық сайлауалды штабында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Сайлауды байқау миссиясының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге «Ауыл» партиясы Төрағасының орынбасары – Республикалық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Шахмардан Байманов, сондай-ақ штаб мүшелері Ерлан Қарабалаев пен Қуаныш Үсенов қатысты. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының құрамында Миссия басшысы – Елші Винсент Пикет және саяси талдаушы Даниэла Боттиджелли болды.
Бас қосу Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының қызметі аясында өтті. Мақсаты – Қазақстандағы сайлаудың ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелерге және өзге де халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалау, сондай-ақ сайлау процесіне жан-жақты талдау жүргізу.
Кездесу барысында олар партияның сайлауалды науқанға қатысуы, сайлауалды штаб жұмысының ұйымдастырылуы, сайлаушылармен өзара іс-қимыл, үгіт-насихатжұмыстарының жүргізілуі және сайлауға дайындықтың өзге де бағыттарына қатысты бірқатар сұрақтар қойды.
«Ауыл» партиясының өкілдері көтерілген барлық мәселелер бойынша жан-жақты жауап беріп, сайлауалды науқанның барысы туралы толық ақпарат ұсынды.
