Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шаралары өз нәтижесін беріп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Биыл өңірдің мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 134 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген қаржы алып, көктемгі егіс пен маусымдық дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік алды.

Бұл туралы «Қостанай дала фестивалі» агрофестивалі аясында өткен Jańa Dala / Green Day 2026 көрме-демонстрациясы барысында ұйымдастырылған республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз турында мәлім болды.
Фестиваль аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның мобильді павильондары жұмыс істеп, фермерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша жан-жақты кеңес берілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдетілген несие рәсімдеу, инвестициялық жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы сатып алу шарттары жөнінде ақпарат алды.
Қостанай облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Мұнда Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдерінің шамамен 13 пайызы және отандық ұнның 30 пайызға жуығы өндіріледі. Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша ең көп қаржыландыру Қарасу, Қостанай, Сарыкөл, Қарабалық және Меңдіқара аудандарының шаруашылықтарына бағытталды.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мемлекеттік қолдау тетіктерін жыл сайын жетілдіріп келеді. Биылғы жылдан бастап асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ элеваторлар мен астық қоймаларын салуға, жаңғыртуға және кеңейтуге арналған жаңа қаржыландыру бағдарламалары іске қосылды. Бұл бастамалар агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, астық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.

««Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары – Аграрлық кредит корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Олар өсімдік және мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, аквакультура, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау бағыттарын қолдайды.2025 жылы аграршыларға рекордтық 1,1 трлн теңге көлемінде несие берілсе, биыл бұл көрсеткіш 1,2 трлн теңгеге жетті. «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарына 650 млрд теңгеден астам, ал мал шаруашылығына 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін бұл соманы 200 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Қостанай облысы да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 135 млрд теңге игеріп, тарихи рекорд орнатты. Бағдарламаны іске асыруда Денисов, Федоров, Қостанай және Қарабалық аудандары ерекше белсенділік танытуда. Аграршыларға айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелер жылдық 5 пайызбен, инвестициялық жобалар 6 пайызбен қаржыландырылады. Сонымен қатар, «Агробизнес 2.0» бағдарламасы аясында ірі инвестициялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Несие өнімдері ауыл шаруашылығы саласының ерекшеліктеріне бейімделген, ал пайыздық мөлшерлемелер алдын ала субсидияланғандықтан, фермерлер субсидия рәсімдеуге уақыт жоғалтпай, негізгі кәсібіне көңіл бөле алады», – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев.

Жалпы, 2026 жылғы маусымда «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша республика көлемінде 5,6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 652 млрд теңгеден астам жеңілдетілген қаржы берілген. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еліміздің аграрлық секторын тұрақты дамытуға қосып отырған үлесінің зор екенін «ПКФ Қайрат» ЖШС директоры Төремұрат Өтепов мемлекеттік қолдау бағдарламалары ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының дамуына зор серпін бергенін айтты.
Оның сөзінше, бұрын қаржыландыру рәсімдеу барысында қағазбастылық көп болса, бүгінде барлық үдеріс жеңілдеп, қаржылық есептілік пен құжаттарды рәсімдеу жүйесі оңтайландырылған. Соның арқасында шаруашылықтар техникаларын жаңартып, инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік алып отыр.

«Бизнесті нөлден бастап, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен бүгінде сегіз бірлік заманауи техника сатып алып жатырмыз. 2019–2020 жылдары «ҚазАгроҚаржы» арқылы алған 2 млрд теңге көлеміндегі қаржыны толық өтедік. Сондықтан кәсіп бастаған азаматтарға қорықпай еңбек етіп, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға кеңес беремін», – деді Төремұрат Өтепов.
Қазіргі таңда «ПКФ Қайрат» ЖШС-де 2 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорын алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырған көрінеді.

«Мен Қостанай облысының екі ауданында – Сарыкөл және Меңдіқара аудандарында жұмыс істеймін. Жалпы егістік жер көлемі – 15 мың гектар. Шаруашылықта 150-ден астам адам еңбек етеді. Жалпы жер көлемі бірден өзгерген жоқ. Мен жұмысты 1000 гектар жерден бастадым. Осы жылдар ішінде шаруашылықты дамытып, егістік көлемін 15 мың гектарға жеткіздік. Қазіргі таңда жаздық бидай, рапс, зығыр және жасымық өсіреміз. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілерін несиелеу бағдарламаларын ауылдық фермерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында кеңейту қажет деп есептеймін. Бұл бізге өндірілген өнімді экспорттық талаптарға сай өңдеп, шетелге немесе еліміздегі қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтуге мүмкіндік береді.Мұндай бағдарлама өте қажет. Себебі өнімді жинау, өңдеу және сақтау жұмыстарын жаңа стандарттарға сай ұйымдастыру маңызды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға үлкен серпін берер еді», – дейді «Мелитопольское» ЖШС-нің директоры Эдуард Двуреченский.
