Әлемге әйгілі судағы «Формула-1» – F1H2O жарысы алдағы бес жыл бойы Қапшағай су қоймасында өтуі мүмкін. Халықаралық деңгейдегі ауқымды спорттық жобаның ұйымдастырушылары арнайы Алматы облысына келіп, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевпен кездесті. Келіссөздер қорытындысы бойынша әлемдік F1H2O ұйымы, iHolding компаниясы, Сауд Арабиясынан келген ресми делегация өкілдері және Алматы облысының әкімдігі 2027 жылғы әлем чемпионатының кезеңін Қонаев қаласында өткізу туралы келісімге қол қойды.
Қапшағайдағы «Формула-1» дүбірі
233
оқылды

Бұл келісім Қазақстанның ха­лықаралық спорт кеңістігіндегі беделін арттыратын маңызды қадам­дардың бірі болмақ. Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, еліміз F1H2O әлем чемпионатын қабыл­дайтын алтыншы мемлекет атан­ғалы отыр. Мұндай мәртебелі жа­рыстың Қазақстанда ұйымдас­тырылуы елдің ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.

F1H2O – жылдамдықты, жоға­ры техникалық шеберлікті және батылдықты талап ететін әлемдегі ең танымал су-мотор спорты жарыстарының бірі. Су бетімен аса жоғары жылдамдықта жүйт­кіген болидтер арасындағы бәсеке көрерменге ерекше әсер сыйлай­ды. Мұнда спортшының кәсіби дайындығымен қатар, техниканың қуаты, команданың үйлесімді жұмысы және әрбір шешімнің дәлдігі шешуші рөл атқарады. Сондықтан аталған чемпионатқа арнайы дайындықтан өткен кәсіби командалар ғана қатыса алады.

Алдын ала болжам бойынша, жарысты тамашалау үшін Қазақ­станға шетелден кемінде бес мың қонақ келеді. Олардың қатарында спортшылар, командалардың тех­никалық мамандары, халықаралық ұйым өкілдері, журналистер, туристер мен жанкүйерлер болады. Жергілікті тұрғындар мен еліміздің өзге өңірлерінен келетін көрер­мендерді қосқанда, бұл көрсеткіш бірнеше есе артуы ықтимал. Сон­дай-ақ ұйымдастырушылар жа­рыс­тың телевизиялық және ци­фр­лық платформалар арқылы әлем­нің көптеген еліне тікелей көр­сетілетінін атап өтті. Соның нә­ти­жесінде, Қазақстанның та­биғаты, туристік әлеуеті мен ин­фра­құрылымдық мүмкіндіктері кең аудиторияға таныстырылады.

Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің ірі спорттық жобаларды өткізу тәжірибесіне тоқталып, Қапшағай су қойма­сының халықаралық жарыстар ұйымдастыруға қолайлы екенін атап өтті.

«Сауд Арабиясы спорт сала­сында әлемдегі ең үздік жобаларды іске асырып келеді. Бұл белсенді демалысты дамытып, саламатты өмір салтын ұстануға септігін тигізеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында Tengri Ultra марафоны мен Oceanman ашық суда жүзу жарысы өткізіледі. Бұдан бөлек, республикалық деңгейдегі түрлі жарыс ұйымдастырылып келеді. Мұндай халықаралық шаралар ту­ризмді дамытып, өңірдің өркен­деуіне жол ашады. Сондықтан біз бұл жобаны бірлесіп іске асыруға дайынбыз», – деді Марат Елеу­сізұлы.

Шын мәнінде, Қапшағай су қоймасы бұған дейін де бұқаралық спорт пен белсенді туризмнің маңызды орталығы ретінде таны­лып үлгерді. Мұнда жүзу, жүгіру, триатлон және су спортына қа­тысты әртүрлі жарыс тұрақты түр­де ұйымдастырылады. Ал F1H2O чемпионатының өткізілуі өңірдің спорттық мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеріп, Қонаев қаласын халықаралық жарыстар картасына енгізуге жол ашады.

KSA ProMediaPortal және F1H2O ұйымдарының өкілі әрі басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ямидің айтуынша, қазір чем­пионат­қа 11 мемлекет қатысады. Бұл – техникалық және ұйымдас­тырушылық талаптары өте жоғары күрделі жарыс. Сондықтан оған тәжірибесі мол, арнайы іріктеуден және кәсіби дайындықтан өткен командалар ғана жіберіледі.

Жарысты ұйымдастыру кезінде көрермендер мен қатысушылар­дың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінбек. Арнайы қоршалған аумақтар, медициналық және құтқару қызметтері, жарысты басқару орталығы, командалардың техникалық дайындығына арнал­ған орындар мен медиа орталық құрылуы жоспарланған. Сонымен қатар мәртебелі қонақтарға арналған VIP-аймақтар, демалыс орындары және жанкүйерлерге қолайлы көрермен алаңдары қарастырылады.

Чемпионат тек спорттық са­йыс­пен шектелмейді. Ұйымдас­тыру­шылар жарыс өтетін аумақта отбасылық демалысқа арналған кеңістік құруды жоспарлап отыр. Онда Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық дәстүрлері таныс­тырылып, қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар мен кәдесыйлар ұсынылады. Бұл шетелдік қонақ­тарға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, өнерімен және қонақжайлығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Жарыс күндері түрлі мәдени және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйламақ. Балаларға арналған алаңдар, көрмелер, концерттік бағдар­лама­лар мен шығармашылық қойы­лымдар өткізу жоспарланып отыр. Ал чемпионаттың жабылу салтана­тында әлемге танымал өнер жұл­дыз­дарының қатысуымен ауқым­ды гала-концерт ұйымдастыру көзделген.

Яссер Әли Әл-Ями Сауд Ара­бия­сы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында берік ынты­мақтастық орнаған. Біз Алматы облысының даму көрсеткіштерін зерттеп, оның болашағы зор екенін көрдік. Алдағы уақытта бұл аймақ халықаралық бизнес орта­лығына айналады деп сенеміз», – деді ол.

Халықаралық жарыстың Қона­ев қаласында өткізілуі өңір эко­номикасына да серпін бермек. Мыңдаған туристің келуі қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларына қосымша табыс әкеледі. Жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкін­діктер ашылып, жаңа жұмыс орын­дарының құрылуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар жол, байланыс, қауіпсіздік және турис­тік инфрақұрылымды жаңғыртуға қажеттілік туындайды.

Мұндай ауқымды іс-шаралар өңірге инвестиция тартуға да оң әсер етеді. Халықаралық компа­ния­лар мен спорт ұйымдарының Қонаевқа назар аударуы жаңа серіктестік жобалардың жүзеге асуына жол ашуы ықтимал. Әсіресе туризм, қонақүй бизнесі, демалыс индустриясы, логистика және спорт инфрақұрылымы салаларында жаңа бастамалар қолға алынуы мүмкін.

Жарыстың бес жыл қатарынан Қапшағай су қоймасында өткізілуі жүзеге асса, Қонаев бір реттік шара өтетін қала ғана емес, су-мотор спортының тұрақты халықаралық орталығына айналады. Бұл өз кезегінде аймақтың туристік мау­сымын ұзартуға, шетелдік қонақ­тардың санын арттыруға және қаланың халықаралық танымал­дығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге чемпионат жас қазақстандықтардың су спортына қызығушылығын арттырып, жаңа спорт мектептері мен үйірме­лерінің ашылуына ықпал етуі мүмкін. Мұндай жарысты көзімен көрген балалар мен жасөспірімдер спорттың осы түрімен кәсіби түрде айналысуға ынталанады. Ал бұл болашақта Қазақстанда су-мотор спортының дамуына және отандық командалардың қалыптасуына негіз болмақ.

Қонаев қаласының Алматыға жақын орналасуы да чемпионатты ұйымдастыруда үлкен артық­шылық береді. Халықаралық әуежай, көлік жолдары, туристік нысандар мен табиғи демалыс аймақтарының болуы қонақтарды қабылдауға қолайлы жағдай жа­сайды. Қапшағай су қоймасының кең айдыны мен жағалау аумағы жарысты техникалық және көрер­мендік тұрғыдан жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Демек, алдағы бес жыл ішінде Алматы облысына әлемнің түкпір-түкпірінен спортсүйер қауым ағылып, Қонаев туристер үздіксіз келетін ірі орталыққа айналуы ықтимал. F1H2O чемпионаты Қа­зақ­­станды дүниежүзіне таны­тып қана қоймай, оның көркем таби­ғатын, экономикалық мүм­кін­діктері мен қонақжай мәде­ниетін әлемге паш етеді.

Бұл жоба елдің халықаралық имиджін нығайтуға, өңірге инвес­тиция тартуға, инфра­құрылым­ды жетілдіруге және туризм индус­трия­сын дамытуға зор ықпал етуі мүмкін. Ең бастысы, Қапшағай су қоймасының әлеуеті жаңа қыры­нан ашылып, Қонаев қаласының болашақтағы даму бағытына тың серпін береді.

Айна ХАСАН