Қала тұрғыны Әсем Сапарова осыған дейін Алмалы ауданындағы Тастақ шағын ауданында орналасқан бесқабатты тұрғын үйге қоныстанған. Кейіпкеріміз бұл пәтерді екі жылға жуық уақыт бойы паналаған. Әсемнің айтуынша, күн суыта бастағанда үйдің ескіргені анық байқалатын.
– Қыс мезгілінде қабырғадан суық тез өтеді. Сондықтан кейбір көршілеріміз жылуды сақтау үшін үйдің сыртқы қабырғасын қаптатуға мәжбүр болды. Біз тұрған пәтердің іші ылғалды әрі салқын болды. Қазіргі жаңа үйлермен салыстырғанда жылуы әлсіз болғандықтан, үй ішінде жеңіл киініп жүру мүмкін емес еді. Дегенмен бір жақсысы, жазда үйдің іші қатты ысып кетпей, қоңыр салқын болып тұратын, – деді тұрғын.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы берген ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта қалада қайта жаңғыртуды қажет ететін 1 403 ескі көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл нысандар 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына енгізілген. Жоба аясында 1930-1980 жылдар аралығында бой көтерген, екі қабатқа дейінгі тозығы жеткен әрі апатты тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жаңартылады. Бұдан бөлек, инженерлік желілері ескірген жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ өндірістік, коммерциялық және қоғамдық мақсаттағы ғимараттарды қайта жаңғырту жоспарланған.
Ресми дерекке сәйкес, қайта жаңғыртылуға тиіс тұрғын үйлердің басым бөлігі қаланың ескі аудандарында шоғырланған. Статистикаға назар аударсақ, мұндай нысандар көбіне Түрксіб ауданында тіркелген (585 үй). Одан кейінгі орында Бостандық ауданы тұр. Аталған ауданда орналасқан 269 тұрғын үй қайта жаңғыртуды талап етеді. Сондай-ақ Жетісу ауданында – 141, Алмалы ауданында – 135, Алатау ауданында – 102, Медеу ауданында – 82 және Әуезов ауданында – 65 ескі тұрғын үй реновация бағдарламасына енгізілген. Ал Наурызбай ауданында реновацияны күткен тұрғын үйлер саны салыстырмалы түрде аз. Мұнда жалпы саны 24 тұрғын үйді қайта жаңғырту көзделген.
Биыл реновация бағдарламасы аясында Алматыда 1 165 тұрғынды жаңа баспанаға көшіру қарастырылған. Қоныс аудару «бөлме үшін бөлме» қағидаты негізінде жүзеге асады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, егер азамат көшу туралы ұсыныстан бас тартқан жағдайда жауапкершілік тұрғынның өзіне жүктеледі.

Былтыр қанша отбасы баспанаға қол жеткізді?
Мегаполисте жыл сайын реновация бағдарламасы аясында белгілі бір көлемде тұрғын үйлер жаңартылып жатыр. Соған қарамастан, қалада әлі күнге дейін ондаған мың адам пайдалану мерзімінен асқан баспанада тіршілік кешеді. Шаһарда неліктен ескі тұрғын үйлердің саны әлі де көп? Бұл мәселенің шешілмеуіне әсер етіп отырған негізгі жүйелік факторлар қандай? Qazaq Expert Club сарапшысы, құрылыс саласының маманы Диляра Сейітнұрованың сөзінше, реновация бағдарламасының нәтижесін бағалағанда жоспардың орындалу көрсеткішінен гөрі нақты қажеттілікке назар аудару маңыздырақ. Оның дерегінше, 2026 жылғы жағдай бойынша Алматыда 1 403 тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үй бар болса, бұл шамамен 14 450 пәтер деген сөз. Ал 2021 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама аясында жаңа баспананың кілті 1 752 меншік иесіне табысталған. Тек өткен жылдың өзінде жоспар толық орындалғанымен, оның аясында 670 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Сарапшының пікірінше, бұл қаладағы нақты сұраныс пен реновация қарқынының арасында әлі де айтарлықтай алшақтық бар екенін аңғартады.
– Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, реновацияға енгізілген барлық тұрғын үйдің жағдайы мен орналасу деңгейі бірдей емес. Мәселен, 1 403 үйдің 71-і қала құрылысының «қызыл сызығында» орналасқан, яғни олар жол немесе өзге де инфрақұрылымдық жобаларға арналған аумақта тұрғанына байланысты кешенді кварталдық реновацияға енгізілмейді. Одан өзге 255 тұрғын үй нүктелік құрылыс үшін ғана жарамды. Оларды толық квартал ретінде қайта дамыту мүмкін емес. Соның нәтижесінде инвесторлар үшін экономикалық тұрғыдан тартымды нысандар саны 1 077 үймен шектеледі. Ал қалғаны бизнес логикасына сай келмейді. Бұл аумақтарда жер көлемі жеткіліксіз, шығыны жоғары әрі коммерциялық қайтарымы төмен. Сондықтан мұндай жобаларға жеке инвесторлардың қызығушылығы аз. Егер мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмесе, бұл үйлер реновация кезегінде ұзақ уақыт қалып қоюы ықтимал, – деді Д.Сейітнұрова.
Реновация бағдарламасының қарқынына әсер етіп отырған тағы бір мәселе – тұрғын үйлердің нақты техникалық жағдайының белгісіздігі. Сарапшының мәлімдеуінше, қалада соңғы кешенді техникалық паспорттау 2017-2018 жылдары жүргізілген. Сол кезде кеңестік кезеңде салынған 10 525 тұрғын үй тіркеліп, олардың шамамен мыңы бұзуға ұсынылған. Алайда содан бері мегаполис бойынша толыққанды қайта тексеру жүргізілмеген.
– Қазіргі Құрылыс кодексінде «тозығы жеткен» және «апатты» тұрғын үйлердің құқықтық мәртебесі нақты ажыратылған. Соған қарамастан, жергілікті атқарушы органдар барлық ескі үйді жедел техникалық сараптамадан өткізуге міндеттелмеген. Соның салдарынан көптеген тұрғын үйдің нақты мәртебесі анықталмай, мыңдаған адам белгісіздік жағдайында өмір сүріп келеді. Онымен қоса, реновация жобаларының жоғары құны мен оның күрделілігі бағдарлама қарқынын тежейтін тағы бір фактор деуге болады. Бір ғана кварталды жаңғыртуға 5 миллиард теңгеден астам инвестиция қажет. Бұған қоса, тұрғындармен келіссөз жүргізу де ұзақ уақыт алады. Тәжірибе көрсеткендей, бір квартал бойынша барлық меншік иелерімен ортақ келісімге келу сегіз айдан үш жылға дейін созылуы мүмкін. Себебі әр отбасының тұрғын үйге қатысты өз талабы мен құқықтық жағдайы бар, – деді Д.Сейітнұрова.
Мыңдаған ғимараттың мерзімі өткен
Алматының сейсмикалық аймақта орын тепкен шаһар екенін ескерсек, 1960-1980 жылдары салынған тұрғын үйлердің қазіргі қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі – алаңдатарлық мәселе. Сарапшының бағалауынша, бұл кезеңде бой көтерген нысанның барлығы сейсмикалық талаптарға толық жауап береді деп кепілдік беру мүмкін емес. Осы жылдар аралығында салынған үйлердің басым бөлігі панельді конструкцияға жатады. Олардың жобалық пайдалану мерзімі шамамен 50-60 жылға есептелген. Қазіргі кезеңде көптеген ғимарат бұл межеден әлдеқашан асып кеткен.
– Панельді үйдің «сейсмикалық мінез-құлқы» кірпіш үйден мүлдем басқа. Мұндағы негізгі осал тұс – панельдер арасындағы көлденең жіктер. Жер сілкінісі кезінде негізгі жүктеме дәл сол жерге түседі. 1981 жылға дейін, яғни сейсмикалық талаптар күшейтілгенге дейін салынған кейбір үйлерде панельаралық жіктердің тозу фактілері тіркелген. Алайда бұл мәселенің күрделі тұсы да сол, оның сырт көзге бірден байқалмайтындығында. Ғимараттың қасбеті бүтін болғанымен, оның негізгі конструкцияларының жағдайы тұрғындарға әрдайым анық көріне бермейді. Сонымен бірге Алматының климаттық ерекшеліктері де тұрғын үйлердің техникалық жағдайына әсер етеді. Маусымдық температура айырмашылығы салдарынан жылу жіктерінің тығыздағыш материалдары уақыт өте келе бұзылып, кейіннен ол қабырғаларда ылғалдың жиналуына, ал конструкция ішіндегі арматураның коррозияға ұшырауына әкелуі мүмкін, – деді ол.
Тірек конструкциялардың нақты жағдайын зерттемей жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары мәселенің толық шешімі бола алмайды. Сарапшының айтуынша, ғимараттың қауіпсіздігі туралы нақты қорытынды тек әр тұрғын үйге жүргізілген жеке техникалық сараптама нәтижесінде жасалуға тиіс.
Тұрғын үй қорын жаңғыртуға шамамен 21-22 жыл қажет болады
Егер реновация қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, Алматыдағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді толық жаңартуға шамамен қанша уақыт қажет? Тұрғындар жаңа пәтерге жақын уақытта қол жеткізе ала ма? Сарапшының есебінше, қазіргі көрсеткіш сақталған жағдайда, бұл процесс бірнеше онжылдыққа созылуы мүмкін.
– Қалада жаңартуды қажет ететін шамамен 14 450 пәтер бар. Ал 2025 жылғы көрсеткіш бойынша бір жылда 670 отбасы жаңа баспанаға көшкен. Осы қарқын өзгермесе, барлық тұрғын үй қорын жаңғыртуға шамамен 21-22 жыл қажет болады. Бұл мерзім реновация бағдарламасының белгіленген 2030 жылға дейінгі жоспарымен сәйкес келмейді, – деп сөзін қорытындылады Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейітнұрова.
Десек те, бұл есептік болжам екенін ескерген жөн. Сарапшының пайымын түйіндесек, қазіргі қарқын сақталған жағдайда барлық тұрғынның жақын арада жаңа баспанаға қол жеткізуі екіталай.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
