НАТО құрамында жаңа мүше
НАТО құрамында жаңа мүше
1,040
оқылды
Батыстың әскери одағы өз құрамына кезекті мүшесін қабылдады. Солтүстік Македония бұл ұйымға 30-шы болып кірді. 1991 жылдан бері НАТО құрамына ұмтылған елге Грекия неге қарсылық танытты? Ал армиясында 8 мың ғана сарбазы бар, әскери бюджеті 108 млн доллардан аспайтын шағын мемлекет НАТО-ға не үшін керек? Келесі кезек қай елде? КСРО 1991 жылы тарағанда НАТО құрамында 16 мүше-мем­лекет бар еді. Шығыс Еуропа, Бал­қан елдері қосылып, бүгінде әскери альянс 30 елден құралып тұр. Бұл процесс әлі де жалғасуда. Егер 1999 жылы Венгрия, Польша және Чехия ұйымға мүше атанса, 2004 жылы одақ бірден 7 елмен (Болгария, Латвия, Литва, Румы­ния, Словакия, Словения, Эстония) толықты. Көп өтпей Албания мен Хорватия (2009 ж.) қосылса, 2017 жылы Черногория натолық мемлекет атанды. Яғни, Солтүстік атлантикалық әскери ұйым Шығыс бағытта жылжып барады. Міне, кезек енді Солтүстік Македонияға да келіп жетті. Жаңа мүше. Өткен апта­да Солтүстік Македония прези­денті Стево Пендаровски НАТО құ­ра­мына кіретін соңғы құжат­қа қол қойды. Бұл шараны ресми сал­танатты түрде өткізу жоспарланған еді. Алайда коронавирус қаупінен ол ойдан бас тартыпты. НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг 30-шы мүшені қолдайтынын мәлімдеді. Солтүстік Македония парламентінің депутаттары ақпан айында әскери одаққа мүше болу­ды қолдап, дауыс берген болатын. Жарғы бойынша қалған 29 мүше де келісімін беру керек. Ең соңғы болып шағын елдің мү­шелігін Испания қолдады. Жалпы, Солтүстік Македония­ның НАТО құрамына кіруіне қарсы елдің бірі – Грекия. Аса үлкен саяси не әскери қарсылығы да жоқ. Мәселе ел атауына келіп тірелді. 1991 жылы Социалистік Федеративті Югославия Респуб­ли­касы тараған соң Грекия көр­шісінің Македония атануына қарсы болды. Себебі гректердің пікірінше, бұл атау қазіргі Сол­түстік Македония жайғасқан Вардар Македониясына ғана емес, сондай-ақ Грекиядағы Эгей Македониясы, Болгариядағы Пирин Македониясына да қа­тысты. Әрі Грекияда осы аттас ай­мақ бар. Осы себепті Македония 1993 жылы БҰҰ-на бұрынғы Югославияның Македония Рес­публикасы атауымен мүше болды. Алайда саяси аренада бұл елді Македония деп те атай берді. Бұл жағдай көрші Грекияға ұнай қойған жоқ. Сон­дық­тан Гре­кия Маке­до­нияның Еуроодақ және НАТО құрамына кіруіне барынша қарсылық та­ныт­­ты. Балқан ел­дері әскери ұйым құра­мына өтіп жатқанда Ма­ке­дония ел атауы­на бай­ла­ныс­ты шет қа­­лып қоя берді. Жалғыз шешім – Гре­киямен келісімге келу бо­ла­тын. Бұл келіссөз 2018 жылға дейін созылды. Қос тарап ел ата­уына «Солтүстік» сөзін қосуға келісті. Алайда бұл тек үкімет шешетін іс емес еді, сондықтан македондықтар бұл шешімді референдумда дауыс беру арқылы қабылдауы тиіс еді. 2018 жылы 30 қыркүйекте өткен референдумда 94 пайыз македондықтар ел атауын Солтүстік Македония деп өзгерту туралы ұсынысты қолдап, дауыс берді. Осылайша, бұл мемлекеттің НАТО-ға мүше болу жолындағы негізгі кедергі алынды. Басқаша айтса, бір мемлекет ұйым құрамына қосылу үшін мемлекет атауын өзгертуіне тура келді. Неге? Жалпы, Солтүстік Ма­кедония әскери, геосаяси тұрғыда соншалық маңызды мемлекет деп айту қиын. Ел халқы 2 мил­лион, әскер саны 8 мыңдай, әс­кери бюджет 108 млн доллар ша­масы, теңізге шыға алмайды, сәйкесінше флот ұстамайды. Жер көлемі 25 мың шаршы шақырым ғана. Жан-жағы өзі секілді шағын елдер. НАТО мұнда әскери бөлім ұстаса да, аса үлкен басымдық бермейді. Алайда осыған қарамай, Солтүстік Македонияның НАТО-ға кіру процесін АҚШ қатты қолдады. Бұл елдің Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео елдің НАТО құрамына ұмтылуын құп көретінін мәлімдеді, ал Сенат басым дауыспен өз келісімін берді.    width= НАТО құрамында мүше елдер артқан сайын ұйымның жылдам шешім қабылдауы баяулап, мо­бильділік төмендейді. Себебі әрбір маңызды қадам жасау үшін 30 елдің батасын алу керек. Ол ұзақ уақытты талап етеді. Алайда НАТО кеңейіп жатыр. Шығысқа қарай. Неге? Бірден-бір себеп – Ресейге қарсы әскери, геосаяси тепе-теңдікті сақтау, мүмкіндік болса, басымдықты арттыру. Оған қоса, Балқан түбегінде әскери бөлім ұстау Түркия, Сирияны ба­қылауға мүмкіндік беруі мүмкін. Өйткені енді Солтүстік Македония жеріндегі Криволак және Ку­мановода НАТО-ға қарасты қос әскери бөлім орын теппек. Бұдан бөлек, Батыстың әскери ұйымына оңтүстік славяндардың қосылуы да Ресей үшін моральдық соққы деуге келеді. Себебі орыстар да славян тектес халық есептеледі. Ал НАТО жарғысы бойынша мүше елдің қайсыбіріне шабуыл жасалса, қалғандары оны қорғауы міндетті. Яғни, ертең Ресей мен НАТО ара­сында қандай да бір қарулы қақ­тығыс бола қалса, майданның екі жағында да славяндар болады. Әрине, бұл да Ресей үшін қуанатын жағдай емес. АҚШ пен Еуропа елдері мұны жақсы түсінеді. Балқандағы екеу. Бұл қарқын­мен НАТО алдағы уақытта Шы­ғыс Еуропадағы барлық елдерді бауырына басып алатын секілді. Әзірге Балқан түбегінде Батысқа бет бұрмаған қос ел бар, олар – Сербия мен Босния және Герцеговина. Сербия – НАТО бом­былауы кесірінен Косово айма­ғынан айырылған мемлекет. Сондықтан кезінде өзі жауласқан әскери одаққа мүше болуы екіта­лай. Ал Босния және Герцегови­наның ұстанымы басқа. Бұл ел тіпті арнайы мүшелікке кіру жұмыстарының жоспарын 2018 жылы бекіткен. НАТО-ның бас қаржы көзі АҚШ та қарсы емес. Сондықтан жақын аралықта бұл елдің де 31-ші болып әскери альянсқа қосылуы әбден мүмкін. Егер Босния және Герцеговина көп өтпей НАТО-ға қосылса, онда Балқан түбегінде Сербия натолықтар қоршаған жалғыз мемлекетке айналады. Грузия және Украина. НАТО-ға мүше болуды аңсаған елдердің қатарында Украина мен Грузия да бар. Кеңес Одағының құрамында болған әрі Ресеймен көршілес қос мемлекеттің бұл ұмтылысы 2000 жылдардың басынан бері жалғасып келеді. НАТО басшылығы да оларды қабылдауға асығар емес. Себебі мұндай жағдайда НАТО Ресеймен ашық текетіреске баруына тура келеді. Әрине, еуропалықтар үшін бұл сценарий аса жағымды емес. Сондықтан НАТО түрлі әріп­тестікке барса да, Киев пен Тби­лисиді қуана қарсы алғысы жоқ. Жалпы, Грузия билігіне Саакашвили келген соң аталған процесс жылдам жүрді. АҚШ Грузияның өз қатарына қосылуына ерекше мүдделі болды. Дегенмен Италия, Нидерланд, Люксембург, Испания, Бельгия және Пор­тугалия қарсы еді. 2008 жылы Грузияда өткен референдумда халықтың 77 пайызы әскери альянсқа қосылуды қолдап дауыс берді. Сол жылы тамыз айында Грузия құрамындағы Абхазия және Оңтүстік Осетия үшін Ресеймен болған қақтығыста Грузия армиясы біраз шығын көрді әрі әлгі территориялардан де-факто айырылды. Себебі олар өзін тәуелсіз елдер деп жариялады. НАТО бірден Грузияны қолдап, Ресейден аймақтарды Тбилисиге қайтаруды талап етті. Қазір Грузия НАТО-ға мүшелікке ниет танытқан ел мәртебесін алды, келесі кезең – ұйымға мүше болу жоспары. Яғни, алдағы 5-6 жылда Тбилиси альянсқа өтсе, таңғалудың қажеті жоқ. Оған қоса, Грузия жерінде қазір АҚШ-пен бірлескен екі әскери база бар, үшіншісін салу жоспарда тұр. Ал Украина мен НАТО ара­сындағы қарым-қатынас Грузия секілді біржақты дамыған жоқ. 2002 жылы НАТО-мен әріп­тестіктің жеке жоспары түзілді. 2005 жылы билікке В.Ющенко келген соң әскери одақпен диалог жедел жүрді. Алайда Германия мен Франция қарсылық танытты. Бәлкім, Мәскеумен қақтығыстың алдын алғысы келген болар. Әрі ол кезде Ресей газына біраз тәуелді еді. 2011 жылы Украина пре­зиденті болып Виктор Яну­кович сай­лан­ған соң бұл елдің сыртқы саясаты күрт өзгерді және аталған процесс тоқтады. Ал 2014 жылғы Майдандағы төңкерістен кейін серіктестік қайта жанданды. Себебі П.Порошенко бірден Батысқа бет алды. 2019 жылы Украинаның Еуроодақ пен НАТО-ға ұмтылысы Конституцияға өзгеріс ретінде енді. Қазіргі президент Владимир Зеленский аталған құқықтық өзгерісті өзінің негізгі мақсаты ретінде жариялады. Сөз соңында. Сонымен, 1991 жылдан бері НАТО өз құрамына 15 елді мүше етіп қабылдады. Егер бұл процесс жалғаса берсе, онда Киев пен Тбилиси де белгілі уақыттан соң атлантикалық әскери альянсқа қосылуы ғажап емес. Алайда НАТО жарғысы бойынша кандидат елдің территориялық шешілмеген мәселесі болмау керек. Ал соңғы қос елде Абхазия, Оңтүстік Осетия, Донбасс секілді түйткілі мол жерлерде Ресей әскері тұр. Сондықтан оларды шешпей, НАТО Грузия мен Украинаны құшағына қуана қарсы алмас. Жалпы, НАТО-ның Шығысқа қарай кеңеюі Ресейдің мүддесіне қарсы екені белгілі. Сондықтан бұл процесс тағы бір әскери жанжалға ұласып кету мүмкіндігі жоғары. Алайда Батыс өз мүддесінен қай­тар емес және дегеніне жетіп келеді.  

 width=     Нұрмұхамед БАЙҒАРА