«Деген екен...» – сатирик Көпен Әмірбек 70-ке толды
«Деген екен...» – сатирик Көпен Әмірбек 70-ке толды
904
оқылды
Бүгін – сатирик Көпен Әмірбектің туған күні.  Белгілі сатира саңлағы 70-ке келді. Сатириктің туған күнінде әзіл-қалжыңдарын жариялап отырмыз.    АПАЙ МЕН ШАПАЙ Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Түркіменстандағы он күндік декадасына Алматыдан қырық-елу адам ұшып барыпты. Әншісі бар, бишісі бар, күйшісі бар, Аманжол Шамкенов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова секілді ақындарды алға салып түнгі сағат онда Красноводск қаласына қонған қонақтарды нан-тұзбен қарсы алған түркіменнің әкімқаралары қонақ үйге жайғастырыпты. Бірақ дастарқан жайылмапты. Таңертең тағы да шай-пай жоқ. Театрда басталған мәдени шараларда әншілер ән салып, бишілер билеп, ақындар ақжарма өлеңдерін оқып, кезек Фариза апайға келгенде ол кісі басшылардың быт-шытын шығарыпты. – Бұ неғылған қонақжайлылық? Түнде келдік шай жоқ, таңертең шай жоқ. Мен шай ішпесем басым ауырады. Оқымаймын өлеңді! – депті де, мінбеден түсіп кетіпті. Апайдың апалаң-топалаңына аң-таң болған облыс басшысы: – Біз бұл мәселені сауда саласының директоры, сіздердің жерлестеріңіз Шапайға тапсырған едік. Шапай, барсың ба? – дейді. Алдыңғы қатарда отырған еңгезердей қара жігіт қақаң етіп түрегеледі де, декада қарсаңында Ашхабадқа аяқастынан кетіп қалғанын, оны орынбасарларына тапсырғанын айтып ақтала бастайды. Облыс басшысы: – Кейін сөйлесеміз. Отыр, Шапай! – деп зекиді. Осы аралықта Фариза апай Көпенге айтыпты. «Қазір сықақ оқуға шығасың ғой, сонда Шапайды түйреп өтші!» депті. Мінбеге көтерілген Көпен «Қазір жазған жатыпатар өлеңімді қазір оқып берейін. Аты – «Апай мен Шапай» депті әрі қарай әзіл-сықағын жалғастырыпты. Апайда айқай бар, Шапайда шай-пай бар. Апайға айқай керек емес, Шай-пай керек. Шапайға шай-пай керек емес, Айқай керек. Шапай шай-пай берсе, Пай-пай дер ек!.. Апайдың да, Шапайдың да құрыс-тырысы жазылып, жұрт ду қол шапалақтапты.   ҚАЛА МЕН БАЛА Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып, алпыс бес жасында ұлды болған Көпен Әмірбекті "Хабар" телеарнасының журналистері тікелей эфир арқылы әртүрлі сұрақ қойып, сұхбаттасса керек. Әңгіме арасындағы: – Сіз астанаға қандай үлес қостыңыз? – деген сауалға сатирик ағамыз: – Әркім қолынан келгенін істейді ғой, - депті. – Елбасы Есілдің бойынан қала жасаса, мен сол қалада ойнайтын бала жасадым!..   ШӘЙІ ОРАМАЛ Көпеннің әзілдеп айтқан әңгімесін Шымкент шаһарында тұратын ақын ағасы Нармахан Бегалыға базбіреулер басқаша бұрып жеткізсе керек. Бұра тартқан бұралқы өсекке имандай сенген Нарағаң Алматыдағы інісіне өкпелеп хабарласпай қояды. Онысын іштей сезген інісі бір жылдан соң ағасының Темірландағы кеңсесіне соқса, орнында жоқ екен. Қағазға өлең жазып, хатшы қызға тапсырып кетіпті. Өсек-аяң жыландай неткен шұбар, Бір ағаттық ініден кеткен шығар. Нарағамның көңілі шәйі орамал, Бір жаз, бір күз, бір қыста кепкен шығар. Үр сөзімді үрлейді бәрі індетіп, Құдай сізді жаратқан дарынды етіп. Көзі шегір Көпенің келіп қалды, Сүйсең – Көпеш, сүймесең – Әмірбеков!