Лотерея: Заңсыз ойынға тоқтам бар ма?
Лотерея: Заңсыз ойынға тоқтам бар ма?
724
оқылды
Қазақстанда заңсыз лотерея ойнатқаны үшін айыппұл енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, сәрсенбі күні өткен Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ма­құлданды. Дегенмен Палата Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин заң жобасын екінші оқылымға дейін жан-жақты жетілдіріп, тіпті заңсыз лотерея ойнатқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Айта кетейік, қазір қолданыста жүрген «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Алайда қазір ол заң­ға енбей қалған бірқатар мә­селе бары анықталып отыр. Де­путат­тарға жаңа заң жобасын та­­ныс­тырған Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райым­құ­лованың айтуынша, норма­тивтік актілерге түзету енгізіліп, толықтырылады. Яғни, Азамат­тық кодекске, Әкім­шілік құқық­бұзушылық туралы кодекске, «Жар­нама туралы» заңға және «Ло­тереялар және лотерея қыз­меті туралы» заңға өзгеріс енгізіледі.
– Лотерея қызметі туралы шағын түсініктеме бергім келеді. Лотереяда – лотерея операторы лотерея қатысушыларының ен­гізген ақшасын жинайды және кейіннен оларды осы қатысу­шы­лардың арасында таратып береді: барлығына емес, сәттілік түскен­дерге кепілдік береді. Енді кез келген ойынды лотереяға жатқы­зудың шарты ретінде заң жобасы арқылы лотерея өткізу үшін, бел­гілі бір мөлшерде ақша, қаражат жинаған адам лотерея операторы немесе лотерея таратушысы болып саналады. Бірыңғай лотерея опе­раторынан лицензия алмай, осын­дай лотерея өткізіп, пайда тапса, заң бұзу болып саналады, – деді министр.
Иә, бұдан былай кез келген әдіс арқылы (билет, кітап, бұйым, т.б сату) адамдардан ақша жинап, затты ұтысқа қою – автоматты түрде лотерея саналады. Егер ұтыс ойнатқыңыз келсе, міндетті түрде лотерея ойынын жүргізуші ұлттық оператор «Сәтті Жұлдыз» АҚ-нан лицензия алуға міндетті боласыз.  

ЗАҢСЫЗ ЛОТЕРЕЯ ОЙНАТУДЫҢ ЖАЗАСЫ ҚАНДАЙ?

Осы уақытқа дейін әлеуметтік желіде лотерея тәсілімен ұтыс ойнатуға, әкімшілік немесе басқа да жауапкершілік қарастырыл­ма­ған болатын. Енді ондай кеңшілік жоқ, әкімшілік айыппұл салынады. «Егер лотерея операторы болып саналмайтын адам лотерея өткізсе, бірінші рет ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лотерея ойнатса, оған әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін – 700 АЕК, орта бизнес үшін – 1 000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2 000 АЕК. Міне, осындай жауапкершілік жүктеледі», – деп түсіндірді Ақтоты Райымқұлова. Бірақ бірінші рет ескерту жа­сап, ол адам бір жыл ішінде еш­қандай ойын өткізбесе, ешқандай шара қолданбайды деген өзгеріске Мәжіліс төрағасы келіспейтінін білдірді.
«Заң бұзған адамдарды неге тек ескертумен босатуымыз керек? Әрине, гуманизация бағытында да жүрген дұрыс. Бірақ олар бір жыл ішінде тағы қайталамасын деп кү­туіміз керек. Сондықтан екінші оқылымға дейін оларды жазалауды күшейтуді ақылдасайық. Егер заң жобасы қабылданып, осы норма заң бұзу болып саналса, оны ес­керту беріп босату – менің ойым­ша қажеті жоқ», – деді Нұрлан Нығматулин.
Бұл тұрғыда палата төрағасы жаңа заң жобасы арқылы Әкім­шілік құқық бұзу туралы кодекстің 445-бабындағы 4-бапты бірінші және екінші пунктпен толықты­рып, әкімшілік айыппұл салуды ұсынды. Яғни, оның көлемі жеке тұлғаларға 200 АЕК-ке (530,2 мың теңге) дейін, ал заңды тұлғаларға 2 мың АЕК-ке (5,3 млн теңге) дейін болуы мүмкін. Осыған байла­ныс­ты, депутаттар мен министрлік өкілдері заң жобасының екінші оқылымына дейін аталған норма­ны және бір пысықтауға келісті.  

ОЙЫН ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН КІМ ҚАДАҒАЛАЙДЫ?

Екінші оқылымға дейін еске­ретін тағы бір жайт бар. Ол заңның орындалуын қадағалап, мони­торинг жасайтын мекемені анық­тап алу. Осы уақытқа дейін бұл жұмысты жоғарыда айтқан ұлттық лотерея операторы «Сәтті Жұлдыз» АҚ атқарып келген. Мәдениет және спорт министрінің мәліме­тінше, 2019 жылы лотерея опера­торы 647 мекенжайды анықтап, деректер экономикалық тергеу орындарына жіберіліпті. Нәти­жесінде, 320 қылмыстық іс қоз­ғалып, 571 орындарындағы ойын­дар жабылған. Алайда «Сәтті Жұл­дыз» АҚ – коммерциялық ұйым. Мемлекеттік органдар атқа­руы тиіс қызметті жекеменшік ком­панияға тапсыруға болмай­тыны анық. Ал ол құзыретпен айналысуға Мәдениет және спорт министрлігінде штат жетіспейді. Осы себепті Мәжіліс Төрағасы министрге келесі оқылымға дейін осы мәселені анықтап алуды да тапсырды.  

ЛОТЕРЕЯНЫҢ ТІЗГІНІН КІМГЕ БЕРГЕН ТИІМДІ?

Елімізде «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңның 2016 жылы қабылданғанын жаз­дық. Осы заң бойынша, 2017 жыл­дың ақпан айында бірыңғай оператор таңдалып, сол жылдың қыркүйегінен бастап «Сәтті Жұл­дыз» АҚ жұмыс істей бастады. Оған дейін республикада лотерея қызметін жүргізуге 76 компанияға лицензия беріліп келді. Қазақстандағы лотерея ойын­дарын өткізу операциясын бір өзі иеленген компанияның қаржы айналымы да жақсарып, 2018 жы­лы көрсеткіш 2,6 млрд теңгеге жетсе, былтырғы тоғыз айда 4 млрд теңгені құраған. Айта кетейік, бұл тұрғыда бірыңғай оператордың спортты қолдау жөнінде міндеттемесі мен әлеуметтік жауапкершілігі бар. «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңға сәйкес, «Сәтті Жұлдыз» АҚ билет сатылымы мен жүлде қоры арасындағы айыр­машылықтың 10%-ын спортты дамытуға жұмсауға міндетті. Дегенмен компания ойынның 15% кірісін аудару туралы бастама көтеріп, 2019 жылға дейін спортты дамытуға 286 млн теңгеден астам қаржы аударып келді.
Иә, спортқа немесе әлеуметтік өзге де салаға қаржы құю әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Мысалы, Ұлыбританияда бірыңғай оператор спортты дамытуға жыл сайын 500 млн доллар көлемінде қаражат бөліп отырады. Оның тиімділігі сол, 1996 жылы өткен Олимпиада ойындарында Англия құрамасы 1 алтын медаль алса, 2016 жылғы кезекті ойында 26 «алтын» жеңіп алған.
Ал Испанияда лотерея компа­ниялары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаржылай және басқа да көмек жасап тұруға міндеттеме алған. Бұл процестің қалыпты жағ­дайға айналғаны сонша, испан­дықтар лотерея ойнауды қайырым­дылық шарасына қатысу деп тү­сінеді, яғни халық билеттен түскен ақшаның едәуір бөлігі мұқтаж жандарға жететініне сенімі мол. Сол сияқты АҚШ-та лотерея би­ле­тін сатудан түскен қаржының 63%-ы жүлде қорына аударылса, 5%-ы – ұйымдастырушыларға, 6%-ы – билет сатушыларға, 26%-ы қайырым­ды­лыққа (білім саласы) жұмсалады. Яғни, барлығы ашық түрде жүр­гізіледі. Әрине, Амери­када тұрғын­дардың 80%-ы лотерея ойнайтын­дықтан, түсетін түсімнің көлемі айтпаса да түсінікті болар. Алыстан мысал іздемей-ақ көрші мемлекет Ресейді алсақ, елде 2014 жылдан бастап лотерея туралы заң қабылданып, мемле­кеттік емес компаниялардың лотерея ойнатуына мүлдем тыйым салынды. Қазір РФ-да жұмыс үш қатысушының арасында жүреді: ұйымдастырушы, оператор және таратушы. Мұндағы ұйымдас­тырушы Қаржы министрлігі мен Спорт министрлігі. Таратушы – «Столото» мемлекеттік компания­сы. Мұндағы мақсат – мемлекет лотерея бизнесін өз бақылауына алып, ашық өтуіне жауапты болып отыр. Бұл аудиторияның сенімін қайта оралтуға септігін тигізді. Мәселен, 2014 жылы лотерея ойынына қатысушылар халықтың 4%-ын ғана құраса, ойын өткізетін мекеменің меншік құқығы мем­лекеттің тікелей қарамағына өткен соң, көрсеткіш 4 жыл ішінде (2018 жылы) 27%-ға жеткен. Қазір Ресей әлем бойынша лотерея билетінің сатылымы жөнінен 27-орынға шықты. «Столото» мемлекеттік компаниясының сайты арқылы сатып алушылар да көбейген, мәселен, 2019 жылғы І жартыжыл­дықта электронды түрде 37 млн адам лотерея билетін онлайн түрде сатып алыпты. Бүгінгі күні елде күн сайын 705 мың қағаз билет са­тылса, 600 мыңның үстінде би­лет онлайн өтеді. Нәтижесінде, ло­терея ойы­ны бизнесінен РФ бюд­жетіне 12,5 млрд рубль құйылған. Одақтас мемлекеттің осы тә­жірибесін неге Қазақстанға енгіз­беске? Біріншіден Ресей үкіметі ло­тереяны ұйымдастыруды мем­лекет қарамағанына алып, аза­маттардың сеніміне ие болды. Рас, КСРО кезінде де лотерея мем­лекеттің бақылауында ойна­тылып, түрлі жобаны қаржылан­дыруға жұмыс істеген. Мәселен, ойыннан түскен қаражат мас­күнемдікке қарсы күреске, үйсіз-күйсіз балаларды қорғауға және сауатсыздыққа қарсы бағдар­ламаларға жұмсалып отырды. Одақ құлаған соң лотерея кө­леңкелі бизнестің шырмауында кетіп, алдау-арбау көбейген соң адамдар оған мүлдем сенуден қал­ған болатын. 2014 жылдан бастап ресми Мәскеудің ойынды ұйым­дастыруды екі министрлікке бөліп беру саясаты жағдайды оңал­тып берді. Екіншіден, бюджетке түсе­тін түсім күрт артқан. Сон­дықтан Қазақстанның Мәдениет минис­трлігі де осы тәжірибені електен өткізіп көргені жөн секілді.   Бауыржан БАЗАР