Тәртіп бұзғандарды «Сергек» анықтайды
Тәртіп бұзғандарды «Сергек» анықтайды
256
оқылды
Алматы қаласында карантин режимін бұзғандарды «Сергек» камералары арқылы анықтап, жауапқа тар­тады. Онлайн-брифинг барысында қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов осылай деп мәлімдеді.
Қазір Алматыда ка­рантин шараларын күшейту үшін 27 блок-бекет орнатылып, камералар қойылған. «Біз бар­лық бекетте мегаполиске кіріп-шыққан адам­дарды қадаға­лай­мыз. Одан бөлек, қаланың ішін­де де «Сер­гек» жү­йесін қол­да­на­мыз. Бұл бейне­жазбалар бізге сот­та адамның карантиндік ре­жимді бұзғанын дәлелдеу үшін қажет», – деді Қа­нат Таймер­денов.
Айта кетейік, Covid-19 пан­де­миясының таралуын шектеу үшін еліміздің бірнеше қала­сын­да жүріп-тұруға шектеу енгі­зіл­ген. Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантиндік талап 19 наурыздан қабылданды. Алайда республикадағы алып шаһар Алматыда тұрғындар карантиндік талап тәртібін жап­пай орындап отырған жоқ. Қала көшелерінде полицияның тос­қауылын тыңдамай әр жерден автокөлікпен және жаяу арлы-берлі жүрген азаматтардың ­әре­кеті әлеуметтік желі арқылы та­рап жатыр. Осыған орай, тәр­тіп сақшылары қатаң шараларды күшейтуде.
«Планшеттерге қандай авто­көлік түрі өткенін – жеңіл көлік пе әлде жүк көлігі ме, барлығын түсіріп отырамыз», – деді ПД бастығы Қ.Таймерденов.
Сондай-ақ көшеде және аулада үлкендердің қарауынсыз өз бетінше ойнап жүрген бала­лардың ата-анасына айыппұл салынады. «Мұндай жағдайда Әкім­шілік құқықбұзушылық ко­декстің 476-бабы бойынша олардың ата-анасы немесе қам­қоршылары жауапқа тартылады» деп түсіндірді ПД бастығы. Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақы­лау департаментінің 30 наурыз күні таратқан мәліметіне сәйкес қала аумағында коронавирус инфек­ция­сының 24 ошағы бел­гіленген.  

Дастан ДУМАН