Келгені келді, келмегені қалды
Келгені келді, келмегені қалды
236
оқылды
29 сәуірден бастап Қазақстан халықаралық рейстерді тоқтатты. Шетелге туристік мақсатпен кеткендер, жұмыс іздеп барғандар мен шетелде білім алуға аттанғандардың ба­сым бөлігі Отанына оралды. Бір ғана Air Astana әуе компаниясы наурыз айының 1-нен бастап шетелден 40 мың жо­лаушыны елге жеткізді. Енді 14-сәуірге дейін, яғни тө­тенше жағдай аяқталғанша шетелде қалған отандастарымыз елге келе алмайды. Әуе жолы тарс жабылды. Айта кетейік, 22 наурыздан 14 сәуірге дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин мен елдегі төтенше жағдайға бай­ла­нысты рейстердің 95 пайызы тоқ­­татылған болатын. Енді ха­лықа­­­ралық репатриациялық рейс­тер де тоқ­татылды. Елге ке­ле­­тіні келді, келгісі келмегені қалды.  

435 мыңнан астам адам неге шығып кетті?

Жалпы, әлем жұрты корона­ви­русқа қатысты алаңдап, да­был қаға бас­­тағанда, Сыртқы істер ми­­нистр­лігі осы жылдың 27 ақпа­нында шетелге сапарға шығуға дайын­далып жатқан аза­мат­тар­ға коронавирус жұқ­тыру қаупі басым 1 санаттағы ел­дерге барудан бас тартуға, ал екін­ші санаттағы елдерге алған туристік жолдаманы кейінге шегеруге кеңес берген. Туристік компанияларға тұтыну­шыларына жағдайды түсіндіруге ұсыныс жа­саған. Алайда құлақ асқан турист пен туроператор болмаған сыңайлы. Әйтпесе, ескерту жа­салған 27 ақпаннан төтенше жағ­дай жарияланған 16 наурыз ара­лығында шетелге 435 мың қазақ­стандық шығып кетпес еді.  «Ақпан айының соңында-ақ ұлт­тық әуетасымалдаушылары­мыз көптеген елге ұшуды тоқтат­ты. Тіпті, мұның өзі азаматта­ры­мызды тоқтата алмады. Ту­ристік жолдамаға сұраныс азай­ған соң баға түсе бастады. Соны пай­даланып қалғысы келген отан­дас­тарымыз арзан жолдаманы сатып алып, көрші елдердің әуе ком­паниялары арқылы ұшып кет­кен. Мысалы, 174 378 аза­ма­тымыз Ресей, 118 199 азаматы­мыз Қырғыз, 109 125 азамат Өзбекстан Республикасы арқылы кеткен», – дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Сол төрт жүз мыңнан астам адам Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Таиланд, Мальдив аралдарына демалуға кеткен. Мексика, Доминикан Республикасы, Буркина-Фасо, Бразилия секілді экзотикалық елдерге табан тигізгендері де бар. Басқа-басқа, дәл осы 435 мың адамның әрекеті елдегі қарапайым халықтың ашуын туғызды. Әлеу­меттік желі қолданушылары қауіп­ті біле тұра жолдама сатқан ту­ристік компанияларды жауапқа тарту керек деп санайды. Себебі солардың салғырттығынан Қа­зақстан экономикасына орасан зор шығын келгенін айтады. Шетелқұмар туристерді шетелге жібермей, шекараны жауып тас­тауға болар еді деген де пікір ай­тыл­ды. Алайда шекараны жабу үшін бел­гілі бір себеп болуы керек. Оның үстіне, ақпан айының соңы­на дейін коронавирус елі­міз­де қарқын алмаған болатын. Жолын бөгесең конституциялық құқын алға тартатын туристер тағы бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты осы жылдың 11 наурызында ға­на пандемия деп таныды. Прези­дент шекараны жабу туралы тап­сырманы халықаралық ұйымның осы мәлімдемесінен кейін ғана берді.    width= Қалай десек те, төрт жүз мың­нан астам адамның барлығы дер­лік елге оралды. Бірақ олар­ды елге қайтару елшілік қызмет­кер­лері үшін жеңіл болған жоқ. Соң­ғы екі аптада шетелдегі дипломат­та­рымыз тәулік бойы жұмыс істеді. Себебі бірінің рейсі тоқтаған, енді бірі транзиттік аумақта қа­лып қойған, бірінің билетін ауыс­тыруда мәселе туындаған. Сол мәселелерді елшіліктердегі жедел штабтар жергілікті билікпен бірге шешуге күш салды. Айта кетерлігі, қазақстан­дық­тарды елге қайтаруға «Қамқор» туристік қоры да қатысты. Қор­дың араласуымен 17-23 наурыз аралығында Қазақстанға 4 200-ден астам турист оралды.  «Біз заң шеңберінде жұмыс істейтін туристік оператордан жол­дама алған туристерге ғана кепілдік береміз. Бізден көмек сұраған туристердің арасында туркоды жоқ 700-ден астам адам болды. Өкінішке қарай, біз оларға көмектесе алмадық. Себебі олар шетелге өз бетімен бар­ған, бірақ олардың өтінішін құ­зырлы органдарға жеткіздік. Дәл қазіргі уақытта шетелде туркоды бар қазақстандық қалған жоқ», – дейді «Қамқор» туристік қорының директоры Асылхан Есілов. Оның айтуынша, шетелге қан­дай мақсатпен шыққанда да бі­рінші кезекте азаматтың өз жауап­кершілігі болуы керек. Туркод алу да жауапкершіліктің бір белгісі. Айбек Смадияровтың айтуынша, туркод алмаған бір отбасы Камбоджада, тағы бір отбасы Филиппин аралдарында қалып қойған, министрлікке көмек сұрап Маврикия, Кения, Кубадан телефон шалғандар бар. СІМ ресми өкілі 3-4 адам үшін арнайы ұшақ жіберілмейтінін қадап айтты. Бірақ оларды елге алдыру үшін министрлік оңтайлы жолын қарастырып көмек берген. Олар елге келе жатыр.  

Сақтандыруы жоқ студентке тегін көмек көрсетіледі

Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, Еуропа мен АҚШ-тағы қазақстандықтардың басым бөлігі сол елде өз еркімен қа­­лыпты. Олар жол-жөнекей коро­­на­вирус жұқтырып алу қаупі­нен сақ­тану үшін сондай шешім қа­был­даған. Солардың бірі – Польшада оқитын Жаһаншах Бәдел. «Біз елге қайту мәселесін ата-ана­мызбен талқыладық. Пікі­ріміз бір жерден шықты. Польша­да қалдым, себебі елге қай­ту­ға ұшақ шы­ғарылғанымен, Варшаваға дейін өз күшімізбен жетуіміз керек. Мен оқитын Жешув қаласынан Варшаваға ба­рар жолдағы Вроцлав, Лодзь, Катовице сияқты қалалар ауру жұқтырғандардың елдегі ошағы деуге болады. Оның үстіне, қа­зақ­стандық студенттердің көбі сол қа­лаларда оқиды, олар Вар­шава­ға ағылады, біз олармен бір көлікте, бір ұшақта боламыз, бай­ланысқа түсеміз, одан да Жешувта жатқанымыз дұрыс деп шеш­тік. Университетте сабақ онлайн ре­жимде жалғасып жатыр. Оқу бағ­дар­ламасынан қалып қойғымыз келмеді», – дейді. Оның айтуынша, Жешув қаласында коронавирусқа қарсы тәртіп жақсы сақталады. Автобус салонында адам толтыруға ты­йым салынған, сыртқа бір үй­ден екі адамнан артық шығуға бол­майды. Азық-түлік дүкендері мен дәрі­ханалар ғана ашық, кезек қашық­тығы сақталады, студенттердің басым бөлігінде сақтандыру бар, сақтандыруы жоқ студент­терге дәрігерлік көмек тегін көр­сетіледі.    Түйін:

Коронавирус қай салада да тәртіп орнатуға ықпал етіп жат­қанын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, бұдан кейін шетелге сапарламас бұрын әр азамат ең әуелі жеке бас қауіпсіздігін ойлай­тын болады. Құзырлы орындарға құлақ асуды үйренеді.

Министрлік ескертуіне құлақ аспай, шетелге кетіп қалғандарды елге әкелудің қажеті жоқ еді дегендерге айтары­мыз, кез келген мемлекет шетелдегі азаматының басына іс түскенде қорғауға, қолдауға, қамқор болуға міндетті. Мемлекет осы тұрғыдан әрекет етті.

 

       width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ