Жаңа кәсіп үйренетін сәт
Жаңа кәсіп үйренетін сәт
268
оқылды
Жаһанды жайлаған COVID-19 вирусы адамзаттың дү­­ниеге, денсаулық пен қор­ша­ған ортаға, тіпті кәсіпке де­ген көзқарасын өзгертіп жіберген сыңайлы. Қазір дәстүрлі кәсіп, қызмет пен ең­­бек саябырсыды. Жаңа си­паттағы кәсіп пайда болды, бі­лік­тілік арттыру да өзгерген. Он­лайн университеттердің, курс­тардың дәурені жүре бас­­тады. Соңғы жылдары да­­ми бастаған онлайн уни­вер­­ситеттер енді тіптен қар­қын­­ды бола түсуі мүмкін. Ка­­­­­­рантин жағдайында ба­ла­­ларды қашықтан оқыту, сту­денттердің онлайн дәріске қа­тысуы біздің елде де қанат жая бастады. Дегенмен тө­­­тенше жағдай кезінде ере­сек­тер не істеуі керек, қазір сол да маңызды тәрізді. Өйткені адам баласының ұдайы білім же­тілдіріп, дамып отырғаны ке­рек. COVID-19 вирусы әлемде қар­қынды тараған сайын адамзат ты­­­ғырықтан шығар жол іздеп, оң­тай­­лысын да тауып жатыр. Каран­тин кезінде талай адам өзін-өзі да­мыту ісіне кіріскен тәрізді. Масс-медиа таратып жатқан ақ­па­рат­тарға қарағанда, қазақстан­дық­тардың арасында қолөнерге қайта орал­ғандар мол екені байқалады. Отан­дастарымыздың біразы бет­пер­де тігіп алатыны байқалып жүр. Де­генмен әңгіме онлайн білім ту­ра­лы болғандықтан, соған назар ау­дарсақ. Әрине, түрлі курстардың те­гіні де, ақылысы да бар. Әркім өз мүмкіндігіне қарай аталған курс­тар арқылы біліктіліктерін арт­тыра алады. Ал онлайн білім алу­дың бағыттарына тоқталсақ, әзірге бірнеше топқа бөліп қа­рас­тыруға болады.  

Бухгалтерия

Интернетте есеп-қисап жасауға үйрететін курстар, бағдарламалар бұрыннан да аз емес еді. Бухгал­те­рия­ның қыр-сырын меңгеріп алуға ұм­тыл­ғандар болса YouTube-тен де, өзге ресурстардан да бұл кәсіп­тің қыр-сырын үйренуге болатын видеоларды, бағдарламаларды тауып алуға болады. Қазақстан жағ­дайында мұндай курстардың тиім­ді болары сөзсіз. Әрине, түрлі плат­формада аталған курстардан өт­кеніңіз жайлы куәлік бермеуі мүм­кін. Жалғыз кедергі сол ғана. Бі­рақ іздеген адам ақылы онлайн курс­тарға тіркелу арқылы білік­тілі­гін дәлелдейтін куәлік немесе дип­лом алуына да жол ашық.  

Дизайн

Карантиннің жариялануы ди­зайнның қыр-сырын меңгеруге де қосымша мүмкіндік ашып отыр. Ди­зайн мен иллюст­­рация­ның қыр-сырын үйрететін түрлі сайттар да, курстар да мол. Ин­терьер­ді бе­зен­дірудің де, киім үл­гілерін жа­сау­дың да, веб-ди­зайн жасаудың да әліппесімен он­лайн танысуға бо­лады. Ағыл­шын тілін білетін адам­дардың осын­дай тәсіл арқылы бі­ліктілігін арт­тырып алуына ора­сан зор мүм­кіндік бар  

Маркетинг және менеджмент

Онлайн курстар негізінде маркетингтің де, менеджменттің де, сарапшының да дағдыларын үйреніп, жақсы білім алуға бо­­ла­ды. Бірқатар интернет ресурс мұн­дай кәсіпті біраздан бері үй­ре­тіп келеді. Айталық, netology.ru платформасында осы айтыл­ған­дардың барлығын оқуға болады. Ақысын төлеген жағдайда SEO-оптимизация тәрізді күрделі кә­сіпті де меңгерудің мүмкіндігі бар. Әрине, отандастарымыздың көбі онлайн білімді орыс тілінде алатынын ескерсек, біз амал жоқ, орыстілді ресурстарды қолдануға мәжбүр боламыз. Әйтпесе, ағыл­шын тіліндегі курстар тіптен көп.    width=

Қарапайым комьютерлік бағдарламалар

Әдетте, көбіміз компьютерлік бағдарламалардан хабардар бол­ғанымызбен іс жүзінде бірқа­тарының санаулы ғана функ­ция­ларын меңгергеніміз жасы­рын емес. Әдеттегі Word бағдар­ла­ма­сының да түрлі ерекшелігі мен мүмкіндігі бар. Әсіресе, Exell-дің ерекшеліктерін, оның күнделікті өмірде өте қажет еке­нін ескере бермейміз. Ал қазір онлайн арқылы мұндай бағдар­ламаларды меңге­ріп алуға болады. Оларды үйре­тетін контент ин­тернетте бұрын­нан да аз емес еді, қазір тіптен көбейді. Оның үстіне, Microsoft академиясы компьютерлік сауат­ты­лық пен бағдарламалау не­гіздерінің тегін курстарын өт­кізіп келе жатқанына да біраз болды. Бұл өз кезегінде компью­тер­лік сауаттылықты арт­тыруға септігін тигізетін дүние.  

Тіл курстары

Айтпақшы, карантин кезінде тіл үйренуге де болады. Онлайн тіл курстары арқылы ағылшын тілінен бастап жаһанның кез кел­ген тілін үйренуге мүмкіндік ашылады. Алайда көш басын­да ағылшын тілі тұр. Тіл курста­ры­ның тегін де, ақылы да түр­лері бар. Көп жағдайда ақылы курс­тардың тиімді әрі толыққанды болатынын ескерсек, азды-көп­ті қаржысын төлеп аталған курстарды оқыған дұрыс. Өйткені тегін курстарды оқу кезінде біздің жалқауланып кететініміз бар. Мәселен, LinguaTrip өз курс­тары­на жеңілдіктер ұсына бастады. Айтпақшы, Facebook-та қазақ тілін насихаттап жүрген Владислав Тен онлайн негізде қазақ тілін үйретіп жатыр. Ол онлайн чаттарда ағылшын және қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытқандардың саны 3 мыңнан асқанын жазды. Біз атап өткен бағыттар ка­рантин кезінде қарқынды дами бастаған онлайн курстардың санаулы ғана бағыты. Әйтпесе, ақпараттық технологиялардан бастап жасанды зейінге дейінгі түрлі кәсіпті онлайн үйренуге мүмкіндік жасап жатқан құры­лымдар бар. Ірі компаниялар бұл бағытта кәдімгідей кешенді шаралар қолға ала бастады. Одан бөлек, интернет платформалар да белсенді әрекет жасай бас­тады. Мәселен, азаматтар кө­біне жұмыс іздеп, өз кәсібін таныту үшін тіркелетін LinkedIn желісінде ақысын төлеген адам онлайн курстарға қатыса алады. Мұнда қандай да бір кәсіптің бастапқы негіздерін үйретуден бастап, саланы жақсы меңгерген білікті маман болып шығуға дейін мүмкіндіктер бар. Бүгінде Udemy, Skillshare, Coursera, FutureLearn тәрізді платформалар онлайн білім берудің көшін бастап келе жатыр. Әрі олардың табысы да арта түскені байқалады. Мәселен, Coursera 2018 жылы 140 млн доллар пайда тапқан. Биыл олардың табысы еселеп өсуі мүмкін. Әрине, Қазақстанда онлайн білім берудің әзірге нақты қанша табыс тапқаны белгісіз. Дегенмен бұл кәсіпкерліктің жаңа бағыты болып қалыптасып келе жатқаны анық.   Әкім ТҰРСҰН, кәсіпкер, Qmed инновациялық медицина палатасының президенті:
– Пандемия біткен соң аса ауыр дағдарыс келе жатқан сияқ­ты. Сол кезде адамдар қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін дағдыларды меңгергені дұрыс. Бағдарлама жасау, онлайн сау­да, тауарлар мен өнімдерді жет­кізу, қызмет көрсету тәрізді ба­ғыттарға бейімделіп, аталған кәсіпкерді үйрететін курстарды оқығаны дұрыс. Тағы бір ба­ғы­­­ты­мыз өндірілген затты тұ­ты­ну­шыға жеткізіп беру өзек­­ті болады. Бұдан былай адам­­дар азық-түлікті де үйге дейін жеткізіп беруді қалайтын болады. Демек, бізге мұны да мең­геру керек. Сонымен қатар цифрлы сауаттылық, цифрлы тазалық тәрізді бағыттарды да үйренуіміз қажет. Өйткені қиын-қыстау күндерде алаяқтардың қатары көбейіп кетеді. Біз оларға алданып қалмауды үйренгеніміз дұрыс. Азаматтар ІТ маманы болмаса да, оның белгілі бір қырларын меңгергені керек. Бұл COVID-19 пандемиясы аяқталған соң өзгеретін қоғамда өзгелерге жем болып қалмау үшін қажет. Жалпы, пандемия біткен соң қоғамда үлкен өзгеріс болуы мүмкін. Дәстүрлі ұғымдар мен түсініктер қалып, жаңа таным қалыптасуы ғажап емес. Онлайн білім беру тіптен күшейеді. Сондай сәтте бәсекеге шыдап беру қажет. Сондықтан жаңа талаптарға бейімделуді қазірден бастағанымыз жөн шығар.
 

Ардақ СҰЛТАН