Ірі компаниялар сын сағатта тұр
Ірі компаниялар сын сағатта тұр
284
оқылды
Әлемді шарлаған індеттің барлық елге зияны тиіп, ел экономикасы құлдырау шақта тұр. Бұл жағдайда мұ­найлы өңір әкімдігі ірі компаниялар тарапынан ірілік күтіп, жұмысшылардың жұмыс орын сақтап қалуға тырысуда. Атырау облысында бүгінде 360-қа жуық шетелдік компа­ния­ бар. Олардың ішінде «Те­ңізшевройл» мен «ИКОК» ком­паниясы ірі компаниялар са­натында. Бүгінде өңірдегі барлық компанияға сын сағаты соқ­ты. Әлемдік дағда­рыстан шығуда бұл компания­лар жұмыс­шы­лар­дың орнын сақтап қалу үшін барлық жағдайды жасауы қажет. Осы мәселеге орай, Атырау облысының әкімі Махамбет Дос­мұхамбетовтің төрағалығымен ірі компания басшыларымен жұмыс орындарын сақтауға қатысты жиын өтті. Облыс басшысы М.Досмұ­хам­бетов Президенттің тапсыр­ма­сымен қазіргі кезеңде кә­сіпкерлік субъектілеріне Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, тиісті жұмыс жүр­гізіліп жат­қанын атап өтті. Сондай-ақ ол әр мекеме басшысы өнім өндірісінің көлемін жос­парға сәйкес жүзеге асыруға және жұмыс орында­рының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты. Махамбет Досмұхамбетовтің сөзінше, компаниялармен екі­жақты меморандумға қол қо­йылады, соған сәйкес компания­лар мұнай бағасының төмендеуі мен елдегі төтенше жағдайға байланысты өз қызметкерлерін қысқартпауға міндеттенеді.
– Кәсіпорындарда тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыру бірінші басшылардың жеке жа­уапкершілігінде екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар бар­ша­ңыз­ды жұмыс орындарының сақ­та­луын қамтамасыз етуге шақыра­мын. Осы мақсатта әлеу­меттік тұ­рақтылықты қамтамасыз ету үшін біздің тарапымыздан ме­мо­рандум дайындалды, – деді ай­мақ басшысы М.Дос­мұхамбетов.
Жұмысшылардың жұмыс орнын­ сақтап қалу үшін екі немесе үшжақты келісімге келу өңірде жұмыссыздықтың алдын алуда оң нәтижесін көрсету тә­жірибесі бұрын да болған. Елдегі жағдай жұмыссыздықтың алдын алып, өңір экономикасы мен ха­лықтың әлеуметтік жағ­дайынын тұрақтылығына ірі компания­лардың ірілік танытуы уақыт күттірмейтінін көрсетіп отыр.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы