«Қылмыс 20 пайызға азайды» – министр төтенше жағдайдың пайдасын айтты
«Қылмыс 20 пайызға азайды» – министр төтенше жағдайдың пайдасын айтты
Фото: Интернеттен алынды
208
оқылды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері қылмыс деңгейі 20%-ға төмендеген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантиндік режим күшейтілді. Мекемелер жұмысын тоқтатып, көлік қозғалысы шектелді. Ал тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берілді. Еліміздің кей өңірінде де қоғамдық тәртіп күшейді. Оның ішінде, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалаларында көлік қозғалысы мен азаматтардың жүріп-тұруына шектеу енгізілген. Жалпы, республика ойынша 147 бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Карантин енгізілген қалаларда тек азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға баруға рұқсат. Министрдің айтуынша, талап күшейгенімен тәртіп бұзатындар бар. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар да аз емес. Біразы анықталып, жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, қорғаныш құралдарын заңсыз тасымалдау мен сату фактілері көбейген. Тексеріс кезінде 2 миллион медициналық маска тәркіленді. Сонымен қатар  4 мың қорғаныш киімдері мен 10 тонна дезинфекциялық құрал заңсыз саудаланғаны анықталды.