7 миллиард – бір бүтін ел
7 миллиард – бір бүтін ел
503
оқылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты тұтас әлем біріккенде ғана жеңе алатынын мәлімдеген. Сондықтан гигиена талаптарын орындаудан бөлек, бір-біріне қол ұшын созуды да міндет етті. Індеттен жапа шегіп жатқандарға қор ашып, көмек көрсету жолын нұсқады. «Әміріңе құлдық» дегендей біршама елде қор құрылып, биологтер вакцина жасау үшін бел шеше кірісті. Алғашқылардың бірі болып ДСҰ қоры құрылды. Сайт арқылы қайырымдылық жасаймын деген әр адамға жол ашық. Жиналған ақшаның барлығы коронавирус салдарынан табысынан айырыл­ғандарға, жағдайы төмен отбасы­лардың қажетіне жұмсалады. Сон­дай-ақ ББҰ қоры мен Swiss Philanthropy Foundation да онлайн ауда­рымдарды қадағалап отыр. Ал Швейцарияның Давос қала­сында халықаралық корона­ви­рус­пен күрес қоры жұмыс іс­тейді. Қор күні-түні індетке қарсы вакцина ойлап табамын деген биологтерді қаржыландырады. Аталған ұйым­ның жұмысына күмәнмен қарай­тындар үшін олар ақша аударымын қадағалайтын комиссия құрды. Атақты қоғам қайраткерлері мен меценаттар мүше болған қор әлем игілігі үшін күш біріктірді. Еуропа одағына мүше елдер де қарап қалмады. Медициналық бет­перде, респиратор мен антисептік жетіспеуінің алдын алып, панде­мияның таралуына тосқауыл қоюға шақырып жатыр. Ирландиядағы қоғамдық қор болса егде жастағы адамдарға жәрдемдесуді қолға алған. Қор әлем оқшаулануды сұрап жатқанда, бұл бәрінен бұрын жалғызбасты адам­дарға ауыр тиетінін алға тар­тады. Сондықтан елдегі ұйымның басты мақсаты – қарттарды жылы киім­мен, тамақпен, керек-жарақ­пен қам­тамасыз ету. Технологияны пай­далануды үйретіп, қоғамнан бөлініп қалмауы үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ уақыт өткізіп, сергуі үшін қарттармен телефон арқылы сөйлесетін еріктілер тобы құрылған. Пандемиядан елінің аяқтан тұруын қалайтын АҚШ Бостон мен «Ортақ жол» қорын ортақ мақсатта пайдалануды көздейді. Корона­вирус салдарынан ең қатты жапа шеккен отбасыларды анықтап, қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Әрі медицина қызметкерлері мен жедел жәрдемге айрықша көңіл бөлген. Қор сонымен қатар қарттар мен тұрғылықты жері жоқ азаматтарға да көмектесуге дайын. Ал Әзербайжан елінде құрыл­ған коронавирусқа қарсы қор ден­саулық сақтау бағытына негіз­делген. Олар алдымен медицина мамандарының жалақысын кө­теріп, ауруханалардың материал­дық-техникалық базасын кү­шейт­кен. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын да қаржыландырады. Эстониядағы қор болса елдегі індеттің таралуын тоқтатуға ар­налған идеяға басымдық береді. Одан бөлек, жоғарыдағы елдер сияқты көмек көрсетіп, халыққа білім мен әлеуметке алаңдамай, денсаулыққа көңіл бөлуді үндейді. Бауырлас ел Түркия да әлем тәжірибесінен тысқары қалмай, халыққа барынша жағдай жасап жатыр. Елде індетпен күресу мақ­сатында құрылып жатқан қор же­терлік. Мемлекет халықты топқа бө­ліп, алдымен қарттар мен бала­лар­ды оқшаулауға ден қойып жа­тыр. Қарттарға тамақ пен киім жет­кізіп беру үшін еріктілер жұ­мыл­дырылған. Медицина маман­дарын бар керек-жарақпен қамта­масыз ету көзделген. Ал түрік жұл­дыздары да мәселеге бейжай қарап жатқан жоқ. Халюк Левент Stay Нome қорын құрып, танымал аза­мат­­тарды үлес қосуға шақырған. Со­нымен, олар елдегі жағдайы төмен отбасыларды анықтап, 2 ай бойы үй іші шы­ғындарын көтеріп алмақ. Мәселен, атақты актерлер Щюкран Овалы мен Мурат Боз 1 000 отба­сыны әлеуметтік жағынан қамта­ма­сыз етуге дайын. Арас Бұлт Инем­лі, Нүргүл Ешилчай, Кенан Имир­залыоглулар 100 отбасыны назардан тыс қалдырмауға сөз берген.  

Бизнесмендер бел шеше кірісті

Әлемге белгілі бизнесмендер де коронавируспен күрес үшін аянып қалмады. Мәселен, миллиардер Джек Ма індетке қарсы вакцина ойлап табу жұмысына 14,4 млн доллар аударды. Хубей провин­циясын дәрі-дәрмек пен меди­циналық жабдықпен қамтамасыз етуге 144 млн доллар бөлді. Ал Tesla компаниясының директоры Илон Маск болса ақша ауда­рым­дарынан бөлек, Калифорнияға мыңнан астам тыныс алу аппара­тын сыйлады. Сондай-ақ қажет­тілік туса компания тыныс алу аппаратын жасап шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Microsoft иесі Билл Гейтс пен жұбайы Мелинда құрған қор қаң­тар айында-ақ коронавируспен күреске 10 млн доллар аударған. Кейінірек Facebook басшысы Марк Цукерберг пен Присцилла Чан қорға 25 млн доллар аударды. Олар Гейтс қорының пандемиямен кү­ресте аянбай жұмыс істейтініне сенімді. Бизнесмендерден бөлек Xiomi компаниясы Ухан қайырымдылық федерациясына 1,4 млн доллар көмек көрсетті. Netflix кинокомпа­ниясы коронавирустан шығынға ұшыраған жобалар қорына 100 млн доллар аударды. Сондай-ақ Carlsberg қоры пандемияны зерттеуге 95 млн дат кронын бөлді. Ал еліміздегі бизнесмендер коронавируспен күрес жұмысына бас-аяғы 2 млрд теңге аударды. Ел­басы бастама көтеріп, қалталы­ларды күреске қол ұшын созуға шақырды. Сол-ақ екен елдегі атымтай жомарттар іске кірісті. Мысалы, Kaz Minerals – 400 млн теңге, Aitas KZ – 200 млн теңге бөлді. Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев індетпен күреске 1 млрд теңгеден аударды. Қос бизнес­меннің көмегі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы әкімдікке аударылды. Дариға Назарбаева басқаратын «Дегдар» гуманитарлық қоры 100 млн теңге аударып, стационарға 2 тыныс алу аппаратын сыйлады. Болат Назар­баевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры індеттің таралуына тосқауыл қою мақса­тында 150 млн теңге бөлді. Жаһан жұрты пандемиямен күресу үшін барын салып жатыр. Қалталы азаматтар ақша бөліп, компаниялар қолындағы барымен бөлісуге дайын. Ал қарапайым тұр­ғындарға қалғаны үйінен шықпай, оқшауланып, қауіптің сейілгенін күту. Бұл – қаражат бөліп, қол ұшын созғаннан да үлкен көмек.  

 width=    Айзат АЙДАРҚЫЗЫ