COVID-19: қайтыс болғандар қалай жерленеді?
COVID-19: қайтыс болғандар қалай жерленеді?
Medical staff wearing protective suits carry the coffin containing the body of Assunta Pastore, 87, after she passed away in her room at the Garden hotel in Laigueglia, northwest Italy, Liguria region, Sunday March 1, 2020. The woman, part of a group of elderly tourist from the Lombardia region, tested positive of the COVID-19. The hotel has been placed under quarantine as Italy continued to scramble Sunday to contain the spread of the corona virus. (AP Photo)
388
оқылды
Кеше Нұр-Сұлтан қала­сында 50 жастағы ер адам коронавирустан көз жұмды. Марқұм 21 наурызда ауру­ханаға жатқызылған. Бұған дейін 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел жұқпалы дерттен жан тапсырған. Қа­уіпті мәйіттер қалай жер­ленеді? Жалпы, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы COVID-19 инфекциясын жұқтырып өлген­дерді жерлеудің баршаға ортақ ережесін әзірлеген жоқ. Әр ел мар­құмдарды өз бетімен жер қой­нына тапсырып жатыр. 27 нау­рызда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығады деп мәлімдеген. – Бүгін кешке немесе ертең таңертең бас санитарлық дәрі­гер­дің ресми қаулысы шығады. Ол жер­де қатаң сақталуы керек ереже­лер көрсетіледі, – деген еді шенеунік. Содан бері 5 күн өтті. Әлі қау­лы шыққан жоқ. Сондықтан әзірге Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова­ның мәлімде­месін місе тұтамыз. Оның айтуын­ша, коронавирустан қайтыс болғандар арнайы поли­гонда жерленеді. Қала сыртында орна­ласқан полигондар қауіпсіздік ережесі бойынша қаладан оқшау­ланып тұр екен. Жедел штаб жерлеу тәртібін бекіткен. COVID-19 диагнозы расталған жағдайда мәйіт туыстарына бе­рілмейді. Мұндай тыйым аса қа­уіпті жұқпалы ауруларға қатысты санитарлық-профилактикалық шараларды ұйымдастыру та­лапта­рында қарастырылған. Көму кезінде ұзындығы – 2 метр, ені – 1 метр, тереңдігі – 2 метр қабірдің түбіне қалыңдығы 10 сантиметр дезинфекция қа­баты себіледі. Қабірге түсірілген табытқа да дәрі құйылады. Содан кейін марқұмды көміп тастайды. Жерлеу аяқталғаннан соң құрал-сайман­дар, қорғаныш киімі, кө­лік залал­сыздандырылады. Коронавирустан көз жұмған адамның денесі ашылмайды және өртелмейді. Оны өртейтін орын да жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аса қауіпті жұқпалы аурулардан жан тәсілім еткен адам­ды жерлеуге қатысты жаңа пәтуа бекітті. Тізімде COVID-19 инфек­циясы да бар. Ша­риғат бойынша қайтыс болған мұсылманды жуын­дыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу және жер­леу – парыз. Мәйітті жуындыру рәсімі арнайы мемле­кеттік ме­кеменің санитарлық-эпи­демио­ло­гиялық талаптарына сәй­кес жүзеге асуы керек. Ер кісі 3 қа­бат матамен, ал әйел 5 қабат мата­мен оралады. Алайда марқұм­ды са­­нитарлық қағидаларды сақ­тай­тын арнаулы қызметкер кебіндейді. Төтенше жағдай кезінде жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстары қатысады. Сақ­тық үшін адам санын барынша азайтқан дұ­рыс. Жаназа рәсімін жергілікті имам атқарады. Намаз оқығанда санитар­лық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан алыстау жер­ге қойылады. Марқұмды зиратқа денсаулық сақтау мекемесінің мамандары ар­на­йы көлікпен жеткізеді. Қабір эпи­де­миологиялық нормаға сай қазылады. Егер санитарлық-эпидемио­логиялық мекеме мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, кебіндеуге рұқсат бермесе, шариғаттың зә­рулік үкімі негізге алынады. Мә­йітханада оралған мата, арнайы қап немесе табыт ашылмастан жерленеді. Бұған да шүкір дейміз. Кө­бінен көш ілгері екенбіз. Мысалы, Иран­да марқұмдарды жерлеу кезінде ислам шарты сақтал­майды. Коро­навирус құрбанда­рының денесі жүк көліктеріне тие­ліп, күн-түн де­мей көміліп жа­тыр. Парсылар ол үшін терең­дігі 90 метрлік қабір қазған. Италияда марқұмдар аурухана киімімен жерленеді. Себебі қай­тыс болған адамнан вирус жұқпаса да, бірнеше сағат бойы киімде тіршілік ете алады екен. Сон­дықтан мәйіт бірден ауруханада үстіндегі киімімен қосып табытқа салынады. Италиядағы кре­ма­торий қазір тәулік бойы жұмыс істеуде. Ирландияның денсаулық сақтау органдары жерлеу рәсімін жүргізетін қызметкерлерді қорғау мақсатында мәйітке бетперде кигізуді ұсынады. Табыттың беті міндетті түрде жабылады. Мар­құмның денесін ұстап, бетінен сүюге болмайды. Туған-туысы мен дос-жараны қаралы отбасыға арнайы сайтта көңіл айтады. Израильде мәйіттер қос қа­батты герметикалық полиэтилен қаптамаға оралады. Марқұмның денесін жуу мен салттық рәсімдер толық қорғаныш киімін киген соң жүргізіледі. Қазаға жиналған адам­дар ең кемі 2 метр арақа­шықтықты сақтауы тиіс. АҚШ-та пандемияға байла­нысты марқұмды ақтық сапарға шы­ғарып салу рәсімі бейнека­ме­раға жазылады. Жерлеуге марқұм­ның ет жақын туыстары ғана қатысады. Оңтүстік Корея билігі мәйітті алдымен өртеп, кейін жерлеуді құп көреді. Онда қазаға қатысушылар саны 90 пайыз азайған. Қаралы отбасыға дәстүрлі ақша беру рәсімі банк аударымы арқылы жасалады. Кейбір мөлтек мемлекеттерде коронавирус құрбандарын көметін жер жетіспегендіктен, індеттен қаза тапқандар бауырластар зира­тына бірге жерленеді. Әйтеуір, қа­зақтың кең даласы бар. «Өліге құр­мет – тіріге міндет» дейтін халықпыз. Жаңағыдай төтенше шаралардың бетін аулақ қылғай!  

 width=     Еркебұлан НҰРЕКЕШ