«40 градус аптапта «жаттықтырып», дәрігер шақырмаған» – сарбаз өлімінің себебі айтылды
«40 градус аптапта «жаттықтырып», дәрігер шақырмаған» – сарбаз өлімінің себебі айтылды
Фото: versiya.info-дан алынды
481
оқылды
Тарихшылар қазақ армиясында ежелден «дедовщина», яғни тәжірибелі жауынгерлердің бозбалаларға тізе батырып, күн сайын қорлау оқиғалары болмағанына екпін түсіреді. Өйткені Ұлы далада тұрақты әскери қосын-базалар тұрғызылмады: соғыс-шайқас біткесін, жаудың беті тойтарылып, жеңіске қол жеткесін, батырлар өз қолын ертіп, төл ауылдарына тарасатын болған. Әскердегі теріс қоғамдық құбылыс сарапшылардың айтуынша, ХХ ғасырдың екінші жартысында өршіген. Бастапқыда ол ізгі сипатта дамыпты: Ұлы Отан соғысынан оралған майдангерлердің біразы армия құрамында қалып, жеңістен кейін шақырылған жас буынға аға болып, ұрыс жүргізу тәсілдеріне баулыған, темірдей тәртіп орнатқан. Артынша, 1960-жылдары олардың орнын басқан соғыс көрмегендері де бұл дәстүрді қабылдап, өз білгенінше бұрмалап, жаңа шақырылғандарға әмір етудің бейресми қағидасына, жазылмаған заңдылығына айналдырып жіберген. Себебі, ол кезде азаматтар армияда 3 жыл бойы әскери қызметтен өтетін. Нәтижесінде, жаңа шақырылғандар жеткенше, бұрын кіріскендер «қартайып» қалады: олар өздерін әбден ысылған, тісқаққан жауынгер санап, командирлер рұқсатымен жас солдаттарға көрген-білгенін үйретеді. «Сабақ» үстінде зорлық әдістері де қолданылады.    width= Кеңес Одағы заманында «дедовщина» (теңізшілер арасында «годковщина») құрбандарының ресми есебі жүргізілмеді. Ресейлік әлеуметтанушы, әскердегі жарғыдан тыс қарым-қатынастар туралы еңбектердің авторы Руслан Альмухаметовтің дерегінше, жыл сайын 2–3 мыңға дейін солдат зорлық-зомбылықтан және суицидтен мерт болып отырған. Бұл «індет» жаппай белең алғаны және жұртшылық арасында үрей туғызғаны сонша, онымен ресми күрес басталды. Мысалы, Орал әскери округінде кейінгі шақырылым (младший призыв) солдаттары кәсіподаққа ұқсас ұйымын құрып, қолбасшылықтың қолдауымен қиянатшыл «кәрі» жауынгерлерді жазалатып отырды. Бірақ бұл бастама кең таралмады. 1967 жылы КСРО-да әскери парызды өтеу мерзімі құрлық әскерлері үшін 3 жылдан 2-ге, теңізшілер үшін 4 жылдан 3-ке азайтылды.

Ұлттық армиядағы «қарттықпен» күрес

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әскердегі әлімжеттікпен күрес мақсатында өз Қарулы күштеріндегі мерзімді әскери қызметке шақыру уақытын 12 айға дейін азайтып тастады. Бұл ретте армияда «дед» атану үшін 1,5 жыл уақыт өтуі талап етілгені мәлім. 2015 жылы Қорғаныс ведомствосы әлгі теріс құбылыс жойылғаны туралы байлам жасады. Ал бір солдаттың екіншісіне күш көрсетуінің жекелеген оқиғалары «казармалық бұзақылыққа» жатқызылады.
–2013–2015 жылдарға арналған Қарулы күштердегі құқық бұзушылықтың алдын алу бағдарламасын жүзеге асыру жеке құрамда кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзбеушілікті» қалыптастыруға, қызметтің қауіпсіз және жайлы өтуін қамтамасыз етуге, Отан қорғаушы имиджін көтеруге септесті. Әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпке жүргізілген талдау көрсеткендей, жарғыдан тыс қарым-қатынастар мейлінше төмендетілді және заманауи Қарулы күштерімізде сирек кездеседі, – деп мәлімдеді министрлік.
2016 жылы қорғаныс және әскери қызмет мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы Парламентте талқыланғанда, жауынгер өз шеберлігін кемеліне жеткізе ұштап үлгеруі үшін депутаттар әскери борышты өтеу мерзімін 2 жылға дейін көтеруді ұсынды. Алайда Қорғаныс министрлігі бұдан үзілді-кесілді бас тартты. Себебі, онда әскери қызметшілер арасындағы бейресми иерархия қайта түлеуі ықтимал. ҚМ тұжырымдауынша, әлімжеттіктің азаюына контрактілі қызметтің енгізілуі де түрткі болған. Қазір Қазақстан Қарулы күштері 70%-ға контрактниктерден қалыптастырылады. Яғни, оларға жалақы төленеді. Тиісінше, бұлар – әскери борышын өтеп, үйге аман-сау қайтуды армандайтын солдаттар емес, бір жұмыс берушіге бағынатын, соның талаптарын орындау жолында бірге тер төгетін әріптестер. Мерзімді әскери қызметтегі солдаттар саны бүгінде азшылық. Сондықтан әскерге шақырылғандардың барлығы бірдей армияға жолдама алмайды, военкоматтарға тек білімі жоғары, денесі шымыр, психикалық дерттері жоқ, есірткі тұтынбайтын жігіттерді іріктеп алу жүктелген.
Қазір Қарулы күштердегі «қарттықпен» күрестің тағы бір тәсілі енгізілді. Өзін әлжуаз сезінетін, жабық бөлімшеде әркімнен қорлық көретінін түсінетін 24 және одан ересек жастағы жігіттерге әскерге бармаудың заңды тетігі іске қосылды: олар бюджетке 263 мың теңгеден асатын тиісті төлемін төлесе, шақырудан біржола босатылады. Рас, бұл үшін бәрібір «жас жауынгердің» айлық курсынан өтуі міндет. Әйткенмен, бір ай автомат ұстау ойын-сауыққа көбірек ұқсайды.

Қоғам әскердегі әлімжеттікке алаңдаулы

Жауынгерлердің өз-өзіне қол салуы Қарулы күштерде әлімжеттік тамырына балта шабылмағанын көрсетеді. Оның үстіне бұл мәселе бір ушығып, бір басылып тұратыны аңғарылады. Мысалға, 2010 жылы әскерде 17 суицид оқиғасы тіркелсе, 2011 жылы бұл сан 21-ге дейін өскен. Оның тек төртеуі ғана – жарғыдан тыс қарым-қатынастар салдары деп танылды. 2012 жылғы маусымда ШҚО-да қазақ-қытай шекарасындағы «Терісайрық» бекетін қараусыз қалдырып, қаруларын тастай қашқан 11 шекарашыға қатысты Бас әскери прокуратура қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Себебі, олар бекетті қасақана емес, шектен шыққан әлімжеттік пен қысымға шыдай алмағандықтан тастап кеткен жәбірленуші ретінде танылды. Бұдан бөлек, 2015 жылы 11, 2016 жылы – 6, 2017 жылы – 6 жауынгер өз өмірін өзі қиған. Жауапты орган өткен жылы осы себептен солдаттардың өмірмен қоштасу оқиғасы тіркелмегенін хабарлады. Былтыр №2018 әскери бөлімде жас солдат Б.Мырзамбеков қаза тапты. Тергеу анықтағанындай, бұрын шақырылған екі жауынгер бір топ жасты 40 градус аптапта арамтерін шығарып, физикалық дайындықпен айналысуға мәжбүрлеген. Кейбір жауынгердің жағдайы нашарлайды, бірақ оларға дәрігер шақырылмаған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, 15 шілдеде дүние салған Б.Мырзамбековтің өлімі физикалық ауыртпалықтан, басынан күн өтуден болған. Запастағы полковник Бауыржан Өтепов офицерлердің өздері кейде осы кері құбылысқа дем беретініне тоқталды.
«2003 жылғы сәуірде Жамбыл облысындағы гарнизонның Әскери-тергеу басқармасының сардарлары менің солдаттарымды соққыға жықты. Әділдікке қол жеткізу үшін қанша күрессем де, айыптылар өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, жазадан құтылып кетті. Мен Отардағы әскери бөлім командирі ретінде жауынгерлеріме қол жұмсаған капитан мен аға лейтенантқа қатысты қылмыстық іс қозғау үшін табандадым. Бірақ олар кінәсіз деп танылды. Керісінше, олардың қамқоршылары қиянатшыл сардарлар мен сарбаздарды жазалау мәселесін көтере берсең, тұтқындаласың деп менің өзіме доқ көрсетті. Мұны көрген жас солдаттар не бәріне құлша көнеді, әділдік іздемейді, не өздері заң бұзуға барады», – дейді Бауыржан Өтепов.
Жұртшылық өкілдері отандық армияда «аюға әліп үйреткен таяқ» қағидатының қолданылмайтынын паш ету үшін бұл істе жариялылық керегін алға тартуда. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа хат жазған қоғам белсендісі Асқар Құсайынов биылғы 25 қазанда Ресейде болған тосын оқиға – Байкал өлкесіндегі әскери бөлімдердің бірінде жаңа шақырылған жауынгер Рамиль Шамсутдиновтың өзіне тізесін батырған қаруластарына оқ жаудырып, сегіз адамды, соның ішінде екі офицерді өлтіруі тек көршінің ғана емес, Қазақстанның қоғамына бұл мәселенің аса маңыздылығын көрсеткенін ескертті. «Бұл әскерде реформаларға серпін берсе керек. Жалпы, әскери борышын өтеуге шақырылған жігіттерді қоғамнан оқшаулаудың қаншалықты қажеті бар? Кеше ғана бала болған бозбалалар бөлек қамайтындай ешқандай қылмыс жасаған жоқ қой. Қылмыскерлер қатарлы қоғамнан аластау армияда «өзімбілемдік» пен адамгершілікке жат тірліктерді туындатады. Егер жабық ұжымы қысымға құрылса, майдан жағдайында олардың бір-біріне қолғабыс етуінен, үйлесімді қимылдауынан қалай үміттенеміз?!», – дейді хат авторы. Ол министрге бірнеше ұсыныспен шықты: біріншіден, оның байламынша, «солдаттар оқудан және дайындықтан бос уақыты кезінде казармадан еркін шығу және кері еркін кіру мүмкіндігіне ие болуы» керек. Егер кешіксе, тәртіп бұзса, әңгіме басқа: онда жазасы дайын. Екіншіден, даладағы жаттығуларды айтпағанда, өзге уақытта өз үйінде қонуына да рұқсат берілгені жөн көрінеді.
«Мерзімді әскери қызметке шақырылған солдаттар үйінен алыс емес жерде борышын өтеуі, күніне 8 сағат оқып, жаттығуы, аптасына 2 рет демалуы және жылына бір рет кепілді әрі ұзақ мерзімді демалыс ала алуы қажет деген сенімдемін. Жауынгерлердің басты міндеті – оқу және жаттығу: ол қару түрлерін және әскери техниканы білікті қолдана білуге тиіс. Бұдан басқа кез келген жұмысты орындағаны үшін еңбек нормасы бойынша ақысы төленгені жөн», – деген А.Құсайынов әскерде адам төзбес ахуал орнатудың артық екенін жеткізді.

Министр бұған не айтады?

Жұртшылық өкілінің ұсынысына қорғаныс ведомствосының басшысы Нұрлан Ермекбаевтың өзі жауап қайтарды. –Конституцияға сәйкес, Қазақстанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті. Азамат ант бере отырып, «әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге» ант етеді. Ал азаматтың мерзімді әскери қызметтен өту арқылы Отан алдындағы қасиетті парызын орындауды қандай да бір қылмыс үшін сот үкімімен бас бостандығынан айырумен салыстырған дұрыс емес деп санаймын, – деді министр. Ол әскери қызмет тек оқу-жаттығудан ғана тұрмайтынын еске салды:
«Оның барысында жас жігіттер ұрыс жүргізуге дайындалумен шектелмейді. Армия оларды әскери ұжымда бірлесе өмір сүруге, сондай-ақ тау, дала, шөл секілді әртүрлі жағдайларда және застава, полигон сияқты шалғай жерлерде аман қалу әдіс-тәсілдеріне үйретеді. Осы арқылы әскери қызметшілердің Отан қорғау үшін әскери іс-қимылдарға қатысуына және бөлімшелердің үйлесімді қимылдауына қол жеткізіледі», – деп түйді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Ол азаматтардан келіп түскен ұсыныстар ары қарай жан-жақты зерделенетінін және орындылығы анықталған жағдайда тиісті өзгерістер түрінде Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілеріне енгізілуі мүмкін екенін мәлім етті. Өткен жылы осы лауазымға тағайындалғанда, Нұрлан Байұзақұлы БАҚ өкілдеріне әскери жарғыдан тыс қарым-қатынаспен күресті жалғастыра беретінін мәлімдеді. Айтқандай, дамыған елдер де әскердегі әлімжеттікті жеңе алмады. АҚШ-та оны «hazing» немесе «bullying» деп атайды және ол жас жауынгердің денесі мен жүйкесін құрыштай шынықтырудың бір тәсіліне, қатал сынақ түріне жатады. Мәселен, жаңа шақырылғандарға намысқа тиетін лақап ат тағу, таң атпай ұйқыдан ояту, еш себепсіз жер-жебіріне жету, бірнеше күн тамақ татырмау қалыпты саналады. Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Соның кесірінен өзіне-өзі қол жұмсағандар саны да артуда. 2018 жылы Америка Қарулы күштерінде 325 әскери қызметші өзі-өзі өлтірген. 2017 жылы оларда 285 суицид оқиғасы тіркелді. Айхан ШӘРІП