Нұр-Сұлтанда 6 сәуірге дейін компьютері жоқ 6500 баланың барлығына компьютер беріледі
Нұр-Сұлтанда 6 сәуірге дейін компьютері жоқ 6500 баланың барлығына компьютер беріледі
Фото: Интернеттен алынды
273
оқылды
Нұр-Сұлтанда қашықтықтан оқыту формасына көшу жұмыстары ретке келтірілген 5 сәуірге дейін көмекке мұқтаж оқушылардың барлығы компьютерлермен қамтылып, ғаламтор желісіне қосылады. Қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова білім беру мекемелерінің оқушылары мен студенттеріне қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша Білім басқармасының жанынан фронт-кеңсе құрылғанын, әр мектепте қашықтықтан оқыту бойынша үйлестіруші тағайындалғанын және call-орталық қосылғанын айтты.
«16 наурыздан бастап біздің ЖОО мен колледждер қашықтан оқыту формасына көшті. Жұмыс толықтай реттелген деп айтуға болады. Студенттердің барлығы қажетті оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілді. 6 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан қаласының мектептері қашықтан оқыту формасына көшеді. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру және жүргізу жұмыстарын үйлестіру үшін әр мектепте техникалық координатор тағайындалды. Олар 6 сәуірден бастап оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер тарапынан техникалық жағдайға қатысты түсетін сауалдарды қабылдайтын болады», – деді.
Оның айтуынша, қалада компьютері жоқ 6500 бала (4594 отбасы), интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жоқ 5583 бала (5108 отбасы) анықталған.
«Біз оқушыларымыздың компьютерлік техникамен қаншалықты қамтылғанын, олардың интернет желісіне кіру мүмкіндігі бар-жоғын бақыладық. Сәйкесінше, осы санаттағы оқушылардың 95% қажетті техникамен қамтыдық. Қалған оқушыларға компьютерлер 5 сәуірге дейін берілетін болады. Бұдан қоса, 4-тоқсан басталғанға дейін интернет желісіне кіруге мүмкіндігі жоқ отбасыларды ғаламторға қосатын боламыз. Интернет желісіне қосу мәселесін «Қазақтелеком» АҚ және басқа байланыс операторларымен бірлесіп шешіп жатырмыз. Сондай-ақ, мұндай көмекті біз кейбір мұғалімдерімізге де көрсеттік. Ғаламторға қосылмағандарын флешкартамен қамтамасыз еттік», – деді Ш. Қадырова.
Айта кетейік, бүгін мектептерде сынама сабақтары өткізілді. 2 сәуір күні қашықтан оқыту үдерісін жүзеге асыруды ата-аналарға түсіндіру мақсатында ата-аналар жиналысы өтеді. 3 сәуір күні барлық мектептерде қашықтықтан оқыту форматын түсіндіру мақсатында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.