СҚО-да алимент төлеуден жалтарғандар жауапқа тартылды
СҚО-да алимент төлеуден жалтарғандар жауапқа тартылды
© inform.kz
351
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында 270 адамның алимент бойынша қарызы 43 млн теңгеге жеткен, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасса, СҚО-да әрбір екінші үйелменнің шаңырағы ортасына түседі. Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының мәліметінше, олардың қолында бүгінде алимент өндіру бойынша 7 мыңнан астам атқару құжаты бар. Алайда алимент төлеуі тиіс азаматтардың кейбіріперзентінің алдындағы міндетін орындауға асықпайды екен. «Бүгінде 270 адам «проблемалық алимент төлеуші» деп анықталған. Берешекті өндіріп алу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Дүние-мүлкіне, есепшоттарына, елден шығуына шектеу қойылған. Олардың жүргізу куәліктерінің де күші жойылған. Мұндай алимент төлеушілерге іздеу жариялаймыз», - дейді СҚО бойынша жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Асан Маткаримов. Мамандардың айтуынша, 270 адамның 123-і үш ай көлемінде берешек. Ал қалған 143-і мүлде алимент төлемеген. Салдарынан қордаланған қарыз 43 млн теңгеге жеткен. СҚО Әділет департаментінің мәліметіне сенсек, туған баласына көмектесуден қашқақтап жүрген әкелердің 87-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 48-і айыппұл төлесе, қалған 39-ы жазасын қамауда өтеді. Бұдан басқа тағы 249 адамның ісі ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында жіберілген.