Таразда блокпосттағы полицейді ұрған ер адам қамауға алынды
Таразда блокпосттағы полицейді ұрған ер адам қамауға алынды
Фото: Интернеттен алынды
241
оқылды
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тараз қаласында төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшысына қол жұмсаған ер адам қамалды. Байзақ ауданындағы блокпостта короновирус пандемиясының таралуын болдырмау мақсатында көліктерді тексеру барысында, кезекшіліктегі Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Алматы қаласы бағытындағы Toyota Corolla маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көліктегі жолаушы ер адам талапқа бағынбай, полиция қызметкерін жарақаттаған. «Тараз қаласының 34 жастағы тұрғыны полиция қызметкерінің төтенше жағдай талаптарына сәйкес, тиісті құжатсыз блокпосттан өткізбей, шектеу қойғанына қарсы шығып, оның бетінен жұдырықпен ұрған. Күдікті кінәсін мойындап, ҚР ҚПК-нің 128-бабымен Тараздағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталған ер адам бұрын бірнеше рет сотты болған» делінген хабарламада. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 379-бабы (төтенше жағдай жарияланған жерде билік өкілінің заңды талабына бағынбау) және 380-бабымен (билік өкіліне қарсы күш қолдану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.