Арақ ішкенге ауру жұқпай ма?
Арақ ішкенге ауру жұқпай ма?
726
оқылды
Қоғамдағы онсыз да күрмеулі мәселенің бірі – арақ-ша­рап. Ішімдікке әуестіктің қауіп-қатері мен салдары туралы сан мәрте қозғалып, алко­гольді өнім бағасын қымбаттату сияқты түрлі шаралар қолданылса да, көп адамға әлі күнге дейін сабақ болмай отыр. Бір ғана Алматы қаласының өзінде 2019 жылы 6 мың­нан астам адам ішімдіктен уланған, оның 23-і қайтыс болып­ты. Елі­міз бойынша карантин жарияланған уақыттан бері ішім­­дік тұтынушылар саны одан сайын көбейген сыңай­лы. Мысалы, Қарағандыда 5 наурыз күні Бірікен Араб Әмірлігінен елге келіп, карантинге жатқызылған 23 қа­зақ­стандық азамат коронавирустың алдын аламыз деп ішім­­дік ішкені анықталған-ды. Осындай төтенше жағдай ке­зінде ішімдік тұтыну – оған тәуелділіктің шегіне жеткенін біл­діре ме? Әлде, індетті алкогольдің тізгіндей алатыны жайлы «ертегіге» көпшілік расымен сене ме?  

Қауесеттің құрбандары

Қарағанды облысының Ден­саулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, олардың барлығы дерлік Қарағандыдағы провизорлық емдеу мекемесіне оқшауландырылған. Дәрігерлер олардың денсаулығын қада­ға­лау, тексеру барысында кейбі­рінің алкогольді өнімдер тұты­нып жүр­генін байқаған. Енді ка­рантин режимін бұзған осы аза­маттар әкімшілік жауапкер­ші­лікке тартылмақ. Мұндай жағ­дай тек елімізде ғана емес, әлем­де де белең алып отыр. Жуырда Иранда коронавирустан қорғанбақ болған 200 азамат ішімдіктен уланып, көз жұмған. Олардың ішінде ата-анасы ішімдікпен «сақтандырған» бала да бар. Түркияда да осындай жағ­дай тіркелді. Қолдан жасал­ған арақпен қорғанбақ болған 60 түркімен мигранты ауруханаға түсіп, олардың 15-і қайтыс бол­ды. Қалғандарының да жағ­дайы ауыр. Полицияның мәлі­метінше, олардың улануына ішім­діктің метил спиртінен дайын­далуы себеп болған. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында дүкендердің жұмыс уақыты сағат 10.00 мен 20.00 ара­лығына дейін қысқартылды. Жасыратыны жоқ, дүкенге бара қалсаңыз, ащы суды сатып алу­шылар қарасы көбейгенін аң­ғарып жүрміз. Дәріханадан вирус­тан қорғану үшін қолды шаюға ар­нал­ған антисептик таба алма­ған­дар орнына арақты қол­дануға мәжбүр болып отыр. Осыған орай, қаладағы дүкенге барып, ішім­дік саудасы жайлы сұрап көр­ген болатынбыз.    width= «Коронавирус таралып жа­тыр дегеннен-ақ арақ сатып алу­шылар айтарлықтай көбейді. Бұрын 2 күнде саудаланатын ішімдік мөлшері 1 күнде өтіп жат­ты. Көбі вирустан сақтану үшін деп айтады. Бірақ дү­кендердің жұмыс уақытын қыс­қартқалы бері ішімдік алушылар сәл де болса азайды», – дейді есімін жарияламауды өтінген «Ақ-Тілек» дүкенінің иесі. Сонда шынымен ішімдік ви­рустың алдын ала ма? Ал дәрі­герлер мұның жаңсақ пікір екенін айтады. Коронавирус иммунитеті төмен адамдарға тез жұғады, ішімдік сәйкесінше адам иммунитетін төмендетеді. Сол себепті індет жайлаған уа­қытта арақтан келер пайда жоғы анық.  

Ішімдік ежелден жау

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бо­йын­ша, жыл сайын алкоголь кесі­рінен әлемде 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адам­дар. Тиісінше елдегі жағдай да мәз емес. 2018 жылы 23 мың­нан астам қазақстандық ішімдіктен уланып, олардың 1 мыңға жуығы қайтыс болған. Ішімдіктің мөл­шері қандай болса да, аз не көп болсын, денсаулыққа зиян. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын тұтынады. Осыдан соң ішімдік қай кезде де адамзат баласы үшін зиян болғанын аңғаруға болады. – Ішімдік адам ағзасынан бұрын психика мен санаға қат­ты әсер етеді. Содан келіп қо­ғамда түрлі қылмыс пен түсініспеу­шілік болады. Спирттің зияны жайлы талай жарияланды, на­сихатталды, бірақ тыйыла салар адам аз. Соңғы кезде ішімдіктен уланғандар көбейді, жастар да жетерлік. Бұған ішімдік сапа­сына сенуге болмайтынын түсінеміз. Көп адам өзінің жү­рек ауруы мен қан қысымына экологиялық факторды кінәлап жатады. Бірақ ішімдікті есепке алып жатқан адам жоқ, – дейді эпидемиолог-дәрігер Алтын Тасбергенова.     ТҮЙІН:

Біз берідегі жайларды тілге тиек еттік. Арғысын айтар бол­сақ, ежелгі Рим заңында арақ-шарапты 30 жасқа тол­маған адамдарға ішуге тыйым салынған екен. Не себепті? Зияны мен одан келер қауіпті білгендіктен деп топ­шы­ласақ болады. Ертедегі аран – сол аран. Сондықтан төтенше жағдай кезінде дерттің алдын алу үшін ішімдіктің пайдасы жоқ еке­нін көпшілік назарға алса дейміз.

 

 width=    Мадияр ТӨЛЕУ